«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚША БІЛГІСІ КЕЛЕТІНДЕР бұйрықсыз-ақ үйреніп жүр

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мақсатында түрлі шаралар қолға алынды. Солардың бірі – әр өңірде мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының құрылуы. Олар жүктелген міндетті қалай орындап жатыр деген оймен облыстық мемлекеттік тілді оқыту орталығының директоры Жанат Мұхамеджановпен кездескен едік. 

– Алдымен облыстық мемлекеттік тілді оқыту орталығының бүгінгі жағдайына тоқталып өтсеңіз…

– Мемлекеттік тілді оқыту орталығы 2000 жылы ашылған болатын. Бүгінгі күні орталықтың Петропавл қаласында – 70, аудандарда 54 тобы бар. Осы 124 топтың үшеуі – ағылшын тілі, біреуі – орыс тілі тобы. Бұл “Тілдердің үштұғырлылығы” бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған. Облыс бойынша мемлекеттік тілді оқыту орталығында 76 мұғалім жұмыс істейді.

– Өткен 13 жылдың ішінде мемлекеттік тілді оқытуда қандай ілгерілеушілік болды?

 

– Иә, өзгерістер орын алды. Бұрын мемлекеттік тілді оқыту орталығы тыңдаушыларына сертификатты өздері тапсыратын. Қазіргі таңда сертификат “ҚАЗТЕСТ” тапсырғаннан кейін ғана беріледі. Сондай-ақ 2009 жылы мемлекеттік тілді меңгерудің халықаралық стандарты енгізілді. Оған сәйкестендіріліп типтік бағдарлама да жасалды.

– Сонда 2000 жылдан бері мемлекеттік тіл бағдарламасыз оқытылған ба?

– Бұрын мемлекеттік тілді оқыту орталығының мұғалімдері өз әдістері бойынша жұмыс істеген. Жүйе жоқ. Ал 2009 жылы типтік бағдарлама қабылданып, бұл жұмыс жүйелендірілді. Алайда, типтік бағдарламада облыстардың этностық ерекшеліктері ескерілмеген. Мысалы, Солтүстік Қазақстан мен Қызылорда облыстарын салыстыруға болмайды ғой. Осы орайда біз бағдарламаны өңірімізге лайықтадық.

– Аталмыш бағдарлама халықаралық стандарттарға сай дедіңіз. Оның қандай ерекшелігі бар?

– Тіл білу бес деңгейге бөлінген.

– Бес деңгейді толық меңгеріп шығу үшін қанша уақыт қажет?

– Бір деңгейдің оқытылу мерзімі – 8 ай. Ал бес деңгейді толық оқып шығу үшін мемлекеттік қызметшіге 5 жыл уақыт керек.

– Бес жыл оқитындар бар ма?

– Мемлекеттік тілді үйренуге немқұрайдылық танытқандар 6-7 жылдан бері оқып жүр. Себебі, адам ниет қоймаса, ол тілді үйрене алмайды. Мемлекеттік органдарда қазақ тілін үйрену керек деген бұйрық шығарды. Яғни, мемлекеттік қызметші қазақ тілі сабағына баруға міндетті. Мемлекеттік қызметші сабаққа келгенімен, ойы басқада болады. Ол кісіде тіл үйренсем екен деген ынта да, құлық та болмайды. Әйтеуір, келді деген белгі қойылса болды.

– Мемлекеттік қызметші сабаққа келмесе, қандай шара қолданасыздар?

– Ешқандай. “Өгіз өлмесін, арба сынбасын” деген жағдайды бастан кешіріп отырмыз. Әр басқарма, департамент басшылары өз қызметкерлерінің мемлекеттік тілді меңгеруіне баса көңіл бөлулері қажет. Және өз мамандарына осындай қатаң талап қоятын басшылар да бар.

– Ешқандай бұйрықсыз, өздері келіп қазақ тілін үйреніп жүргендер бар ма?

– Бар. Ондай үш топ құрылған. Олар өз еріктерімен келіп, мемлекеттік тілді үйреніп жүр. Мұндай тыңдаушылармен жұмыс істеу оңай. Оқытушылар өз еркімен оқып жүргендерге үй тапсырмасын берсе, олар оны толық орындайды. Ал мемлекеттік қызметшілерге тапсырма берілгенімен, оны бәрі бірдей орындамайды. Тіл үйренушілердің айтуынша, адамға ойын жеткізуге 300-400 сөз жетеді екен. Бұған сүйенсек, біздің мемлекеттік қызметшілер күніне тым болмаса бір сөз үйренсе, қазақ тілінде өз ойларын жеткізе алатын деңгейге жетер еді.

– Қазақ тілін білетін мемлекеттік қызметшілер сабақтан босатыла ма?

– Иә, босатылады. Бірақ оқу жылының соңында олар “ҚАЗТЕСТ” тапсырулары тиіс. Өткен жылы қазақ тілін білемін дегендердің 30 пайызы тестілеуден өте алмай қалды.

– Мемлекеттік тілді меңгеріп, “ҚАЗТЕСТ”-ті тапсырғандар жұмыс барысында қазақ тілін қолдана алады деп ойлайсыз ба?

– Былтыр 230-ға жуық тыңдаушы қазақ тілін меңгерді деген сертификат алды. Олардың өз жұмыстарында мемлекеттік тілді қолдана алатындығына сенімдімін.

– Қарапайым деңгейді аяқтағаннан кейін тыңдаушының базалық деңгейге бармауға құқы бар ма?

– Жоқ. Ол екінші деңгейді оқуы қажет. Ал үшінші деңгейге өзіміз жібермейміз.

– Неге?

– Үшінші деңгейдің тест сұрақтары күрделі. Қазақ мектебін бітіргендердің өзі бұл тесттерді тапсырғанда қиналады.

– Сонда қандай сұрақтар қойылуы мүмкін?

– Мәселен, “Бүгін кешке жеңгей екеуіңіз біздің үйге қонаққа келіңіз” деген аудиосөйлемді тыңдаған мемлекеттік қызметшіге: “Ол кешке қонаққа кіммен барады?” деген сұрақ қойылады. 5 жауап беріледі: Баласымен, қызымен, құрбысымен, әйелімен, досымен.

– Әйелімен.

– Иә, ал тыңдаушылар көрсетілген жауап нұсқаларының ішінен “жеңгей” деген сөзді іздеп, бастары қатады. Бұл сұрақтар тілді білу деңгейін тексереді. “ҚАЗТЕСТ”-те жұрнақ, жалғау, шылау туралы сұрақтар мүлдем жоқ.

– Қоғамда мемлекеттік тілді оқыту орталығында қазақ тілі сапасыз үйретіледі деген пікір қалыптасқан. Бұған не себеп?

– Білікті мұғалім бар кезде білім сапасы да жоғары. Менің бұл қызметте отырғаныма үшінші жыл. Мен бірден кадр мәселесіне назар аудардым. Өткен жылдан бері оқытушылардың рейтингісі енгізілді. Биылғы жылдан бастап орталыққа оқытушыны қазақ тілін білу білімін тексеріп алатын болдық. Қолында жоғары білімі туралы дипломы болсадағы, ол міндетті түрде “ҚАЗТЕСТ”-тен өтеді. Екіншіден, панорамалық сабақ көрсетеді. Сондай-ақ оқытушыларымыз сабағын өткізердің алдында оның тақырыбын әдіскерлерге тіркетіп алады. Өткізетін сабағының тақырыбын тіркетпесе, оқытушы ол күні сабақ бермеген болып табылады. Осы арқылы оқытушыларымыздың әр сабағын типтік бағдарламаға сай ойластырып, сапалы өткізуіне мән берудеміз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Арайлым СМАҒҰЛОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp