«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҒА ҰРПАҚТЫҢ АСҚАҚ РУХЫН ПАШ ЕТІП…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс орталығында Жеңіс күнін мерекелеуге тұрғындар көптеп жиналды. Бұл – бүгінгі ұрпақтың Отан үшін жанын беріп, қанын төккен ардагерлерге көрсеткен зор құрметтің белгісі.

Тоқтар ЗІКІРИН,

Арайлым СМАҒҰЛОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Қолдарына алқызыл гүлдерін ұстаған қала тұрғындары мен қонақтары Театр алаңына жиналып, бүгінде қатары сиреген, үйлерінен аса шыға қоймайтын соғыс ардагерлерін көріп, қуанышты лебіздерін білдірді.

– 9 мамыр – сұрапыл соғыста жанын қиған аға ұрпақтың асқақ рухын бүкіл әлемге паш еткен қастерлі мереке. Ұлы Отан соғысы жылдарында ерлікпен қаза тапқандардың есімдері біз үшін қадірлі. Өз өмірлерін Отан үшін, біздің азаматтығымыз үшін құрбан еткендердің алдында шексіз қарыздармыз. Біз үшін соғыс ардагерлері ерік-жігердің, Отанға деген сүйіспеншіліктің үлгісі болмақ. Сіздердің ұлы ерліктеріңіз бен еңбектеріңізге бас иеміз, – деді құттықтау сөзінде облыс әкімі Самат Ескендіров.

 

Ұлы Отан соғысы жылдары әрбір 4-ші қазақстандық майданға аттанды десек, біздің өңірімізден 74 мың азамат қолына қару ұстаған. Олардың 32 мыңнан астамы жат жерді жастанса, туған жерге оралғандардың бүгінде тек 407-сі қалыпты. Ай сайын қатары азайып жатқан соғыс ардагерлерінің атынан сөз алған Петр Гладков зұлмат соғыстың қайталанбасын тілеп, ұрпақтарының Қазақстанның мықты тірегі, қорғаны болатынына сенім білдіріп, Отанды шексіз сүюге шақырды. От пен оқтың ортасында жүріп, екі рет жараланған майдангердің әр сөзі жүректерді қозғады. Салтанатты жиынның құрметті қонақтары: ұшқыш-ғарышкер Александр Викторенко, Парламент Сенатының депутаты Анатолий Башмаков пен Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы Еркінбек Байболов, Петропавл жоғары Әскери институтының курсанты Талғат Секебаев ардагерлерге тағы бір мәрте зор алғыстарын жеткізді.

Осыдан кейін салтанатты митингіге жиналғандар соғыстан оралмаған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алып, “Мәңгілік алау” мемориалдық кешеніне гүл шоқтарын қойды. Көзі тірі ардагерлерге құрмет, елге оралмағандардың аруақтарына тағзым жасалғаннан кейін жиналған қауымның назарына мерекелік концерт ұсынылды. Әскери-патриоттық әндер шырқалып, өңір әскерилері жауынгер ботқасын әзірледі.

Құбылып тұрған ауа райының бұл күні түске таман жадырап сала бергенін Ұлы Жеңіс салтанатына қатысушыларға жасалған Тәңірдің сыйы десе болғандай. Қаланың солтүстік беткейінде орналасқан Есілдің оң жағалауындағы Жеңіс саябағының қақ ортасындағы Жеңіс стеласының жанындағы мерекелік шараны тамашалауға қала тұрғындары көп жиналды. Құрметті әскери қарауыл қойылған осы салтанатты алаңда кеуделері жарқыраған ордендер мен медальдарға толы, бастарын ақ қырау шалған Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлері көзге ерекше түседі. Сондай-ақ сол аға ұрпақтың әперген қымбат жеңісінің арқасында бүгінгі бейбіт өмірдің шуақты күндерінде жасампаздықпен еңбек етіп жатқан тәуелсіз Қазақстанның қазіргі ұл-қыздарының жүздерінен шаттық лебі еседі.

Облыс әкімі Самат Ескендіров өңірдегі мерекелік салтанатқа арнайы келген Сенат депутаты Анатолий Башмаков және Кеңес Одағының Батыры, жерлес ғарышкер Александр Викторенкомен бірге Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етіп, Жеңіс стеласына гүл шоғын қойды. Одан кейін соғыс және тыл ардагерлері, облыс және қала әкімдіктері мен мәслихаттары, “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалының басшылары, өңірдегі әскери, қорғаныс және ішкі істер бөлімдері өкілдері леклегімен гүл шоқтарын қою рәсімін жасады. Мерекелік салтанатқа жиналғандар Ұлы Отан соғысында құрбан болған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Одан кейін Жеңіс стеласына гүл қою рәсімі тағы жалғасып, қаладағы еңбек ұжымдары, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер, жастар, студенттер және мектеп оқушылары Жеңіс жолында құрбан болған жауынгерлерге тағзым етті. Салтанат соңында соғыс және еңбек ардагерлерінің барлығы осы саябақта дастарқан жайған жауынгерлік дала асханасынан солдат ботқасынан дәм татты.

Осы күні облыс әкімі Самат Ескендіров Александр Викторенкомен, Анатолий Башмаковпен бірге қалалық Мәдениет және демалыс саябағындағы “Даңқ” стеласына және жерлес ұшқыш-ғарышкер Владимир Шаталовтың мүсініне гүл шоқтарын қойды.

Бұл кезде бүкіл қаланы қамтыған мерекелік шаралар қаланың басқа аудандарында да қызу өтіп жатты. Мысалы, қала бойынша автокавалькада өтіп, орталық алаңда Петропавл жоғары Әскери институтының оркестрі марштық шерумен өтіп, орталық сахнада облыстық эстрадалық-симфониялық оркестрдің қатысуымен үлкен концерт берілді. “Халық банкі” облыстық филиалы соғыс ардагерлеріне құттықтау сыйлығын жасады. Салтанатты шараға белсене қатысқан облыстық тарихи-өлкетану мұражайы көшеде балалардың соғыс тақырыбына салған суреттері көрмесін және “Соғыс жылдарында” тақырыбындағы фотостенд ұйымдастырып, оларды тамашалаған жұртшылықтың алғысын алды. Ал орталық қалалық бақтың алдында балалардың мерекелік бағдарламасы ұсынылды. Онда, әсіресе, “Бета-Транс” тобының бүлдіршін өнерпаздары көрермендердің көңілінен шықты.

Қазақстан Конституциясы көшесі бойында аға буынға да, балаларға да арналған осы мерекелік шараларды тамашалағаннан кейін облыс әкімі Самат Ескендіров қос соғыс ардагері: Қабдөш Қалиев пен Валентина Волкодавтың үйлеріне арнайы барып, Жеңіс күнімен құттықтады.

 Өзін құттықтауға келген облыс әкімімен болған ашық-жарқын әңгіме барысында Қабдөш Қалиев Батыс Украинаны азат етуге қатысқандығы жайында баяндады. Ондағы көрсеткен ерлігі үшін солтүстікқазақстандық жауынгер “Отан соғысы”орденімен және “Ерлігі үшін” медалімен марапатталады. Самат Сапарбекұлы елге оралысымен бар ғұмырын білім саласының өркендеуіне арнаған Қабдөш Қалиұлының Петропавл педагогикалық институтында көп жылдар еңбек еткенінен хабардар екенін және өскелең ұрпаққа оның соғыстағы ерліктері мен бейбіт күндегі адал еңбегі үлгі болатындығын жеткізді. Өз кезегінде Қабдөш Қалиев облыс әкіміне сиясы кеппеген “Қазақ мемлекеттігінің тарихынан. Тәуелсіз Қазақстан Республикасының құрылуы” деп аталатын кітабын сыйға тартты. Ал соғыс және еңбек ардагері Валентина Волкодав соғыс басталған шақта 19 жастағы бойжеткен екен. Көпір салатын механикаландырылған отрядқа алынып, майдан даласында біздің жауынгерлерімізге жол салған. Валентина Архиповна Жеңіс күнін Берлинде қарсы алыпты. Алайда, оның майдан жолы 1945 жылдың 20 қазанында аяқталған. Ардагердің кеудесіндегі “Германияны жеңгені үшін”, “Варшаваны азат еткені үшін” және “Берлинді алғаны үшін” медальдары – оның сұрапыл соғыстағы адал еңбегінің дәлелі.  

Күні бойы осындай түрлі шаралар өтсе, кешқұрым Жеңіс саябағында “Біздің есімізде. Алғысымыз шексіз!” атты концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, қалалықтардың тағатсыздана тосқан мерекелік отшашуы Қызылжар аспанын нұрландырды.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp