«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢАРТЫЛМАЛЫ ҚУАТ КӨЗДЕРІ КӨРМЕСІ Германия елшісінің қатысуымен өтті

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының екінші қабатындағы фойеде “Жаңартылмалы қуат көздері. Германияда жасалған” тақырыбындағы технологиялық көрменің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы елшілік ісінің уақытша сенім артқан өкілі Михаэля Банцхафа, Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Бақытжан Жақсалиев және облыстың мемлекеттік мекемелерінің, білім беру ұйымдарының, шаруашылық жүргізуші субъектілерінің өкілдері қатысты.
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.

Көрмені облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов ашып, өңірімізде баламалы қуат көздерін пайдаланудың алғашқы қадамдары жасалып жатқанына тоқталды. Қазір облыс аумағында қуаты 2,5 мВт Сергеев гидроэлектростанциясы, “Қазақтелеком” АҚ-ның Ақжар және Уәлиханов аудандарындағы өндірістік нысандарын электр қуатымен жабдықтайтын жиынтық қуаты 9,4 кВт құрайтын үш жел-күн қуат кешендері қондырғыларының жұмыс істейтінін, сондай-ақ өткен жылдың соңында Қызылжар ауданындағы Новоникольское ауылында тұрғындарды, әлеуметтік және шаруашылық нысандарды электр қуатымен қамтамасыз ететін қуаты 1,5 мВт екі жел қондырғысы іске қосылғанын айтты. Бүгінде 20 мыңнан астам неміс ұлты өкілдері тұрып жатқан өңіріміздің “жасыл” экономикаға көшу жолындағы жаңа технологиялық жетістіктерін одан әрі дамыту ұмтылысын қолдап, көрме ұйымдастырған Германия елшілігіне алғысын білдірді.


Михаэля Банцхафа әлемнің барлық дамыған елдерінің баламалы энергетикалық технологияларға айрықша көңіл бөліп, оған инвестициялар салуды арттырып отырғанын, 2050 жылға таман оларды қолдану барлық тұтынылатын қуаттың 50 пайызына дейін өтеуге мүмкіндік беретінін айтты. Оның пайымдауынша, Қазақстанда “Жасыл” экономикаға көшуде нақтылы қадамдар жасалуда. Халықаралық “ЭКСПО – 2017” көрмесінің Астана қаласында өткелі отырғаны соның айғағы деп біледі. Қазақ жерінің қуат шикізаттарына байлығын сөз ете отырып, мұнда жел, күн, су және биоотын сияқты жаңартылмалы қуат көздерін пайдалану мүмкіндіктерінің де зор екенін тілге тиек етті. Елші көрменің ашылу салтанатына қатысушылардың зор белсенділік танытқандары үшін алғысын білдірді.
Салтанатты жиынға қатысқан Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Бақытжан Жақсалиев баламалы қуат көздерін пайдаланудың маңыздылығына тоқталды. Бұл орайда бірқатар жаңа технологияларға негізделген бағдарламалардың іске қосылғалы отырғанын айтты.
Одан кейін көрмеге келушілер Германияның DENA энергетикалық агенттігі дайындаған “Болашақтың қуаты – жаңартылмалы қуат көздері” бейнефильмін тамашалады және баламалы қуат көздерінің барлық түрін қамтитын көрме материалдарымен танысты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp