Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер облыстық кітапханасында “От кешіп, ұлы Жеңіске жеткен” тақырыбында “дөңгелек үстел” өтті.
Фархат ТАСТАМБЕКОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Ең алдымен жиналғандар осы күнге жете алмаған майдангерлерінің аруағына тағзым ету үшін Мәңгілік алауға аза гүлін қойды. Бір минут үнсіздікпен еске алғаннан кейін олар акт залына оралды. Қайғылы соғыс жылдарынан сыр шертетін құнды кітаптарға толы көрме әзірленген.
Шамамен отыз шақты соғыс, ауған ардагерлері мен тыл еңбеккерлері жиналған “дөңгелек үстелді” облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов құттықтау сөзімен ашты. Содан кейін “дөңгелек үстелдің” модераторы Раиса Қасымова сұрақ-жауап түрінде жиынды жандандыра түсті. Модератордың сұрақтарына Мұқатай Айтбаев, Жасұлан Құдабаев, Сергей Пресняков сынды, тағы да басқа жеңіс жауынгерлері жауап берді. Жиынға келген тыл еңбеккерлері мен жастар да әңгімеге белсене араласып отырды.
Ардагерлердің өз аузынан сол бір жылдардағы ақиқатты естігеннен кейін “Болашақ” балабақшасының қызметкерлері дайындаған әдеби-әуенді композиция қойылды.
Отырыс аяқталған жиналғандар естелік суретке түсіп, кітапхана қызметкерлері дайындаған дастарқаннан дәм ауыз тиді.