Мамырдың 9-ы мен 12-сі күндері аралығында футболдан ҚР бірінші лига ойындарының 7-8 туры өтті. Жергілікті “Қызыл-Жар СК” ФК өз алаңында Теміртаудың “Болат-АМТ” құрамасын қабылдады.
Қос қарсылас бұған дейінгі соңғы кездесуде бірін-бірі жеңе алмай, ұпай бөлісіп, тең тарасқан еді.
Төреші ысқырысымен ала допты іліп әкетіп ұршықтай иірген жергілікті команданың шабуылдаушылары теміртаулықтардың қақпасына екі мәрте доп соқты. Голдардың авторлары – Александр Стахив (18 мин.) пен Юрий Дяк (41 мин.) Нәтижесінде өңірлік футбол клубы турнир кестесінің екінші сатысына көтерілді.
12 мамыр күні өз алаңында Астананың “Бәйтерегін” қабылдаған қызылжарлықтар ойынды 1:0 есебімен аяқтады. Ондағы жеңіс голын кездесудің 40-шы минутында қызылжарлық Олександр Згура соқты. “Қарасай” стадионындағы келесі ойын мамырдың 29-ында Екібастұз қаласының құрамасымен өтеді.
Облыстық Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы.