«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ақын көктемнің бәйшешегі – ГҮЛБАХЫТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлда тұңғыш рет жалпы білім беретін оқу орындары оқушыларының арасында “Мағжан көктемі” республикалық байқауы өтті. Бұл байқауға кең-байтақ еліміздің түкпір-түкпірінен және Ресей Федерациясының Омбы облысынан елу шақты үміткер келді. Бас жүлдені жерлесіміз – Айыртау ауданындағы Бірлестік орта мектебінің оқушысы Гүлбахыт Кенжеболатова жеңіп алды. 

Фархат ТАСТАМБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Бәсекелі доданың прологы ретінде Мағжанның өміріне негізделген “Азаттық таңы” композициялық қойылымы көрсетілді. Авторы жас ақын – Аманжол Зағыпар, қоюшы режиссері – актер Нартай Сәрсебаев.  

Ұлттық рухты аспандатқан бұл қойылымнан кейін жүргізушілер Мағжанның немерелері Тасболат Бекенов пен Райхан Мұхамеджанқызына сөз кезегін берді. Райхан апай өзінің Мағжанның ұрпағы болғанына қуанатынын жеткізді. Ал Тасболат ақсақал болса, жас буынға тілектестігін білдірді.

 

Мағжан бабамыздың аруағына тағзым етуге келген жас буынды ардагер ұстаз Әлімжан Мәжитов пен облыстық Білім басқармасының басшысы Нұрболат Бикенов құттықтап, сәттілік тіледі. Аманжол Зағыпар ақынға арналған өлеңін оқыды. Ал Қайырлы Ғафуров Мағжанның сөзіне жазылған “Айда атыңды, Сәрсенбай!” әнін, Жанат Айтбаев “Ақ сұңқар” әнін домбырамен шырқап берді.

Тұңғыш рет өтіп отырған республикалық Мағжан оқуының шымылдығы ашылғаннан кейін сахнаға өнер жолындағы өрендер көтерілді. Жеңімпаздар үш аталым бойынша анықталды және бәйгеге бір бас жүлде тігілді.

“Өлең – менің Шолпаным, Айым, Күнім” аталымында бірінші орынды Жаңаөзен қаласынан келген Мұратбек Есетбаев жеңіп алды. Бұл аталымда Мағжанның өлеңдерін жатқа мәнерлеп оқу керек болатын. Қазылар алқасының шешімімен көркемсөз оқу шеберлерінің ішінен ұлы ақынның 120 өлеңі мен бір поэмасын жатқа білетін Мұратбек бірінші орынға лайық деп табылды.

Мүшәйра “Ақын да бір бала ғой Айға ұмтылған” деп аталды. Бұл сында ақтөбелік Ержан Байқараевқа ешкім тең келмеді.

Көркемсөз шеберлері мен жас ақындар жарысты аяқтаған соң “Толқынмен толқын сырласып…” атты үшінші бөлімге де кезек жетті. Бұл аталымда оқушылар Мағжан шығармашылығын белгілі бір бағытта зерттеу жобаларын таныстырды. Ұзаққа созылып, жиналғандарды жалықтырып алғанына қарамай, бұл байқаудың да өз жеңімпазы анықталды. Және ол жеңімпаз өзге емес, өзіміздің Петропавл қалалық классикалық гимназияның жас зердешілері – Диана Нұрсейітова мен Әлия Хамзина. Бұл дуэт Мағжан шығармашылығын феномен ретінде қарастырған. Соның нәтижесінде ұлы ақын өлеңдерінің жастарға керекті тетігі мен үлгісін жазып шыққан.

Енді “Мағжан көктемінің” басты бәйшешегіне келетін болсақ, жоғарыда атап өткеніміздей, бас жүлдені жерлесіміз Гүлбахыт Кенжеболатова иеленді. Бірлестік мектебінің 9-сынып оқушысы Мағжанның 224 өлеңі мен екі поэмасын жатқа біледі. Ол осының барлығын жаттау үшін бес жылын арнаған.

Кеше жас өрендер Мағжан бабаларының рухына тағзым ету үшін ақынның кіндік қаны тамған Сарытомар ауылына аттанды. Онда олар Мағжанның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, мұражайымен танысты. “Батыр Баян” көркем фильмін бірге тамашалады. Ауылдық Мәдениет үйінің ауласына көшеттер отырғызып, оған “Мағжан аллеясы” деген ат берді.

Күллі түркі дүниесінің мақтанышына айналған Мағжанның 120 жылдық мерейтойы осылай аталып өтіп жатыр.

Суретті түсірген автор.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp