Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Шара барысында сөз алған “Саланг” әскери-патриоттық клубының жетекшісі Александр Азегов Ұлы Отан соғысында елі үшін мерт болған жауынгерлердің біразының сүйегі осы күнге дейін жер қойнауына тапсырылмағанын, олардың көбінің есімдері әлі де беймәлім күйінде қалып отырғандығын айтты.
– 1993 жылдан бері іздеу шараларына жүйелі түрде қатысып келемін. Үстіміздегі жылы Новгород облысында жауын-шашын мөлшерден көп түсіп, іздеушілерге біраз кедергі келтірді. Дегенмен, еңбегіміз зая кетпей, барлығы 39 медальон тауып, 30-дан астам жауынгердің сүйегін көтердік. Соның ішінде 1921 жылы Қызылорда облысында туған қазақстандық жауынгер Ақжүсіп Кәрібаевтің мәйітін таптық, – деді Александр Азегов.
Әскери-патриоттық клуб жетекшісінің келтірген ақпарына сүйенсек, жерлестеріміз қазба жұмыстарын негізінен Новгород облысының Парфинский ауданында жүргізген. Бұл жерлерде соғыс жылдары шамамен 800 мың жауынгер қаза тапты деген дерек бар. Жалпы қазба жұмыстарына бірнеше елден 27 жасақ қатысып, олар барлығы 587 жауынгердің сүйегін тапқан. Іздеу шараларының барысында майдан даласынан табылған жауынгерлер заттары көрмеде таныстырылды.
Жиын соңында сөз алған “Ауғанстан және жергілікті соғыс ардагерлері одағы” ҚБ облыстық бөлімшесінің төрағасы Игорь Гамов Ауған соғысының ардагерлері Александр Азеговке, Андрей Кошелевке және Руслан Бегалиновке ресейлік әріптестерінің атынан “Ерен еңбегі үшін” медалін табыс етті.