«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨЗ ҚҰҚЫҒЫҢДЫ ҚОРҒАЙ БІЛЕСІҢ БЕ?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Қазақстан тұтынушыларының құқығы заңмен қорғалады, тек оның қалай жүзеге асатынын білсеңіз болғаны. Өкінішке қарай, тұтынушы маңдай терімен табылған қаржыға қажетті тауарын сатып алып, кейін оның сапасыздығына немесе жарамсыздығына көз жеткізсе, сауданың дұрыс жасалмағандығына өзін кінәлап, бармағын тістеп қала береді. Бұл, әрине, дұрыс емес.  

Қазақстан Республикасының “Тұтынушылар құқығын қорғау туралы” Заңы 12-бабының 2-тармағында: “Өнім немесе тауар (жұмыс, қызмет) тұтынушының өміріне, денсаулығына, мүлкіне және қоршаған ортаға қауіпсіз болуға тиіс. Мұны қамтамасыз ететін талаптар міндетті және белгілі бір заң шеңберінде бекітілген”, деп көрсетіледі. Бүгінгі біздің қоғамның әрбір азаматының көкірегі ояу, көзі ашық. Сондықтан кез келген тұтынушы сапасыз тауарға ұрынған кезде әділдік орнататын мемлекеттік органдарға немесе қоғамдық ұйымдарға шағымданып, өзінің құқығын қашанда қорғай білуі тиіс. Мысалы, облысымызда 20 жылдан бері “Тұтынушылар мен кәсіпкерлердің құқығын қорғау қауымдастығы” қоғамдық ұйымы жұмыс істейді. Бірақ оны білетіндерден гөрі білмейтіндердің қатары қалың шығар? Бұл, әлбетте, тұтынушының кінәсінен емес, аталмыш ұйымның толыққанды жұмыс істеуіне жасалған жағдайдың төмендігі мен ондағы ақпараттандыру ісінің шалалығынан деп білеміз. Десек те, бұл қоғамдық ұйымға жылына 300-ден аса тұтынушы шағым айтып, олар өздерінің басына төнген қиындықты осы қоғамның тәжірибелі мамандарымен бірлесе шешеді. Аталмыш қоғамдық ұйымның мақсаты сатушы мен тұтынушы арасындағы әділдікті орнату болып табылады. Оны басқарып отырған Надежда Дубовая ұйымға жүгінген шағымданушылардың барлығының ісі сәтті аяқталады, дейді. “Қазақстанның әр азаматының құқығы қай кезде болсын қорғалуға тиіс. Елімізде тұтынушының құқығын қорғайтын әділдіктің бар екендігін білмей, қаншама жұрт тұтылып жатады. Біз қашанда тұтынушының жағына шығатын жалғыз ұйымбыз”, – дейді Надежда Владимировна.

 

Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 546-бабының 1-тармағында: “Тауарлар және қызметтерді пайдалану кезінде тұтынушыға белгіленген чек берілуі тиіс. Өйткені, ҚР аумағында сауда операциялары кезінде қолмақол ақша есептеу арқылы міндетті түрде белгіленген жады бар бақылау-касса машиналары қолданылады”, деп көрсетілген. Бірақ тұтынушылардың көбі осы міндетті талаптың орындалуын әр кез ескермейді. Чек – тұтынушының дәлелді құжаты. Тұтынушы сатып алған тауарының қайдан, кімнен, қашан алғандығын дәлелдейтін бақылау-касса чегін талап етіп отырса, өзінің ешқашан ұтылмайтындығына көз жеткізер еді.

Осыған байланысты тұтынушылар құқығын қорғауда тәжірибесі мол Надежда Дубовая былай дейді: “Сот жағдайында құжаттың сәйкестігі басты талап, әйтпейінше сот шешімі тұтынушының пайдасына шешілмейді. Біздің мамандар соттың үдерісіне қажетті барлық материалдарды жинастырады. Сотта қаралатын ісқағаздар жеңіспен оралатындай толық әрі дәлелді болуы керек. Ал тұтынушы өз қалтасынан ақша шығарып, бір зат алса немесе біреудің қызметін пайдаланса, екінші жақтан міндетті түрде оны дәлелдейтін чек немесе есеп шотын талап етуге тиіс. Оның сапалылығына көзі жетіп тұрса да. Өйткені, кейбір жағдайда сенім алдамшы болуы мүмкін”.

“Тұтынушылар құқығын қорғау туралы” Заңның 10-бабында: “14 күн ішінде тұтынушы өзі сатып алған азық-түлікке жат-пайтын тауарлар оның талабын қанағаттандырмаса немесе қажетті сипатқа ие болмаса, ауыстыруға құқылы”, делінген. Яғни, бұл жерде де тұтынушының құқығы кеңінен қорғалады. Әрине, егер сіз сатып алған бұйымыңыздың тауарлық белгісіне нұқсан келтірмей, сатушыға жеткізсеңіз, өзіңіз төлеген қаржыңызды қайтарып ала аласыз.

Жалпы тұтынушы өнім өндіруші, тауар сатушы немесе қызметін ұсынушының алдында өзіне тиісті құжаттарды және белгіленген мерзімді ұтымды пайдалана білсе, оның құқығы мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың араласуымен оңай қорғалады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp