Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Әлемдік дағдарыстың әлі де теріс әсері барын АҚШ экономикасы өсімінің баяулап қалғанынан аңғаруға болады. АҚШ сауда министрлігінің келтірген деректері бойынша биылғы бірінші тоқсанда ел экономикасы жылдық көрсеткіште 2,5 пайызға ғана өсті. Нәтиже 3,2 пайызға балаған болжамнан анағұрлым нашар болып шықты. Солай бола тұра ел экономикасы сұранысының үштен екісін қамтамасыз ететін тұтыну шығыстары 3,2 пайызға өсті. Бұл 2010 жылдың соңынан бергі ең жылдам өсім көрсеткіші болып табылады. Оның төмендеуіне еңбек нарығындағы жайсыз жағдай, сол сияқты бюджет шығыстарының құлдырауы әсер етті.
Ал Жапония банктерінде инфляция қаупі күшейе түсуде. Ел банкінің басшысы Харухико Курода ақша-кредит саясатын жұмсарту жөнінде жуырда жасалған қадамдарды оң бағалады. Сондай-ақ ол реттеуші іс-қимылдың көптеген жапондықтардың тұрмысына корпоративтік кірістер, еңбекпен қамту және еңбекақы өсімдері есебінен оң ықпал жасайтынын айтты. Мұндағы батыл қадамдар деп отырғанымыз, жапон банкі 4 сәуірде ай сайынғы облигациялар сатып алу көлемін екі есе өсіріп, нарықты да, сарапшыларды да таңғалдырды. Енді орталық екі банк ай сайын 160 миллиард доллардың облигацияларын сатып алуда.
Өз кезегінде азиялық қор индекстері сауда барысында төмендеп барады. Оған негізінен Қытай өнеркәсібінің іскерлік белсенділігін түсіріп алғаны себеп болып отыр. Мысалы, бұл көрсеткіш наурыздағы 51,6 пункттен сәуір айында 50,5 пунктке дейін түсті. Қор индекстерінің құлдырауы жағынан жыл басынан бері 2,2 пайызын жоғалтқан Қытай өңірдегілердің алдында тұр. Жапондық қор индексі 0,3 пайызға ғана, Гонконгтікі – 1,2 пайызға, Оңтүстік Кореянікі 0,7 пайызға кеміді. Алайда, жалпы үрдіске қарамастан, австралиялық қор индексі 0,9 пайызға өсім берді. Австралияның көптеген тау-кен өндіру компаниялары үшін Қытайдың негізгі өткізу нарығы болып табылатыны да бөгет болған жоқ. Австралиялық тау-кен компанияларының бас инвестициялық директоры Hг Cy Haм нарықта гиперреакция байқалуы мүмкін деп есептейді. “Мені Қытайдың нашарлап бара жатқан экономикалық деректері онша алаңдатпайды, өйткені оның Үкіметі тұрақты өсім жолымен экономиканың алға жылжуын қамтамасыз ету шараларын жүзеге асырады. Акциялар құны бұрынғыдай бірқалыпты, кірістер әлі өсе түсуде”, – дейді сарапшы.
Қаржы дағдарысы Батыс елдерін, әсіресе, еуроаймақтың Кипр сияқты еркін экономикалық өңірлерін әзірге шырмауықтан шығарар емес. АҚШ, Қытай және Жапониядағыдай емес, әсіресе, Кипр елінің банктер жүйесіне оңай соғып отырған жоқ. Ел банктерінен салымшылар өз депозиттерін алуды үдете түсті. Еуротоптың қысымымен Никосия ірі екі банкін қайта құрылымдауды бастады және ондағы салымдарды тоқтатудың салдарынан салым қоржыны 3,7 миллиард еуроға азайды, сөйтіп 2012 жылдың наурызымен салыстырғанда 7 миллиард еуро жоғалтты.
2012 жылғы наурыз айында Кипр банктерінің депозиттерінде 70,7 миллиард еуро болды, ал биылғы наурызда ол 63,7 миллиард долларды құрады немесе 9,9 пайызға кем. Өткен ақпан айымен салыстырғанда, депозиттер 3,7 миллиард еуроға немесе 5,5 пайызға кеміді. Елдің орталық банкі оны үшінші елдердің резиденттерінің салымдарының алынумен түсіндіреді. Олар елден 1,9 миллиард еуроны алып шықты деп есептелінеді, сол сияқты жергілікті тұрғындар да банктерден 1,3 миллиард еуро салымдарын алған. Бас банктердің мәліметтері бойынша депозиттер үш айдан бері қысқаруда. Ақпанда олар – 0,9 миллиард, қаңтарда 1,7 миллиард еуроға азайды.
Жалпы қазіргі қаржылық күйзелісті жағдай қайсы елдің банкіне болсын жеңіл соғатын емес. Норвегияның ірі DNB банкі тоқсандық оң есебі аясында таза пайыздық кіріс жөнінде тәуір болжам берді, мұның өзі сарапшылардың күткендерінен де жоғары болды. Осындай жағдайда оның акциялары 3,6 пайызға қымбаттады. Қалған еуропалық банктердің көбінің ырғағы теріс мәнде қалды. Мысалы, британдық BarcIays банкінің акциялары бағаның 0,8 пайызын жоғалтты. Lioyds Banking қағаздары 0,3 пайызға арзандады, НSBC HoIdings акциялары 0,6 пайыз баға қосты, бірақ оның есесіне RoyaI Bank of ScotIand акциялары 0,6 пайызға арзандады. Француздық Societe GeneraIe қағаздары құны 0,7 пайызға түсті, BNP Paribas-ты капиталдандыру 0,1 пайызға өсті, ал немістің Commerzbank акциялары 1,5 пайызға арзандады. Ресейдің ВТБ банкі Кипрдегі бизнесін жабуға мәжбүр болып отыр. Оның еншілес кәсіпорны Russian CommerciaI Bank-нің кредиттік портфелінің айтарлықтай бөлігі топтың басқа банктеріне берілуі мүмкін.