«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚАЗАҚ ТІЛІ” ӘДІСТЕМЕЛІК БІРЛЕСТІГІ үнемі ізденіс үстінде

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Роза НӘБИЕВА,

№23 орта мектептің

қазақ тілі мен әдебиеті

пәндерінің мұғалімі.

Тәрбие және дамыту мәселелері бойынша базалық №23 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиетін оқытатын мұғалімдердің алдына қойған негізгі мақсаттары – “Қазақстан Республикасындағы тіл туралы” Заңның негізгі бағыттарының, мемлекеттік білім стандартының, “Қазақстан – 2050” Стратегиясы анықтап берген және Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінің талаптарынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру. Осыған байланысты қазақ халқының тарихын, мәдениетін білмей тұрып, оқушыларды отансүйгіштікке баулу қиын екендігін, мұғалім қазіргі заманның талаптарына сәйкес жаңа, озық технологияларды игермей, оқушыларды өзге тілге үйрете алмайтындығын алдымен ұстаздардың өздері ұғуы керек. Бұл орайда біз өзіміздің алдымызға “Педагогикалық озық тәжірибені енгізу, зерттеу, қорытындылау негізінде қазақ халқының тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрлерін тану құралы ретінде қазақ тілін оқыту” міндетін қойып отырмыз.

Осыған байланысты 2012-2013 оқу жылында “Қазақ тілі” әдістемелік бірлестігінің мұғалімдері сабақта жаңа технологиялардың негізгі қағидаларын пайдаланып, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін тиімді оқытуға ұмтылады. Бұл орайда өзге ұлттар өкілдерінің қазақ тілін оқып-үйренуге деген ынта-ықыласын арттыра білудің маңызы зор. Оқушы баға алуды емес, терең білім игеруді мақсат ететіндей жұмыс істеуіміз қажет.

 

Бұл талаптың барша ұстаздарға таңсық еместігін айта кетуге болады. Мен осы қызметке кіріскен 1981 жылдан бері мұны басшылыққа алып келемін. Сол жылы Украинаның Сумы қаласындағы педагогика институтында орыс тілі мен әдебиеті мамандығын алсам, кейін Орталық Азия университетінде оқып, қазақ тілі мен әдебиеті бойынша жоғары білім игердім. Осы мектепте 1996 жылдан бері мемлекеттік тілді оқытып келемін.

Мұғалім қай сабақты оқытса да, балаға ізгілік тұрғысынан қарауға тиіс. Ол оқу мен тәрбиенің бірлігіне, баланың танымдық және шығармашылық икемділігін дамытуға, әр оқушыны өзінің қабілеті мен мүмкіндігіне қарай оқытуға, барлық оқушылардың дамуы, білім игеруі үшін жүйелі жұмыс істеуге жетісуі керек. Қазақ тілі сабақтары қазақ әдебиеті, тарих, география сабақтарымен, ал бастауыш сыныптарда есеп сабақтарымен, ән-күймен, еңбекке баулумен, дене тәрбиесімен байланыстырыла оқытылады. Осындай сабақтарда ойын ашық айта алатын, бүгінгі күннің талаптарына сай сауатты, білімді оқушыларды тәрбиелеуге болады. Бұл үшін мұғалімнің өзі көп ізденіп, көп оқып, қарадүрсіндікке жол бермей, жұмыс істеуге тиіс.

Біздің әдістемелік бірлестігіміз алдына осындай мақсат қойып отыр. Қала мектептерінің жас мұғалімдеріне арналып өткізілген семинарда ұстаздар Д.Әуілбеков, Г.Есхожина, С. Асайынова, А. Сыздықова өз тәжірибелерімен бөлісіп, өзге әріптестерімен пікір алысты.

Мектебімізде “Жер бетінде жоғалтпайық қазақ атын” деген талап бойынша іс-шаралар жиі ұйымдастырылып, өткізіледі. Оқушыларымыз өзге ұлттар өкілдерінің қазақ тілі бойынша жыл сайын өтетін пән олимпиадаларына, “Мен елімді жырлаймын” шарасына, Абай, Мағжан оқуларына үзбей қатысып келеді. Бұл орайда мектепішілік сайыстарды тұрақты ұйымдастырудың берері мол. Өзге ұлттар өкілдерінің қазақ тілін оқып-үйренуге деген ынта-ықыласын арттыру мұғалімнің біліктілігіне, табандылығына байланысты. Қазақ тілін білу, оқып-үйрену мемлекеттік маңызы бар қажеттілік екендігін оқушылардың зердесіне дарытудан жалықпау қажет. Бұл ретте Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ тілі және тілдердің үштұғырлылығы туралы талаптарын басшылыққа аламыз. “Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан оған бейжай қарамайық. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атайтын боламыз” деген Елбасымыздың “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында ел тұрғындарына арнаған талабының үдесінен көрінуді өзімнің төл міндетім санаймын.

Осының нәтижесінде біліктіліктерімен көзге түсіп, қала мектептерінің оқушыларының сынақтарында озық танылған 11-сыныпта білім алып жүрген шәкірттеріміз Сұлтан Жағыпаров, Есмұхамет Иманбаев, Евгений Стариков, Кристина Глущенко және Ирина Хваткова (8-сынып), Анастасия Ташлык (7-сынып), Анна Белова, Анастасия Гладышева (6-сынып), Глеб Голубь, Даниил Добродомов (5-сынып) сияқты шәкірттерімізді мақтан етеміз. Бұлардың үлгі-өнегелерін өзгелерге дарытамыз. Өйткені, олар мемлекеттік тілге ықыласты. Кітаби тілде ғана емес, ауызекі сөйлеуге де ынталы.

Елбасының Қазақстан халқына Жолдауларының, “Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның” және “Тілдердің үштұғырлылығы” мәдени жобасының аясында жыл сайын “Көп тіл білу – баға жетпес байлық” деген тақырыпта жоғары сынып оқушыларының байқауын өткіземіз. Оның қорытындысы бойынша тілдерді жақсы меңгерген, тіл мәдениетіне жетік, сауатты жазуға қабілетті, мемлекеттік тілде дұрыс мазмұндап айта алатын оқушыларды үлгі етіп, ата-аналарының да ықыласын арттыру үшін қазақ тілін меңгере білетін балаларын алғыс хатпен марапаттаймыз.

Жастардың үш тілді меңгеруге деген қызығушылығын арттыру және жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті тұлға етіп тәрбиелеу үшін жүйелі жоспар жасап, сол іс-шараларды тұрақты өткізу өз жемісін беруде. Соның нәтижесінде мектебімізді үздік тамамдаған Эльмира Жиганшина деген түлегіміз Қарағанды мемлекеттік медицина институтына түсіп, оқып жүр. Ол тест тапсырғанда қазақ тілін жақсы меңгергенінің пайдасы тигенін айтады.

Қорыта айтқанда, мемлекеттік тілді меңгеруге бағытталған іс-қимылдардың барлығы жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуын, өздігінен шығармашылықпен жұмыс істей білу қабілетін, біліктілігін, машығы мен дағдыларын қалыптастыру мақсатын көздейді.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp