«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨКТЕМДЕ ҚЫЗЫЛ ЖАЛЫН СУМАҢДАЙДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Үстіміздегі жылдың басынан бері облыста 261 өрт болып, одан 115 млн. теңгеден астам материалдық шығын келді. Отта 30 адам қайғылы қазаға ұшырады, оның бесеуі – бала. Жиырма адам әртүрлі деңгейде дене жарақатын алды. 

 

Облыс орталығының Жамбыл көшесінің бойында орналасқан 5 қабатты тұрғын үйдің 4-ші қабатындағы пәтердің балконы отқа оранды. Жоғары қабаттан түскен темекі шоғынан шыққан өрт балконның терезесі мен пәтер иесінің жеке заттарын зақымдады. Құтқарушылар тілсіз жауды ауыздықтау барысында көппәтерлі үйден 36 адамды қауіпсіз жерге жеткізді.

Петропавлдағы Юбилейная 9 “б” мекенжайында орналасқан көппәтерлі тұрғын үйде де дәл осындай оқиға орын алды. Өрт жоғары қабаттың бірінен лақтырылған темекі тұқылының 4-ші қабаттағы екі пәтердің жапсарлас жатқан балкондарынан шыққан. Сөндірілмеген темекі баспана иелерінің жеке заттарының зақымдануына себепкер болды. Оқиға орнына жеткен өртсөндірушілер 60-тан аса тұрғынды қауіпсіз жерге шығарып, жалынмен бір сағаттай арпалысты. Абырой болғанда пәтер иелері төтенше жағдай уақытында үйде болмаған.

 

Моншада пешті жағу барысында қауіпсіздік техникасын сақтамағандықтан Дайындық ауылының тұрғынының моншасында өрт шықты. Оның қабырғалары мен шатыры және қора-қопсы отқа оранды. Дәл осындай оқиға Петропавлдың Москва көшесінде де тіркелді. Өрт моншаның шатырын күлге айналдырды.

М.Жұмабаев ауданы орталығының зейнеткерінің жазғы асүйі зақымданды. Үй иесі газ баллонын ауыстырғанда редуктордың айналасындағы резеңкесін салмаған екен. Көп мөлшерде таралған газ тұтанып, асүйдің шатырын, қабырғаларын, тоңазытқыш және басқа да үй жиһаздарын өртеген. Оқиға орнынан газ баллонын сыртқа шығарып үлгерген өрт жасағы зейнеткердің баспанасын аман алып қалған.

Шал ақын ауданының Ақанбарақ ауылында тілсіз жау екі қора-қопсыны жойды. Өрттің шығуына жергілікті тұрғынның картоп арамшөбін сарайдың жанында жағуы себепкер болды деген болжам бар. Дегенмен, оқиға орнына жедел жеткен өрт жасағы өртті ауыздықтап, баспананы аман алып қалды.

Дәл осындай өрт оқиғалары Есіл ауданының Покровка, Жамбыл ауданының Богдановка және Петропавл қаласының Куйбышев орман шаруашылығында тіркелді. Аталмыш жерлерде орын алған төтенше жағдайларға от ошағын баспанадан, өндіріс орнынан 50 метр қашықтықта жағу өрт қауіпсіздігі ережесін бұзған қожайындардың кінәсінан болып отыр. Сондай-ақ көктем-жаз маусымдары басталысымен ормандарда өрт оқиғалары жиілей түседі.

Ауладағы ескі шөп пен қоқыстарды күйдіру кезінде жеке бас қауіпсіздігіне назар аудару қажеттігін еске саламыз. От жағу барысында абай болып, өрттің пайда болған жағдайында дереу “101”, “112” нөмірі бойынша өртке қарсы қызметіне хабарлаған жөн.

СҚО ТЖД-нің баспасөз қызметі.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp