«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПЕТРОПАВЛ ТАРИХЫН ТҰҢҒЫШ ЗЕРТТЕГЕН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

1913 жылы қаламызда “Ақмола облысындағы Петропавл қаласының қысқаша тарихи очеркі” деген танымдық-тарихи еңбек басылып шығады. Оның авторы дәрігер, ХІХ ғасырдың соңында Петропавлға жер аударылған халық еркін жақтаушы Леонид Кузнецов екен. Ол туралы кейін өңірімізге белгілі өлкетанушы, тарихшы Михаил Бенюх “Петропавлдың тұңғыш тарихшысы” деп жазған.

 

Юлия ПИСКУНОВА,

кітапханашы-библиограф.

Туғанына биылғы жылдың 22 наурызында 150 жыл толған Леонид Кузнецов Курск губерниясының Белгород уезінде дүниеге келіпті. Оның өмірбаянындағы Петропавлда болуының үлкен тарихи мәні және өзіндік сыры бар.

Л. Кузнецов гимназияны аяқтаған соң Мәскеу императорлық университетінің медицина факультетіне оқуға түседі. Осында жиырма жасынан бастап “Халық еркі” ұйымына мүше болып кіреді.

Халық еркін жақтаушылардың қастандығынан 1881 жылғы 1 наурызда қаза тапқан екінші Александрдың орнына таққа отырған жаңа император үшінші Александр Успен соборында өткен тәж кию салтанатынан кейін Мәскеу университетіне келген кезде Леонид Андреевич осы қаладағы техника училищесінде білім алып жүрген өзінен екі жас кіші інісі Сергей Кузнецовпен бірге патшаға құрмет көрсетуден бас тартады. Оның інісі Мәскеуде жасырын баспахана ұйымдастырып, осында “Өлеңдер мен әндер” атты кітап, “Бүгінгі ұрпаққа арнау”, “Төңкеріс әуендері” сияқты үнқағаздар шығарады. Ағасы болса, “Дәрігерлер тобы” деген ұйыммен бірге, жанына інісін қосып алып, патшаға қарсы үгіт жұмыстарын жүргізеді, төңкеріс қамымен қаражат жинастырады.

 

Алайда, ұйым арасында алауыздық туып, бұлардың оймақсаттары әшкереленеді де, Леонид Кузнецов 1888 жылы бес жылға Ақмола қаласына жер аударылады. Мұнда келген саяси тұтқын дәрігерлік қызметпен айналысуға рұқсат алу үшін үш жыл әуре-сарсаңға түседі. Тек 1891 жылдың желтоқсанында ғана оны көшіп-қонушылардың лазареттерінде жұмыс істеу үшін Омбы қаласына жібереді.

Бұл өте қиын кез болатын. Өйткені, көшіп-қонушылардың арасында бөртпе сүзек ауруы тарап кетеді. Ауруларды емдеуге жанын сала берілген дәрігердің өзі бөртпе сүзекті жұқтырып, дес бергенде көп ұзамай жазылады да, 1892 жылы қазақ даласының оңтүстік аймағына жайылып кеткен тырысқақ ауруын ауыздықтау үшін жасақталған медицина керуенін бастап, Шу өзенінің алқабына жол тартады. Осында тарихы бай қазақ халқының өмір-тұрмысымен жақын танысады. Жол-жөнекей көрген-білгендерін қағазға түсіре отырып, кейін “Атбасар уезінің Бетпақдала шөліндегі “Таңбалы тас” құлпытасындағы жазбалар туралы” деген мақаласын жариялайды.

Ал 1896 жылдан бастап Л. Кузнецов Петропавл қаласына дәрігерлік қызметке жіберіледі. Келесі жылдың тамыз айынан Петропавл уезінің 3-ші учаскесіне дәрігер болып тағайындалады да, қазіргі “Казахстанская правда” (бұрынғы “Пошта” көшесі, 65) көшесіндегі үйде тұрады. Ол қызмет атқаратын учаске Тайынша және Полудин болыстарының сегіз елді мекені мен он бес ауылын қамтиды. Ол өзінің көмекшілерімен бірге аса қиын және жұмысқа қолайсыз жағдайларда тұрғындарды ауыр індеттерден емдеумен айналысады.

Оның інісі Сергей Кузнецов Сольвычегорск қаласына жер аударылады. Ағайындылар бір-бірімен хат арқылы ғана амандық білісіп тұрады.

Леонид Андреевич тілшілік қызметпен де айналысады. Бұған 1893-1897 жылдардың аралығында Омбыда саяси жер аударылғандар шығарып тұрған “Степной край” газеті негіз болады. Осы басылымның қосыны Петропавлда да орналасады. Ол мұнда өзі сынды саяси жер аударылған Дзюбинский дегенмен бірлесіп, Петропавлдағы білім беру, медицина жайында материалдарды жариялайды.

Оның біздің қаламыздағы өмір-тұрмысы жайында тарихшы В. Галиев және өлкетанушы С. Швецов назар аударуға тұрарлық деректер тауып, кейінгісі “Азап пен жер аудару” журналының 1928 жылғы 4-ші нөмірінде “Ақмола губерниясының Петропавлдағы мұражайының құрылуына саяси тұтқын Л. А. Кузнецов айтарлықтай еңбек сіңірді” деп жазыпты.

Біз осы мақаланың басында жазған “Ақмола облысындағы Петропавл қаласының қысқаша тарихи очеркі” еңбегі туралы “Приишимье” газетінің 1913 жылғы 2 қарашадағы 209-шы нөмірінде “Таяуда “Прогресс” баспаханасынан дәрігер Л. А. Кузнецовтың “Ақмола облысындағы Петропавл қаласының қысқаша тарихи очеркі” деген кітапшасы басылып шығады” деп хабарландыру берілген екен.

Бұл еңбекте Сібірдің ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы әкімшілік орналасуына негізделген тарихи деректер алға тартылып, Петр мен Павел бекінісінің пайда болуы жайында баяндалады.

Осы кітапша арқылы біз 1804 жылы Петропавлда қалалық ратуша ашылғанын, әулие Петр бекінісінің алғашқы басшысы болып жылына 300 сом жалақымен майор Левашов тағайындалғанын білеміз. Л. Кузнецов қалада орын алған су тасқындарын, үлкен өрттерді, шіркеудің, мектептердің бой көтеруі туралы деректерді жазады.

“Ақмола облысының Петропавл қаласында 1913 жылдан бастап күн сайынғы саяси-экономикалық, қоғамдық-әдеби, прогрессшіл “Приишимье” газеті шығарылып келеді. Газет Сібірдің, Дала өлкесінің және Петропавлға таяу Ишим және Тобыл аудандарының тұрмысын бейнелейді” деген дерек қалдырған.

Петропавл тарихын жазған кейінгі зерттеушілерге көптеген құнды деректер қалдырған Л. Кузнецов өмірінің соңына дейін Закавказьедегі Гянджа қаласында тұрмыс кешкен.

 

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp