«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЭЛЕКТРОНДЫ САДАҚА БЕРУ ЖҮЙЕСІ енгізілуі әбден мүмкін

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Қазмедиа орталығы” ғимаратында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев брифинг өткізді. Қазақстандағы діни ахуалға арналған брифингке ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф қатысты.

Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Ол Дін істері агенттігі құрылғаннан бергі 2 жыл ішінде атқарған жұмысын баяндады. Өткен жылдың 25 қазанында аяқталған қайта тіркеуден кейін еліміздегі діни бірлестіктердің саны 3088-ге дейін азайғанын айтқан агенттік төрағасы бұрын тіркелген, бірақ іс жүзінде жұмыс істемей келген діни бірлестіктердің 1/3 жуығы қысқарғандығын жеткізді. Сондай-ақ діни оқу орындары да қысқарып отыр. Бұрынғы 28 мекеменің 13-і ғана қайта тіркеуден өткен.
Сарапшылардың жұмыстарының негізінде діни бірлестіктердің жаңа жіктелімі ұсынылғанын мәлім еткен агенттік басшысының айтуынша, еліміздегі конфессиялар мен деноминациялардың саны – 17. Бұл мәлімет діни бірлестіктердің жіктелімін нақтылаудың нәтижесінде анықталған.
Қазіргі таңда Қазақстанда 3244 діни нысан жұмыс істейді. Елімізде 507 намазхана жұмыс істеуде және рәсімделуде. Бұған қоса әкімдіктер республика бойынша діни әдебиеттер мен діни мазмұндағы басқа да ақпараттық материалдар, діни мақсаттағы бұйымдар сататын 212 кітап дүкенін анықтаған. Брифинг барысында Қайрат Лама Шариф “Нұр Отан” ХДП-ның бастамасымен өтіп жатқан “Өзіңнен баста!” акциясына орай өзінің жеке табысын, қандай мүлкі бар екендігін айтып берді. Бұдан кейін БАҚ өкілдері өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Солардың бірі садақадан түсетін қаржыны мақсатты жұмсау мәселесі жөнінде болды. Осы орайда Қайрат Лама Шариф Түркияның тәжірибесіне сүйеніп, алдағы уақытта электронды садақа беру жүйесі енгізілуі мүмкін екендігін жеткізді. Бұл қарапайым халықтан түскен қаржыны еліміздегі ислам дінін дамытуға тиімді жұмсауға әрі сұғанақ қолдардан сақтауға септігін тигізбек.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp