«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БҰРЫНҒЫ ӘЙЕЛІНІҢ ӘЛЕГІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс орталығының тұрғыны Владимир Юр зайыбының кесірінен өз пәтеріне кіре алмай әлек. Қазір бұл факті бойынша СҚО Сот актілерін орындау жөніндегі департаментте іс қаралуда. Алайда, сот шешімін орындау қиынға соғуда, өйткені ер-азаматтың бұрынғы әйелі ортақ үйді сатып жіберіп, қазір онда басқа адамдар тұрып жатыр.

Бұл ерлі-зайыптыға қатысты оқиға 2011 жылы басталған. Сол кезде Петропавл қаласының №2 соты Владимир Юрды Партизан көшесі, 158 “Б” үй мекенжайына тұрғызу туралы оның зайыбы Вера Стучалинаның шағымы бойынша сырттай шешім шығарған болатын. Бірақ, 2012 жылдың 20 қыркүйегінде (олар 1989 жылдан бастап, 2002 жылға дейін заңды некеде тұрған) Вера Стучалина озбырлық жасап, яғни темір есіктің кілтін бұзып, оны басқасына ауыстырып, жұбайына ортақ келісімсіз-ақ пәтерді сатып жібергенін айтқан. Кейін Владимир үйдегі киім-кешегін жинап алуға да үлгермеген, оны екі ер адам қолтықтап далаға шығарып жіберген. Бұдан соң олар нөмірі жоқ көлікке отырып кетіп қалған. Жарты сағаттан соң жедел уәкілдер келіп, саусақ таңбаларын түсіріп алған.

 

Пәтер Вера Стучалинаның атына 1997 жылы ресімделген. Ажырасқаннан кейін сот шешімі бойынша баспана отағасының атында қалған. Ер адам зайыбына тек 877 500 теңге төлеуге міндеттелген. Вера Стучалина 2006 жылдың маусымында пәтерді аукцион арқылы сату мақсатында облыстық сотқа жүгінеді. Владимир Юр жоғарыда аталған соманы өтей алмайды, өйткені жұбайымен бірге тұрған кезінде пәтер бойынша берешек туындап, жағдайы ауырлап кеткен. Еразамат бір жылдың өзінде 325 мың теңге төлеп, қарызды жапқан.

Қаскөй әйел жұбайынан құтылудың амалдарын іздестіре бастайды. Сөйтіп, 2003 жылдың тамызында Вера Стучалина учаскелік инспектормен келісімге отырады, яғни жұбайының құжаттарын алып қойып, оны тұрғылықты мекенжайы жоқ тұлғаларға арналған қабылдап-бөлу мекемесіне орналастырады. Бұл кезде зайыбы айналасындағыларға “есірткі сақтағаны үшін күйеуімді сегіз жылға түрмеге отырғызды” деген ақпарат таратады.

Алты күн бойы аштықта болған Владимир Юр 2003 жылдың 9 қыркүйегінде қабылдап-бөлу мекемесінен босатылады. Ал өз пәтеріне тек 2003 жылдың 10 қазанында қалалық ІІБ қызметкерлерінің араласуымен ғана кіреді. Осы кезде зайыбының үйден барлық мүлікті, құжаттар мен ақшаны өзімен бірге Бескөл ауылына алып кеткендігін де анықтайды.

2007 жылдың жазында Вера Стучалина өздерін риэлтормыз деп таныстырған үш адаммен байланысқа түседі. Яғни, оларға үйді сату жөнінде сенімхат беріп, 877 500 теңгені өндіріп алу туралы атқару құжатын кері қайтарып алады. Алайда, пысықай әйел “Аксесс Энерго” ЖШС-іне берешегін төлеуге келген кезінде серіктестік қызметкері компьютер бойынша пәтердің Владимир Юрге тиесілі екендігін анықтап, одан төлемді қабылдамай қояды. Осыдан кейін Владимирдің өміріне үш рет қастандық жасалған, ол өзін Костя деп таныстырған ер-азаматтың арқасында тірі қалады. Бұл адам жәбірленушіге бұрынғы әйелінің не көздеп жүргенін, одан құтылу жолын қалайша жоспарлап қойғанын толығымен жайып салады. Құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен келісімге келген әйел “егер бұрынғы күйеуімнің көзін жоюға көмектессеңдер, пәтер сатылған соң жарты құнын сендерге төлеймін” деп, өз уәдесін береді. Олар Владимир Юрды қабылдап-бөлу мекемесіне 30 күнге жабуды, одан шыққан соң оны өлтіруді, бұл уақыт ішінде берешекті төлеп, пәтерді сатуды алдын ала жоспарлап қойған. Ал өздерін риэлтормыз деп атаған тұлғаларға қатысты айыптау үкімі шығарылды.

2011 жылдың қыркүйек айында Вера Стучалина пәтер менің атымда, сондықтан менің де оған құқығым бар деп, өзін сонда тұрғызу жөнінде шешім шығару бойынша сотқа жүгінеді. Алайда, ол бұған дейін шығарылып қойған сот шешімі бойынша пәтердің жұбайының атында екенін жасырып қалады. Бұған дейін Вера Стучалина Владимир Юрды пәтерден шығару туралы арызбен сотқа жүгінген болатын. Бірақ оның тілегі қанағаттандырылған жоқ. Өйткені, пәтерді Владимир Юрдың атына беру туралы сот шешімі болғандықтан, зайыбының оны өз үйінен шығарып тастауға ешбір құқығы жоқ.

Сөйтіп, бүгінгі күні Владимир Юр өз жеке пәтеріне қайта кіру қамымен жүгіріп жүр.

 

СҚО Сот актілерін орындау жөніндегі департаменттің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp