«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОРҒАНДЫҚТАРДЫ ЖЕТІСТІКТЕРІМІЗ СҮЙСІНДІРДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан мен Ресей арасындағы шекаралас ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатында Қорған облысының губернаторы Олег Богомолов бастаған делегация жұмыс сапарымен облысымызға келді. Меймандар өңірдегі ауыл шаруашылығы нысандарын аралап, Петропавл қаласындағы бірқатар кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен танысты.  

Самат ЖАҚЫПОВ,

журналист.

Арайлым СМАҒҰЛОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Ресейлік қонақтарды шекарада өңір жетекшісі Самат Ескендіров қарсы алды. Меймандардың облысқа сапары Қызылжар ауданына қарасты “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігінен басталды. Ресейліктерді жел қондырғыларының жұмысы қызықтырды. Германиядан әкелінген генераторлардың әрбіреуінің қуаты – 750 кВт. Былтырғы жылы шаруашылық 600 бас симменталь сиырларын сатып алып, 1500 басқа шақталған бордақылау алаңын жасаған. Серіктестік бүгінгі күні ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп-өңдеумен, сүтті мал өсірумен шұғылданады. Қазіргі таңда мұнда 5000-нан астам бас ірі қара бар. Қорғандықтар сондай-ақ сиырларды сауатын соңғы үлгідегі қондырғыны да тамашалады. Серіктестік мұнымен қоса асылтұқымды жылқы ұстайды. 300-ден астам жылқының барлығы дерлік шетелден әкелінген.  

 

Осы кезде Петропавл қаласындағы С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада Қорған облысынан келген делегацияның бір тобымен жергілікті кәсіпкерлер кездесті. Облыс әкімінің орынбасары Владимир Балахонцевтің, Қорған губернаторының орынбасарлары Николай Болтнев, Василий Жаровтың қатысуымен өткен аталмыш жиында екі жақтың кәсіпкерлері бір-бірімен жүзбе-жүз танысты. Қорғандықтар солтүстікқазақстандық әріптестерін өз кәсіпорындарының жұмысымен таныстырды. Біздің өңірімізден – 70, ал Қорған облысынан 20 кәсіпорынның өкілдері қатысқан жиында ашық әңгіме жүргізілді.

Осы күні екі облыстың басшылары Самат Ескендіров пен Олег Богомолов Петропавл қаласындағы “Молпродукт” ЖШС-нің сүт зауытына барды. Негізі 1998 жылы қаланған “Молпродукт” ЖШС-і өткен жылы “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының арқасында күрделі жөндеуден өтіп, оған 3,2 миллиард теңге қаржы құйылған. Кәсіпорын жылына 80 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы. Швецияның Tetra Pak, сондай-ақ Германия мен Францияның заманауи қондырғылары орнатылып, технологиялық жетістіктері жағынан Орталық Азиядағы ең үздік кәсіпорын атанып отыр. Себебі, бұл сүт зауытында қолданылатын технологияның арқасында сүт өнімдерінің сақталу мерзімі – 40 күннен 1 жылға дейін. Бүгінде “Молпродукт” ЖШС өнімдерін еліміздің барлық өңірлеріне, Ресейдің бірқатар облыстарына таратуда. Болашақта Түмен, Қорған, Красноярск, Иркутск, Томск, Екатеринбург, Челябі, Пермь, Уфа нарығына шығуды жоспарлап отырған ЖШС басшылығының қорғандық делегациямен кездесуі бұл жоспардың жүзеге асырылуын жеделдетуі әбден мүмкін.

Бұдан кейін құрметті қонақтар “Мұнаймаш” зауытының жұмысымен де танысты. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында кәсіпорын 1,5 миллиард теңгеге өндірісті жаңғыртқан. Былтыр зауыт Ресей Федерациясына 2 миллион рубльдің өнімін сатыпты. Тапсырыс әлі де түсіп жатыр. Одан соң меймандар Петропавл ауыр машина жасау зауытында болды. Зауыт мұнай-газ және темір жол қондырғыларын шығарумен айналысады. Осы жылғы өндіріс көлемі өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артқан.

Осы күні облыстық әкімдіктің үлкен залында қорытынды кеңес өтті. Алқалы жиынның алдында қос өңірдің жетекшілері Қорған облысының ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындарының көрмесін тамашалады.

Осы жерде Зауралье қазақтарының өңірлік ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы Әсет Бейісов қос облыстың жетекшілеріне жуырда шыққан “Қорған облысының қазақтары” кітабын сыйлады. Сондай-ақ облыс әкімі Самат Ескендіровке “Асығыңыз алшысынан түссін!” деген ниетпен кәдесый асық тарту етті.
Осыдан кейін басталған кеңесте қос өңірдің жетекшілері облыстардың әлеуметтік-экономикалық дамуын баяндады. Осы орайда облыс әкімі Самат Ескендіров өңірімізде ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларының дамуына зор мән беріліп отырғандығын айтты. Облыста өндірілген өнімдер Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан сияқты елдерге жөнелтіледі. Сондай-ақ астық пен ұн экспорттауда жетекші облыстардың біріміз. Өткен жылы облыстың ТМД және алыс шетелдермен сыртқы сауда айналымы 440 миллион долларды құраса, экспорт – 255 миллион доллар. Өткен жылы Кеден одағына мүше елдермен өзара сауда қарым-қатынасы 750 миллион доллар болған. Индустрияландыру картасына енген 26 инновациялық жобаның жүзеге асырылғандығын жеткізген өңір жетекшісі Солтүстік Қазақстан облысында өнеркәсіпті дамытуға барлық жағдай бар екендігін айтты. Саланың көп бөлігі қайта өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Ал Қорған облысының губернаторы Олег Богомолов екі өңірдің іскерлік қарым-қатынасын ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, білім беру, денсаулық сақтау, спорт және туризм, мәдениет сияқты салаларда дамыту қажет екендігін жеткізді. Бұл орайда әр сала бойынша өзінің ұсыныстарын айтқан губернатор Самат Ескендіровке Қорған облысындағы қазақтарға рухани және материалдық қолдау танытып, көмек көрсетіп жүргендігі үшін алғысын білдірді.
Облысымыздың “Сауда-өнеркәсіп палатасы” ҚБ-нің төрайымы Нелли Кукушкина осы күнге дейін ресейлік кәсіпкерлермен 500-ге тарта кездесу өткенін айтып, алдағы уақытта аймақтық көрме ұйымдастыру қажет деген ұсынысын жеткізді. “Кургансемена” ЖАҚ-ның бас директоры Николай Аржанов дәнді дақылдар тұқымының ондаған түрін шығарып отырғандығын айтып, бүгінде олар қазақ жерінде де өсіріліп жатқанын тілге тиек етті.
Кеңес соңында өзара іскерлік қарым-қатынасты дамытуға бағытталған бірқатар құжаттарға қол қойылды. Самат Ескендіров пен Олег Богомолов хаттамаға, екі жақтың бірқатар мемлекеттік органдары мен бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары өзара келісімге және меморандумға қол қойды. Кеңестен кейін жергілікті БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Қорған облысының губернаторы Олег Богомолов пен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Самат Ескендіров екі жақтың іскерлік қарым-қатынасы тек даму бағытында болатындығын жеткізді.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ

 

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp