«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕХНИКАНЫҢ “ЖҮРЕГІН” ДҮҢКІЛДЕТЕР ДҮКЕН БҰЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Көліктің түр-түрі көбейген сайын оның қосалқы бөлшектерін сатумен айналысатындар да азаймайды. Бүгінде ауыл шаруашылығы техникаларынан бастап, мотоциклдердің от алуына қажетті аккумуляторларға сұраныс үлкен болғандықтан, қаламызда онымен сауда жасайтын бірнеше орталық болса, солардың бірі – “Аккумуляторлар әлемі” ЖШС-нің осы аттас дүкені. Бұл астаналық серіктестіктің өңір нарығында жұмыс атқарып жатқанына биыл жетінші жыл. Сауда орталығы директорының орынбасары Талғат Ахметов өздерін сауданың бұл түрімен айналысатын әріптестерінің алды екендігін айтады.

– Бәсекелестік кәсіпкердің жұмысына серпін береді. Тауардың қандай түрлері және қаншасы сатылуға тиіс екенін алдын ала жоспарлап, жұмысты сол бағытта ұйымдастыра білу керек. Әр кәсіпкердің өз құпиясы мен ұстанымы болады. Бұл өңірде бізге бәсекелестік тудыратын екі фирма бар. Бірақ олар белгілі бір өндірістің өніміне дистрибьютор болғандықтан, тауарларының түрлері шектеулі. Ал біздегі сауда түрлі маркалы өнімдерді ұсынуға негізделген. Бүгінде көліктің түрлері көп, ал оларды тиісті аккумулятормен қамтамасыз ету – біздің міндетіміз. Біздің талап – тұтынушыға жоғары деңгейде қызмет көрсету. Ол үшін әр таңды нарық сұранысына бейімдеп атыруымыз керек. Сондықтан тауарлардың түр-түрі жиі жаңартылып отырылады. Сондай-ақ қызметкерлеріміз кез келген тұтынушыға жоғары сервистік қызмет көрсетуге дайын. Біздің сатушы-кеңесшілеріміздің сауда әдебін сақтауына, олардың әр тауардың қызметтері туралы жақсы хабардар болуына үлкен мән беріледі. Дүкеннің табалдырығын аттаған клиентке тауарды жарнамалау, таныстыру, ұсыну, өткізу, орап беру – олардың міндеті, – дейді Талғат Сайранбекұлы.

 

Дүкенге келіп, сауда жасайтындардың деңгейі әртүрлі. Біреулер тауардың құнына қараса, екіншісін тауардың жоғары сапасы қызықтырады. Ал енді біреулер сатушының өзін жақсы ұғып, сұранысын қанағаттандырғанына разы болып, сатып алып жатады.

“Аккумуляторлар әлемі” сауда орталығы күніне 20-дан 100-ге дейін тауар сатады екен. Олардың тауар айналымы жыл маусымына қарай өзгеріп тұрады. Мәселен, көктемде ауыл шаруашылығы секторлары көп сауда жасаса, ал әуесқой көлік жүргізушілер күзде көліктерін жақсы аккумулятормен жабдықтайды.

Қазақстан үшін машина жасау өндірісі – жаңа дамып келе жатқан сала. Сол сияқты елімізде “темір тұлпарларға” аккумулятор батареяларын жасайтын ірі өндіріс орны Талдықорған қаласында ғана бар. Онда стартерлік шағын аккумулятор батареяларын өндіретін “ZHERSU POWER” мен “Қайнар АКБ” зауыттары орналасқан. Алайда, өңірдің автопаркі шетелдік көліктерге толы болғандықтан, олардың сұранысын қанағаттандыру үшін саудагер-кәсіпкерлер шетелдік өндірушілердің өнімімен де сөрелерін толтырып қойған. Аталмыш дүкеннің тауарларының басым бөлігі – шетелдік брендтік өнімдер. Олар шетелдік фирмалармен, дәлірек айтсақ, Ресейдің, Беларусьтің, Германияның тауар өндірушілерімен жақсы қарым-қатынас орнатыпты. Ал Ресейдің “Түмен аккумулятор батареялары” зауытымен дистрибьюторлық келісім жасалған.

– Отандық тауар арзан, шетелден алдырылатын тауарлардың бағасы жоғары. Бірақ олардың әрқайсысының өз тұтынушысы бар. Отандық аккумуляторларды мемлекеттік қызметшілер жиі сатып алады. Өйткені, оларға отандық өндірушілердің өнімдерін қолдау міндеттелген. Сондықтан бұл топ – біздің тұрақты клиенттеріміз. Қаланың ірі кәсіпорындары да отандық өнімдерге көп иек артады. Ал шетелде жасалған тауарларды көбіне жеке тұлғалар пайдаланады. Ассортиментте 30-ға жуық аккумулятор батареялары ұсынылады. Біз барлық тауарларға біржылдық кепілдік сертификатын береміз. Сондай-ақ біздің кәсіпорын өндіруші зауыттар үшін ескі батареяларды сатып алады, – деп кәсіпкер тұтынушылар қатарын пысықтап өтті.

Дүкеннің орамында сервистік қызмет көрсету мен автоэлектрик жұмыс істейді. Жалпы серіктестікте 12 адам еңбек етеді. Алайда, Талғат Ахметов еңбеккерлердің, әсіресе, техникалық қызмет көрсете алатын жұмыс күшінің жетіспейтінін айтады. Ол сауда орталығы жанынан құрылған техникалық жөндеу нысанын кеңейтуге сұраныс болғанымен, онда жұмыс істей алатын мамандар жоқ, ал жастардың мұндай жұмыстарға аса құлқы соқпайды, дейді. Серіктестікте жұмыс істейтін еңбеккерлердің табысы жаман емес. Олар белгіленген жалақыларына қосымша сатушылар өткізген тауарларына бонус алады, ал техникалық қызмет көрсетушілер жөндеу жұмыстары үшін алған төлемдерінен пайыз иеленеді.

Саудагерлік маркетингтің басты көрсеткіші – тұтынушы. Сондықтан мұнда тұрақты тұтынушылар мен басқалар үшін бағаны төмендету шаралары жиі өткізіледі. Әсіресе, агроқұрылымдардың жазғы егістікке дайындалып жатқан кезінде ұйымдастырылса, бұл ондай тұтынушыларға үлкен жеңілдік береді. Сауда орталығының қызметкерлері сатып алынған тауарларды тиісті орнына жеткізіп беріп қана қоймай, сондай-ақ тұтынушыға оның қолданысын түсіндіріп береді. Серіктестік өңіріміздегі “Зенченко және К”, “Нежинка-Ерке”, “Тұқым” сияқты көптеген ірі шаруашылықтармен жұмыс істейді.

– Бізге әр тұтынушы қадірлі. Олардың кез келген тапсырысы орындалуға тиіс. Біз өз жұмысымызды ұйымдастыра білеміз. Уақыт өзгерген сайын тауарлар да түрлене түсуде. Сондықтан заман ағымына ілесіп отыруымыз керек. Тұтынушыларымызға өз қызметімізді сапалы да абыройлы көрсетуге дайынбыз. Шетелдермен саудасаттық жасау арқылы олардың озық технологияларын еліміздің экономикасын көтеруге, кәсіпкерлер мен жеке тұлғалардың тыныс-тіршілігін жеңілдетуге қолғабыс жасау міндетіміз деп білемін, – деді ол сөз соңында.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp