Қайырбек КЕМЕҢГЕР,
филология ғылымының кандидаты, доцент,
Түркі академиясы Ғылым бөлімінің меңгерушісі.
Алаш қозғалысының жарқын тұлғалары Мағжан Жұмабаев пен Қошке Кемеңгерұлының қилы тағдырлары қаншалықты ұқсас болса, шығармаларында айтылар негізгі ой соншалықты сарындас, идеялас. Аталған екі қайраткер уақыт пен кеңістік жағынан алғанда бір кезеңде өмір сүріп, бір дәуірде еңбектерін жазды, ортақ қоғамдық-саяси іс-шараларға қатысты.
Мағжан Қошкеден үш жас үлкен. Ол туған Сарытомар ауылынан Қошке дүниеге келген Ырғызбай жайлауы (қазір Омбы жері) небәрі жүз шақырымдай қашықтықта жатыр. Батыс Сібір аймағының бір шетінде, ақ қайыңды, көлдері мол жазық далада екеуінің балалық шақтары ұқсас жағдайда өткен. Мағжанның атасы Жұмабай қажыға барып келген тақуа адам болса, Қошкенің әкесі Дүйсебай да – ХІХ ғасырдың соңында қажылық парызын өтеген діндар, көзі ашық кісі. Мағжан мен Қошке кеңестік дәуірде екі мәрте тұтқындалып, абақты мен айдаудың қасіретін бастарынан толық кешіп, ақыры бірі 1937 жылдың қарашасында – Омбыда, екіншісі 1938 жылдың наурызында Алматыда оққа ұшты.
ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамы оқуға, әсіресе, орыстың білімі мен өнеріне ерекше ден қойды. Көзі ашық Бекен болыс пен Дүйсебай қажы өз балаларына сауатты білім беруге тырысты. Ауылдағы Ахметдин молдадан сауатын ашқан Мағжан кейін Қызылжардағы Мұхамеджан Бегішевтің медресесінде оқиды. 1908 жылы Қызылжар қаласында Алаш қайраткері М.Дулатұлымен танысып, оның алдынан дәріс алады. Міржақыптан ақындық тәлім-тәрбие көріп, қоғамдық-саяси көзқарасын қалыптастырады.
Қ.Кемеңгерұлы да Мағжанның жолымен әуелі ауылдағы Белгібай молдадан сауатын ашып, кейін Омбы қаласында Приход мектебін бітіреді. Жас Қошкенің азаматтық көзқарасын қалыптастырған, оған ұлт мәселесіне қатысты оң тәрбие көрсеткен адам – өзінің туған жездесі, Алаштың көрнекті қайраткері Отыншы Әлжанұлы (1873-1918). Отыншы мен Міржақып – Әлихан бастаған Алаш қозғалысының аға буын өкілдері. Олардың қоғамдық-саяси істері, жазған еңбектері, өмірлік ұстанымдары Мағжан, Қошке сынды кейінгі буын Алаш қайраткерлеріне үлкен ықпал етті.
1918 жылы О.Әлжанұлы қызылдардың қолынан мерт болғанда Қ.Кемеңгеров былай деп жазды: “Ел-жұртыңды, туысқандарыңды тастап, мәңгі сапарға жөнелдің. Жаңа гүлденіп келе жатқан Алаштың көшбасшы азаматтарға өте мұқтаж уақытында қанішер, жендет большевиктердің қолынан мезгілсіз қаза таптың. Ертеден ел қамын ойлап, Алаш тілегін қолыңа шырақ қылып ұстап едің, сол шырақтан өміріңнің ақтық сағатына шейін айрылмадың. Білім дариясына сусындауыма, саяси көзімнің ашылуына себепкер болып, ұлтшылдықтың өріне сүйреп едің, алыста жатсаң да, ақыл сабағыңды хатпен беріп, ұстаз болып едің. Жұмсақ сөзді, мәлім жүзді, көркем мінезді қымбат жездем, дидарыңды көре алмадым-ау! Опасыз тағдыр, баянсыз дүние! Мейірімсіз өлім! Амал жоқ… Иманың жолдас болсын!”
(Кемеңгерұлы Қ. Үш томдық шығармалар жинағы. 1-т. – Алматы: Алаш, 2005. 192 б.).
ХХ ғасырдың басында халықтың сана-сезімін оятқан үлкен күш – баспасөз болды. Ұлттық баспасөздің қанаттанып жатқан кезеңінде өмір сүрген Мағжан мен Қошке өздерінің азаматтық көзқарастарын күнделікті жарық көріп жатқан саяси-әлеуметтік мақалалар, хабарлар, азаттық рухтағы көркем шығармалар арқылы қалыптастырды. Мағжанның өлеңдері “Айқап” бетінде 1911 жылдан бастап жарық көрді. Ақынның осы басылымда жарияланған “Жатыр”, “Шын сорлы”, “Күз күні”, “Жазғытұры”, “Дала, қала”, “Бұлбұл”, т.б. өлеңдері оның атын аз уақытта жалпақ елге жайды. Қаламгер Қ.Кемеңгерұлы ақын Мағжанның есімін “Айқап” арқылы таныды деуге негіз бар. 1926 жылы Қ.Кемеңгерұлы: “…Мағжанның ақын болғандығы “Шолпандағы” “Бұлбұл” деген өлеңнен көрінген”, – деп жазады. Қ.Кемеңгерұлы да өзінің әдебиет саласындағы жолын поэзиядан бастаған. Ақынның алғашқы жазған көркем шығармалары: “Солған гүл”, “Бақ іздеген” секілді өлеңдері, Пушкиннен, Никитиннен аудармалары да “Айқап” бетінде 1915 жылы басылды. Екі ақын шығармаларында үндестікті, ортақ сарынды, табиғатты суреттеуде ұқсас көркем тәсілдерді байқауға болады.
Екі ақынның “Жазғытұры” деп аталатын өлеңдері бір журналда жарық көреді. Мағжанның туындысы 1913 жылы жарияланады да, ол кейін Қошке өлеңінің жазылуына себеп болғандай. Екі шығармада көркем табиғаттың бейнесі тамаша беріледі. Сонымен қатар, екі өлеңнің идеясында айырмашылық бар. Мағжан өз туындысында жыл мезгілінің көркем суретін бейнелеумен ғана шектелсе, Қошке шығармасының соңында:
Көгалда жазғытұрым сауулы
бие,
Сары қымыз сапырулы
тегенеде.
Ішкен ас, жеген тоқ болушы
едің,
Түсесің енді, жұртым, қандай
күйге?, –
деп тебіренеді. Он тоғыз жастағы Қошке жалғыз табиғат көрінісін ғана суреттемей, әлеумет мәселесіне де тоқталып, туған халқының тағдырына алаңдаушылық білдіреді.
М.Жұмабаев пен Қ.Кемеңгерұлы 1913 жылдың күзінде Омбы қаласында танысты. Бұл уақытта Мағжан Омбы мұғалімдер семинариясына оқуға түссе, Қошке Орта дәрежелі Омбы ауыл шаруашылығы училищесіне шәкірт ретінде қабылданады. Екі азамат осы уақытта мәдени-ағартушылық бағыттағы қазақ жастарының жасырын ұйымы “Бірлікке” мүше болады. “Бірлік” ұйымының мақсатында ауылдан келген қазақ шәкірттеріне жәрдем көрсету, ұлттық баспасөзді дамыту, көркем шығармаларды жазу, театрға арналған әдебиеттерді жариялау секілді мәдени шаралар болды. Сонымен қатар, ұйым жастары саяси-әлеуметтік істермен де айналысқаны туралы мәліметтер бар. “Бірлік” ұйымының қолжазба журналы “Балапанға” Қ.Кемеңгерұлы редакторлық етсе, ол басылым жайында Мағжан “Балапан қанат қақты” деп аталатын аллегориялық шығарма жазды.
Алаш қозғалысына екі қайраткер саналы түрде қатысты. Олар Алаш идеясына, Алаш көсемдерінің ұранына, жалпы Алаш қозғалысының қазақ ұлтына беретін жақсылығына имандай сенді. Аға буын Алаш арыстарының соңынан еріп, өздері де қазақ халқының азаттық жолындағы көрнекті қайраткерлеріне айналды. 1917 жылы Омбы мұғалімдер семинариясын бітіріп шыққан М.Жұмабаев саяси-әлеуметтік іс-шаралардың ортасына, қазандай қайнаған қоғам жұмысына, ұлт тағдырына қатысты өзекті мәселелерді шешетін жиындар мен съездердің ішіне кірісіп кетті. Осы жылы Омбы қаласында өткен Ақмола облысы қазақтарының съезіне қатысып, ол жерден Бүкіл-қазақ съезіне делегат болып сайланды. 1917 жылы желтоқсан айының 5-13 аралығында Орынбор қаласында өткен Екінші Жалпықазақ-қырғыз съезіне Мағжан мен Қошке де делегат болды. Бес миллион қазақтың тағдыр-талайын таразыға салып, қарастырған осынау аса маңызды тарихи жиын 82 делегаттың басын қосты. Олар елдің болашағын, жердің тағдырын саралады. Қиын-қыстау заманнан халықты аман алып өтуді ойластырды. Ат төбеліндей қазақ зиялыларының ішінде Мағжан мен Қошке де тарихи шешімдерді шығаруға атсалысты.
Азамат соғысы кезінде М.Жұмабаев пен Қ.Кемеңгерұлы негізінен Омбы қаласында болды. 1918 жылдың мамыр айында Омбы қаласында қазақ жастарының Бүкілелдік бірінші съезі ұйымдастырылды. Оны өткізуді “Бірлік” ұйымының жастары мойнына алды. Съезге қазақ даласының түкпір-түкпірінен делегаттар шақырылды. Олардың ішінде М.Әуезов сынды оқыған, көзі ашық азаматтар да болды. Жиынның ұйғаруы бойынша қазақ жастарының басын біріктіретін ортақ ұйым дүниеге келді. Оның атын делегаттар “Жас азамат” деп бекітіп, осы аттас газетті шығаруды қолға алды. Аталған газеттің редакторы ретінде Қ.Кемеңгерұлы сайланды.
Аталған газеттің бірінші санында М.Жұмабаевтың “Жастарға” атты өлеңі жарияланып, оның алдынан автор қазақ жастарына төмендегідей үндеу сөз тастайды: “…Жастар! Алда жүрген, алаш жолына аянбай қызмет қылған адал жүрек ағалардан үлгі-өнеге алыңдар. Елдіктен, ерліктен айрылып, екі жүз жылдай еңсесі түскен елді ойлаңдар. Күнді – түн, жақыныңды – жат, пайданы – зиян деп жүрген, толық саяси құқықтарын іздеп алуға ержетіп, есі кірген елді ойлаңдар”.
(Мағжан өмірі мен шығармашылығының елеулі кезеңдері. Дайындаған ф.ғ.к. З.Тайшыбай). Газеттің осы санында Қ.Кемеңгерұлы: “Түбінде қазақтан капиталистер шыққанда, фабрик-зауыт көбейгенде, тұрмыстың өзін де тап-тапқа бөлер, оған шейін социализм күйін күйлемей тұра тұрайық. Бұқарашыл орыс қиялиларының жеке-дара ұстаған жалпы бақыт-махаббатына көтермеші болмай, таза Жапонияның жолымен жүріп, бірлік-берекеден айрылмай, ұлтшылдықты сақтау керек. “Бүлінгеннен бүлдіргі алма” деген аталарымыздың алтын мақалын естерімізден шығармайық”, – деп туған халқына тоқтау айтады, азаматтық пікірін көсем сөз арқылы жеткізеді. Қайраткер бұл мақаласында қазақ халқына социализмнің ауылына жетуге әлі ерте екенін түсіндіріп, тапқа бөлінген орыс халқынан жаман үлгі алмауға, бірлік-берекеден айрылмауға, Алаш көсемдерінің салған ізімен жүруге шақырады. Байқап қарасақ, екі арыстың бір газеттің бір санында жарық көрген еңбектеріндегі ойлары ортақ, пікірлері бір. Мағжан ақын өзінің атақты “Мен жастарға сенемін” атты отты өлеңін де алғаш рет Қошке редактор болған осы “Жас азамат” газеті арқылы елге жеткізді.
Қ.Кемеңгерұлы 1920 жылы Омбы губерниялық білім беру бөлімінде қырғыз-қазақ секциясының мектептен тыс білім беру нұсқаушысы ретінде қызмет істейді. Омбы облыстық мемлекеттік мұрағатында “Омбы губерниялық білім беру бөлімі” деп аталатын қорда Қ.Кемеңгерұлы туралы деректер бірнеше істе кездеседі. Ағартушы Омбы білім беру бөлімінде 1920 жылдың бесінші сәуірінен 1921 жылдың бірінші қаңтарына дейін қызметте болады. Аталған қордың құжаттарында Қ.Кемеңгерұлымен бірге М.Дулатұлы, М.Жұмабаев бір мезгілде жұмыс атқарғанын растайтын деректер бар. Мағжан секция бөлімінің меңгерушісі болып, 1920 жылдың оныншы мамырынан 1921 жылдың он бесінші ақпанына дейін қызмет істейді.
1925 жылы Мәскеудегі “Күн-шығыс” баспасынан он мың данамен “Қазақша-орысша тілмаш” атты еңбек жарық көрді. Алты адам құрастырған сөздіктің жұмысына Қ.Кемеңгерұлы редакторлық жасады. Кітапқа баспаның және көшірушінің кінәсінен көптеген техникалық қателер кіріп кетеді. Осыған байланысты Қ.Кемеңгерұлы “Қазақша-орысша тілмаш” туралы түсініс” деп аталатын мақала жазады. “Мәскеудегі “Кіндік баспасөз” Мағжанға қаратып, біреуге көшіруге берген. Сол көшіруші де біраз шатақ кіргізіпті. “Жығылған үстіне жұдырық” дегендей, 400-дей сөз баспадан қате кеткен… “Қазақтың баспасөзінің қатесін көрсе, еуропа әйелдері бала тастар еді”, – деп Қыр баласы айтушы еді. “Тілмаштағы” баспаның қатесін көріп Қыр баласына қол қойдым”, – деп түсінік береді Қошке. Бұл жерден біз Қошке еңбегін Мәскеуде Мағжан үстінен қарағаны туралы мәлімет аламыз. Мәскеуде оқып жүрген Мағжан “Алқа” әдеби ұйымын құруды жоспарлап, оның “Табалдырық” бағдарламасын жазғаны белгілі. Бағдарламаның мазмұнын талқылауға Ташкент, Орынбор, Семей, Қызылжардағы қазақ оқығандары қатысты. Соның ішінде Қ.Кемеңгерұлы да болғанын бүгінде мұрағат құжаттары дәлелдейді. Қошке 1937 жылы ату жазасына кесілгенде оған қойылған айыптың бірі – “Алқа” платформасына қатысқандығы болатын.
Қазақ поэзиясының ХХ ғасырдағы ең ірі өкілдерінің бірі Мағжан Жұмабаев есімі көзі тірісінде-ақ аңызға айналды. Оның әдемі лирикасы қазақ әдебиетін үлкен сатыға көтеріп, поэзия жанрына төңкеріс әкелді. Ақынның қуатты да көркем, идеялық мазмұны күшті шығармалары арқылы бірнеше буын қазақ оқырманы тәрбие көрді. Оның ниеттестері мен қарсыластары ақынның жауһардай жырларын сүйсініп оқыды, одан ғибрат алды. Сонымен қатар, көзі тірісінде жалғанның жақсылығын аз көрген, тоғышарлар мен пендешілікке бой алдырған көреалмаушылардың құрбанына айналып, ауыр тағдырды басынан кешкен, “сұм өмірі абақты болған” да – Мағжан Жұмабаев. Жалған дүниеден азаппен, қорлықпен, жаламен қуылған, кінәсіз ату жазасына кесілген ақиық ақынның аяулы есімі тағы жарты ғасыр бойы әдейі қараланып келді, өлеңдері оқырманға жеткізілмеді. Тірісінде өзі, өлгеннен кейін есімі мұнша қиянат көрген қазақ әдебиетінде, әлем әдебиетінде Мағжандай ақын өте сирек.
Еркін ойлау заманы орнағаннан бері Мағжан ақынның жанашырлары, шын зерттеушілері, іздеушілері көбейді. Ол игі жұмыс, алдымен, қазақтың өзі үшін қажет. Алайда, ақынның жұмбағын толық ашып болған жоқпыз. Оған жаңа ой, тың пікір білдіре алатын азат рухтағы зертеушілер қажет. Бұрын ағаттық жасадық, қателескен екенбіз, енді ақын аруағының алдында кешірім өтінеміз деушілердің сөздеріне әділ баға беретін де күн келді. Мұндайда Міржақыптың:
Кешегі қара күндерде,
Жұлдызсыз, айсыз түндерде.
Жол таба алмай сенделіп,
Адасып Алаш жүргенде.
Бұл күнгі көп көсемдер
Сұраймын сонда қайда едің?! –
деген өлең жолдарын еріксіз еске аламыз.
Мағжанның азаматтық тұлғасын, ақындық күш-қуатын шын бағалай білген, поэзиясының құбылыс екендігін көзі тірісінде мойындаған, оның қиын-қыстау заманда жанашыры, ниеттесі болған адамдардың бірі – Қошке Кемеңгерұлы. Ол өзінің көркем әдебиет мәселелері туралы жазған мақалаларында, зерттеу кітаптарында Мағжанның ардақты есіміне кір келтірмейді, рухани мұрасына әділ баға береді, керісінше оны мейлінше қорғауға, таяз ойлайтын сыншылардан арашалауға тырысады. Сыншы “Көркем әдебиет туралы” деп аталатын айтыс мақаласында С.Мұқановқа былай жауап береді: “Сәбиттің ойынша, ақын тегінде үйренумен, атақты жазушылардан үлгі алумен суретші болатын көрінеді. Мен де (мақтанып жіберейін) бір қазақтың баласындай орыс әдебиетімен таныспын, өлең жазу әдісін де білемін, бірақ қанша тырбансам да Мағжандай болатын емеспін. “Кім би болғысы келмейді, бірақ бола алмайды” дегендей, талайлар Мағжандай болғысы келеді, бірақ талантында кемістік болатын шығар”.
Мағжан мен Қошкенің ой-аңсары бір, ниеті ортақ. Олар адамзатты таланттар мойындатады, ұлтты тұлғалар бастайды деп сенді. Ақын Мағжан Абылай хан, Баян батыр, Кенесары хан, Наурызбай сұлтан сынды талай тарихи тұлғалардың бейнесін өлең сөзбен өрнектеді, олардың көркем әдебиеттегі өлмес образын жасады. Сол арқылы ұлы тұлғалардың ардақты есімін халық жадында мәңгі қалдыруға тырысты.
Қ.Кемеңгерұлы Мәскеуден 1924 жылы жарық көрген “Қазақ тарихынан” атты кітабында: “Кенесары қалың қауымға қауға түскен бір шағым оттай болып, халықтың толқынын көтеріп жіберді… Халық қаһарманы Кенесары мен Наурызбай өлген соң қазақ елі жылдың оны өткенде мүлде жуасыды”, – деп қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісін бастаған көсеміне өзінің әділ бағасын береді. Осы орайда белгілі әдебиетші ғалым А.Ісімақова былай деп жазады: “Қазақ әдебиетінде, елдің тарихында тұңғыш рет Кенесары ханға “Халық қаһарманы” деген бағаны Қ.Кемеңгерұлы берген. ХХ ғасыр басында Кенесарының атын атауға тыйым салынған Голощекин заманында адамзат тарихы деңгейінде ұлттық тарихқа әділ баға берген Алаш әдебиетшісі Қ.Кемеңгерұлының тарихи тұлғаға әділ атақ беруінің өзі ерекше ерлік екенін ескерсек, бұл бүгінгі тәуелсіз елдің қазақтары үшін әділ ғалымдықтың үлгісі болып қала бермек” (Ісімақова А. Алаш әдебиеттанушы. – Алматы: Мектеп, 2009. 335-336 бб.).
Қ.Кемеңгерұлының жары – Гүлсім Жәмиқызы (1904-1988) жұбайы атылғаннан кейін қуғын-сүргін қасіретін, абақты мен айдаудың бәрін көрді. Ол қолындағы үш баласын жеткізіп, Қошкенің ардақты атына кір келтірмей, өмірден өтті. Сол кісі Мағжанның зарлы өлеңдерін, қилы тағдырын үнемі айтып отыратын.
Абақтыда айдан, күннен
жаңылдым,
Сарғайдым ғой, сар даламды
сағындым.
Қарашығым, құлыным деп
зарлаған
Алыстағы сорлы анамды
сағындым…
Ас бола ма сасық сорпа,
қара нан?
Алма бетте қалмады ғой
ыстық қан.
Қоңырау қағып, оятады
ақырып,
Тым болмаса сібірлеп те
атпай таң, –
деген Мағжан ақынның өлеңдерін біз алғаш рет аяулы әжеміздің аузынан естідік. Сол кезден бері Алаш рухы бойымызға сіңе бастады, сол уақыттан бері Алаш мұратымен жүріп, Алаш жолын зерделеуге ден қойдық.
Мағжан Жұмабаев пен Қошке Кемеңгерұлының өмір жолдарынан, жазған еңбектерінен ұлтқа риясыз қызмет істеудің үлгісін байқаймыз. Алаш қайраткерлерінің қай-қайсысының да істеген ерен қызметі, құнды мұралары – ұлт-азаттық күрестің өзіндей бағалануға тиісті ғажап құбылыс.
Астана қаласы.