«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘКЕ ЖОЛЫМЕН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Гүлмира Жампейісованың мұғалімдікті таңдауына жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін Есіл ауданының Тораңғыл ауылына жолдамамен барып, зейнеткерлікке шыққанша сонда химия-биология пәндерінен сабақ берген жоғары санатты, “Оқу ісінің үздігі” төсбелгісінің, облыстық, республикалық деңгейдегі марапаттардың иегері болған әкесі Бақыт Есімсейітұлының ықпалы мол болған.  

Әке жолын қуған Гүлмира Жампейісова Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша тамамдаған соң бір жыл ауылдық мектепте жұмыс істейді де, қалаға ауысады. Содан бері қала шетіндегі Бензострой шағын ауданында орналасқан №24 мектепте сабақ беріп келеді. Жалпы білім беретін мектепте жайсыз отбасыларының балалары басым болғандықтан, нәтижеге жету де оңай емес. Соған қарамай Гүлмира Бақытқызының соңғы үш жылдағы көрсеткіші ойдағыдай. Былтыр қалалық олимпиадада оқушылары екінші және үшінші орындарды алып, облыстық білім сайысына қатысса, биыл қала мектептерінің арасында 1-орын алған. Мектеп шағын жинақты болғанымен, оқушылар қала, облыс деңгейінде ұйымдастырылатын түрлі шаралардан тыс қалмайды. Қалалық ғылыми жобалар конкурсында “Бензострой ықшам ауданы және онда тұратын адамдар” тақырыбын қорғап, екінші орынға ие болды.

 

Гүлмира Жампейісова бірінші санатты мұғалім, сынып жетекшілігі де бар. Алғашқы түлектерін 2004 жылы ұшырған. Олардың көпшілігі түрлі лауазым иелері. Былтыр түлектерінің тағы бір легін жіберіп, 5-сыныпты қабылдапты. Облыс, қала әкімінің марапаттарының иесі, Білім басқармасының Алғыс хатын алған.

– Қазір мұғалімдікке көбі бара қоймайды. Біз жоғары оқу орнын 50 адам бітірген едік. Қала бойынша соның төртеуі ғана мектептерде істеп жүр. Жұмысқа келген жас маманға басшылық тарапынан қолдау қажет. Алғаш мектепке келгенде теориялық білімнен басқа ештеңе білмедім. Мұғалімдік жұмыста бастысы – тәжірибе. Мектеп директоры Бәтима Сәдуақасова алғашқы күннен бастап бізге талап қоя да, үйренуге құлшындыра да білді. Қалада өтіп жатқан түрлі шаралардан қалдырмайтын. Соларды көре, оларға қатыса жүріп, бүгінгі тәжірибе мен білімді жинақтадым. Бүгінде бір жетістікке қол жеткізсем, әкімшіліктің қолдауы мен көмегінің арқасы. Алғашқы кезде қиналсам да, қазір сол талаптың нәтижесін көріп жүрмін. Сол үшін де мектеп әкімшілігіне алғысым шексіз, – деп өзіне жөн сілтеген жандарға ризашылығын білдірді Гүлмира Бақытқызы.

Орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдігімен қатар психолог мамандығын да меңгерген ұстаз әр балаға тұлға ретінде қарайды. Ол “Өз пәніңді сүйген аз, бастысы балаларды жақсы көру керек. Баланы жақсы көрсең, қалғаны өз ретімен болады”, деген әке ақылын жадынан шығарған емес. Көпжылдық тәжірибесінде оқушы, ата-ана, ұстаз арасында байланыс болғанда ғана нәтиже шығатынына көз жеткізген. Бірінші кезекте ата-анамен, оқушымен тіл табысуға тырысады.

– Балаға сену керек және ұстаз оқушымен әр кездескен сайын оған жаңа қырынан көрінуі қажет. Әр сабақта, әр күні оқушы ұстазының кәсібилігіне, білімдарлығына және мейіріміне тәнті болуы керек. Баланы жетістікке жету үшін артына қарайламай, өзінен озғанды қуып жетуге талпындырып, бәсеке тудыру қажет. Оқушылардың көпшілігі қолайсыз отбасылардан шыққан, мейірім мен жылуға зәру. Сондықтан біз оларға білім берумен қатар, еліміздің толыққанды азаматтары болып өсуіне жауаптымыз. Мектеп шағын жинақты болғанымен, материалдық-техникалық жабдықталуы жақсы. Тәжірибелі ұстаздардың қатысуымен семинарлар өткізіп тұрамыз, – дейді Гүлмира Жампейісова.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp