Петропавлдағы Бірінші гимназияда өзге ұлт өкілдерін қазақ тіліне баулып жүрген Шәрбан Кәмалиеваның жалпы еңбек өтілі – 46 жыл. Соның 37 жылы – ұрпақ тәрбиесіне арналған. Ал аталмыш мектепте қызмет етіп келе жатқанына 24 жыл болыпты. Гимназияда жас мұғалімдер зертханасын құрып, былтырғы оқу жылына дейін қазақ тілі кафедрасын басқарған.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Бүгінде зейнеткерлікке шықса да, мектептен қол үзіп кетпей, жылдар бойғы жинақтаған тәжірибесін жас мамандармен бөлісуде. Шәрбан Молдажанқызы, әсіресе, ортаңғы буынға өткен балалармен жұмысты бәсеңсітіп алмауды ерекше назарда ұстау керектігін айтады.
– Бастауыштан жақсы оқып келе жатқан оқушылар ортаңғы буынға өткенде сабақ үлгерімдерін төмендетіп алады. Жаңадан көп пәндер қосылады. Балаға әке-шешенің де қарауы азаяды. Міне, осы кезеңде баланың психологиялық, физиологиялық дамуында да өзгерістер жүреді. Осы өтпелі кезеңде балаға ерекше бақылау қажет. Баланың сабағымен бірге тәртібі де төмендеп, теріс жолға түсіп кетуі де тап осы кезге келеді. Ортаңғы буындағы балалардың қазақ тіліне деген қызығушылығын қалай арттыруға болатыны жайлы жас мамандарға арналған семинарлар өткізіп, тәжірибе алмасуларын жиі жүргізіп тұрамыз. Онда қазақ тілінен көптен сабақ беріп келе жатқан тәжірибелі мұғалімдер балалармен жұмыс істеу әдіс-тәсілдерімен бөліседі. Жоғары оқу орындарынан теория жүзінде ғана қаруланып шыққан жас мамандар үшін бұл семинарлардың берері мол, – дейді тәжірибелі ұстаз.
Аққайың ауданындағы Баянды ауылының тумасы Шәрбан Молдажанқызы балалықтың бал шағы өткен туған ауылын да сағына еске алып өтті. 1959-1960 жылдары қазақ мектептері жабылып, олардың орнына орысшалары ашыла бастаған кезде Баяндыдағы білім ошағы да бастауыш мектеп болып қалады. Оны аяқтаған Шәрбан Кәмалиеваның бесінші сыныптан бастап орысша оқуына тура келеді.
– Отбасында сегіз бала едік, мен солардың үлкені болдым. Ол кезде елдің тұрмыс жағдайы да қиын кез болды ғой. Сондықтан орта мектепті бітірісімен бірден оқуға түспей, үйдегілерге қолғабысымды тигізейін деп жұмысқа араластым. 5 жылдай тігінші болдым. Әйел болған соң іс тігуде үйренгенімнің пайдасын осы күнге дейін көріп келемін. Петропавлдағы Ушинский атындағы институттың биология факультетін тамамдадым. Кейін қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығын меңгердім. “Салтанат”, “Чайка” балабақшаларында жұмыс істедім. Еңбек жолымда оқушыларымнан да, ата-аналарымнан да алған алғысым аз емес. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың атынан Алғыс хат алдым. Астананың 10 жылдығында медаль тақтым. Одан басқа да түрлі дәрежедегі марапаттар алып жүрмін. Елім еңбегімді бағалап, әлі күнге дейін қатардан қалдырмай келеді, – дейді ардагер ұстаз.
Шәрбан Молдажанқызы жұмысын гимназияның мақсатымен ұштастыра жүргізеді. Оқу үдерісінде оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, дидактикалық қағидаларға сай сабақтың әдіс-тәсілдерін таңдайды. Сабақ барысында әртүрлі деңгейде оқыту, модульдік технология, жазу және оқу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту әдістерін тиімді пайдалануға тырысады. Тәжірибелі педагог гимназияда қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша шығармашылық топтың құрамында заман талабына сай жұмыс істеп жүр.
Талмай еңбектенуінің нәтижесінде Шәрбан Кәмалиеваның есімі Бірінші гимназияның “Құрмет кітабына” енгізіліп, 2009 жылы қалалық білім бөлімінің, облыстық Білім басқармасының грамоталарының иегері болған. Сонымен қатар қалалық қазақ тілі мен әдебиеті пәндері мұғалімдерінің “Жүзден жүйрік” сайысында – ІІІ, “Қазақстандық отансүйгіштікті қалыптастыруда Қазақстан халықтары мәдениетінің өзара байланысы” коллоквиумында ІІ жүлделі орындарды иеленген. “Менің Отаным – Қазақстан” қалалық фестивалінде “Сахна шеберлігі” аталымы бойынша І орынды жеңіп алған.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.