АУЫЛ ҚАЙДА БАРА ЖАТЫР, АҒАЙЫН?!
Сөз етерім – кімге болсын жария мұң.
Сарқылғаны осы емес пе дарияның?
Бас қосса ауыл, жастың жүзін іздеймін,
Әжім тілген бетін табам қарияның…
Малтықтырды ойды қою, бұла мұң.
Жоғалтуда ауыл тірі ұланын.
Көзім түссе жаны сирек көшеге
Келер кейде боздап тұрып жылағым.
“Сөз есті”, – деп именгенмен тартына,
Ертіп барып, отырғызып артына,
Немереге жілік берер табақтан
Қызығамын баяғының қартына.
Көзім неге тіреледі, бәрі – мұң,
Атасының алу қайда тәлімін!
Немересі қалада жүр, кешқұрым
Зыр жүгіріп мал түгендер кәрінің.
“Шағын ауыл, қазақы ауыл ертеңі –
Тек кітаптан табылатын ертегі
боп қала ма?” – деген үрей сананы
Жегі болып кемірді, отша өртеді.
Сезім емес, санамен жайды екшегім
Келді. Әттең, табылмайды тек сенім.
Жалт береді үркек атша, санаулы
Сәби тауып ішінен көп кексенің.
Ертеңінен ыстық өткен кешесі
Кәрі-құртаң ғана қалған көшесі
Ауыл қайда бара жатыр? Ойлауға
Жауаптының кірмесе екен кеш есі.
МАҒЖАН, МАҒЖАН, МАҒЖАН…
Мәніне сөздің бойладым,
Алдым-ау орап ойға мұң.
Ғаламат жыры көңілде
қалды қонақтап.
Жан сырын жырға қандыра
Арманда өткен жанды ұғам
Неге ерте біздер алмадық екен
оны ақтап?
Маржан сөз тізген жүрекпен,
Айтарын айтқан ірі, өктем
Ғұрпына кейде ұлтының артқан
өкпе, мін.
Жаралы жанын, ызасын,
Айбынбай жайған қыза шын
Назамен елдің аңсаған асқақ өткенін.
Мазақты бұғау дерті үстем
Азапқа көнбей ел түскен
Ғаламның соңын орын ғып
беріп халқына.
“Жалауын қанға малғанға, –
Айтқаны үшін деп, – алданба”
Налыспен кеше шам алып түскен артына.
Мансапшыл жалбақ іргеде
Ақынмен қатар тұр неге?
Ғажапты мұндай ұқтырам
қалай балаға?..
Жан сала шала дүрмекпен,
Алданған жалған құрметпен
Кім деймін жанды Ақынды
кеше талаған?
КӨЛЕҢКЕ мен КҮНГЕЙ
Сараладық бүгін жылдық жолды өткен.
Құлақ түрсем, жетістіктер мол не еткен!
Ауызсуы құри, тілден бал тамды
Санағанда биіктерді қол жеткен.
Армансыз-ақ тіздік жылдық табысты,
Тыңдаған жұрт талай санмен танысты.
Шыбындаған жылқыша бас шұлғыды,
Таңырқады, таңдайларын қағысты.
Бұндай топқа бас сұғамын үрке мен,
“Жарыссөзге” екшеп, теріп тіркеген.
Көбіне-көп сұлу емес, сылқымдай
Бет-ауызын қалың бояу бүркеген.
Қомақты, рас, табыстардың тізбегі,
Жөн-ақ оны жұрт алдында тізгені.
Жалғыз нәрсе таптырмады, ағайын
Тоқталуға осы ұмыттық біз нені!
Жұрттың оңын шығаратын теріске,
Мен құмар жан емес едім керіске.
Тек мына өмір жұмағы емес Алланың.
Жердің бетін жайлаған жоқ періште.
Жаратқанда Тәңір көкке Күн – дейді
Егіз еткен көлеңке мен күнгейді.
Тек осыны ұқпай қойды ұлықтар
“Көлеңкені шолу – айып, мін”, – дейді.
Алдын ала сайлап тілді – біз, уды.
Мақсат еткен жоқпын мінді тізуді.
Тек қисықтың қисықтығын көрмес жан
Танудан да қалады ертең түзуді.
Міне, осы жай көңілімді күз етті.
Шын өмірді шамшыл талап бұза өтті.
Тек сыналған міндер ғана танылар,
Сынсыз мінді қашан, кімдер түзепті?!
Мезі болып жетелеген ноқтадан,
Жұлқынам деп басты талай шоқ табан.
Бұл жиындар ашар жарты шындықты.
…Артық кеттім.
Дұрыс болар тоқтаған.
ЖАУЫР БОЛҒАН ЖАЙ
Тілім, неткен тайпақ сендік пешене:
Сөз боласың күніге сан, нешеме.
Жылай сенің жайыңды айтқан әкімнің
Кеңсесі әлі “Ленин” атты көшеде.
Десең: “Бұлар қазақшаға көше ме?”
Көгермейтін секілді бұл көсеге.
“Аяқасты болған құқын қорғауға”
Бас тігуге неге өзге ұлт өш өле?
Жер-су аты ұшырасар нешеме
Қозғадың ба? Енді дауды еселе.
Қате толы жарнама мен маңдайша –
деп қаласың: “Жанарымды
тесе ме?!”
Сөз бергенмен үйренуге кеше де,
Жиырма жылда алмағандар төселе,
Бірер айда “Әкім ант-су ішті” деп
Аяқасты мәселеңді шеше ме?
ТОСЫЛУ
Әдебиет сабағы өтпес өлеңсіз.
Бүгінгі ауыл жайын айтқан келеңсіз
Бір жырды оқып, талдап
сынып алдында
Сөйлеп тұрғам есіле алаң-елеңсіз:
“Мынау өлең – ауылды аңсау тамсана.
Жазғандай нақ қос көзінен тамшы аға.
Әсерлі ойды айшықтауға тырысып,
Әсем сөзді терген қалай жан сала!
Сөзі – ауылға жаны ашыған пенденің.
Нақты атаған орны олқы, кем ненің.
Бағалапты тиісінше, әрине,
Елде отырып қалғандардың еңбегін.
Табиғаты, салт-дәстүрі, адамы,
Қонағына тартар, тіпті, табағы…
Бірін ұмыт қалдырмаған, ескерген,
Әрқайсына орынды сөз табады.
Әңгімені қай арнаға бұрады:
Сол ауылды көтеру – бар мұраты.
Ауылым деп сыздайды әлі жүрегі
Басқа жерде болғанменен тұрағы…”
Жүргеннен соң жүректі осы сыз қаба
Сезім мені айналдырды қызбаға.
…Кілт тоқтатты:
“Қайда туған бұл ақын?”
деп сұраған қол көтере қыз бала.
Білуші едім. Айттым туған мекенін.
Бала аузынан шықты қатал, бекем үн.
“Шын сағынса, оралмай ма ауылға
Босқа жасқа толтырғанша етегін?!
Қайшылық көп айтылар сөз, кей істе.
Сөкпеңізші, ерік берсем кейіске.
Безіп жүріп, сырттан ақыл айтар ма
Артта қалған ауылы айналса пейішке.
Кеше өздері тастай көшіп ауылдан,
Боп көрінбек бүгін жүрегі ауырған…
Ауылда ісі аз, өлеңі тек ақтау ғой
Осалдығын қашып жүрген ауырдан.
Кім қалаға оны матап ұстаған,
Түсініксіз осынау бір тұс маған.
Көздің жасын көлдей төгіп отырып,
Өз шамасы келмейтінді нұсқаған.
Түсіп алып заман-желдің ығына
Қара басын ойлады, алам бұны ұға.
Қала кезбей, ауылында тер төксе,
Шығар ма еді бүгін үні құмыға?!
…Жауап таппай албырт жастың сөзіне,
Үнсіз қалдым жан жүрегім езіле.
Қайдан білсін, бала азайған мектепте
Ертең іссіз қалатынын сезіне,
Кеткелі жүр ұстазының өзі де.
ҚАЛАЛЫҚ БОЛҒАН ҚҰРДАСТЫҢ СЫРЫ
Бақытты шақ болғандай ма тым қысқа,
Ұл үйленді, қыздар болса тұрмыста.
Жұмыссыздық бәрін қуып қалаға,
Құрдасыңмен ғана қалдым бір қыста.
Мал, отын, су… Білесің ғой үйдегі
Таусылмайтын ауылдықтың күйбеңі
Ауыр тиді. Сағындырған немере …
Себеп болып, қалаға ақыры сүйреді.
Келген жаннан көрген жоқпын ұялып,
Малды саттық, балалар бар, үй алып
орныққанда, төбем көкке жеткен-ді,
Аллам өзі тартқандай бір сый анық.
Күйбең қалды айналдырған құнысқа.
Бұрынғыдан кеңейгендей тыныс та.
Нәпақа боп, нан-шайлық боп кезікті
Тіпті, жасқа таптырмайтын жұмыс та.
Тек ұмытқан жан дей көрме тәубесін,
Рақаттан тауып алды дау басым.
Жұмыстан соң – әйел мен төрт қабырға –
Балықтаймын оратылған ауға шын.
Сыйластықтан ажыраған жоқ әлі
(Қала өмірі айтқызар тек “тоба”-ны)
Жұмысбасты ұл-қыз, жиен-немере
Сағындырып айына бір соғады.
Іздеп барсаң, есігінде құлыбы,
Мойындарда – күнкөрістің құрығы.
Балабақша, мектептегі немере
Келе алмайды соққанменен құлығы.
Ауыл салты екен мұнда ерсі де,
Кіре алмайсың қыдырып жай көршіңе.
Кездескенде басын әзер изейді.
Қала бөлді жатбауырлық еншіге.
“Басқа түссе, төзбес дейсің ер неге?!
Үш күннен соң көндігерсің көрге де!” –
дегенменен, басқа нәрсе жан жейді
Шынымды айтам,
қойғандаймын көрмеге.
…Қатар тұрғы киген менің кебімді.
Көбі – сыртта, мезі қылдық көңілді.
Елде қалып, бізді күте қажитын
Ерқашты аттай жауыр болған жегінді.
Елде қалған жоқ ет-жақын бауырлар,
Секілді бір бойды езген ауыр хал.
Елге барсаң, еркелейсің балаша
Айлап жатсаң қай ағайын ауырлар?!
Алайда, елге баруды да сиретіп,
Жіберуге қойды тұрмыс үйретіп.
Айт пен тойда арсалаңдап баратын
селдіреді үй.
Содан көңіл-күй кетік.
Өзекті жан, білем анық, бір өлер,
Еске алып, оларды әр кез тірі елер.
Ата-анамның бастарына барғанда,
Үй қалмады аттың басы тірелер.
Міне, осы жай өзегімді өртеген.
Содан шыққан төрім тап-тар, жер, төмен.
…Жатып алып қолым боста домбыра
Ішегіне қоса өріп шер төгем.
АҚИҚАТ
Тікендімін – мені ешкім көп қыспайды,
Мектеп, аудан қысылса,
бетке ұстайды.
Тек тағдырым – сыбаға мүшесіндей:
Етті жейді, сүйекті шет тастайды.
Басшыға айтар болғанмен,
сыны мығым
Өзім жайлы шығады құмыға үнім.
Бұл мектептің беті емес,тесіктерін
Бітеу үшін ұстайтын тығынымын.
Жетістігін малданбан кешегінің,
Кемшілігім – тура айтар кесек үнім.
Мен мектептің еншіме құр сөз тиер
Күші адал, еті арам есегімін.
“Дәмін татам, – демеймін, –
тек шырынның”
Бұл айтқаным – бір шеті көп
сырымның …
…Құрығанда, шешіліп бір сөйлейін,
Тіл тістесем, бәрібір жексұрынмын.
Есіл ауданы,
Мектеп ауылы.