Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Өңірімізде көктемгі егіс жұмыстары басталды. Биылғы жылы 4338,3 мың гектар алқапта дәнді дақылдар өсіруді көздеп отырған облыс егіншілері алғашқы маңызды агротехникалық шара – топырақта ылғал жабу жұмыстарын ұйымшылдықпен атқаруда. Мамыр айының бел ортасы болып қалғанымен, биылғы көктем жылы шырай танытуға асығар емес. Жылда осы кезде жаппай басталып кететін тұқым себу биыл сәл кешеуілдеді. Биыл топырақтағы ылғал қоры аз емес, күнара өткен жаңбыр оны одан әрі толықтыра түсуде.
Бүгінде облыстың егіс танаптарында 2900-ге жуық жер өңдеу агрегаттары жұмыс істеуде, олардың 1664-і – “ЗИГ-ЗАГ” тырмалары, сол сияқты 995 кең алымды гидравликалық табақшалы лущильник-тырма және осызаманғы жоғары өнімді 229 “Дегельман”, “Самарс” маркалы тырмалар іске қосылған. Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының жедел деректері бойынша кешегі күнге дейін өңір механизаторлары 3943,1 мың гектар алқапта бірінші ізде ылғал жауып, тапсырманы 90,9 пайызға орындады. Осы маңызды іске белсене кіріскен Айыртау, Тайынша және Тимирязев аудандары оны толық аяқтап, екінші іздегі өңдеу жұмыстарын жүргізуде. Сол сияқты Мамлют, Мағжан Жұмабаев, Аққайың, Есіл, Қызылжар аудандарының да қарқыны жақсы. Әзірге көш соңында қалып отырған Жамбыл, Шал ақын және Ақжар аудандары егістік алқаптардың төрттен үшіне ғана ылғал жауыпты.
Облыстың далалық өңірлеріндегі егіс танаптарында соңғы екі күннен бері ырыс дәнін себу жұмыстары басталды. Атап айтқанда, кешегі күнге дейін 3 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар және 8 мың гектарға майлы дақылдар тұқымы сіңірілді.