«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛЕКСАНДР ЛИПОВОЙҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір жұртшылығына танымал еңбек ардагері, Петропавл қаласының Құрметті азаматы Александр Липовой 85 жасқа келді. Мерейтой иесін облыс әкімі Самат Ескендіров құттықтады. Сондай-ақ бұл күні ардагер дос-жаран, әріптестерінің де жылы лебізіне бөленді.

Самат ҚАЙЫРДЕНҰЛЫ,

журналист.

Александр Липовой еңбек жолын 1949 жылы Петропавлдағы темір жол электр станциясынан бастаған. Көп жылдар бойы осы салада жұмыс атқарған ол өңірдің дамуына сүбелі үлес қосты. Қарапайым энергетиктен Петропавл қалалық партия комитетінің бірінші хатшылығына дейін көтерілді. Сексеннің бесеуіне келген ардагер құрметті демалысқа шықса да, әлі де қоғамдық жұмыстарға белсене араласып тұрады.

 

“Александр Липовойдың есімі облысқа жақсы танымал. Бұл азаматты баршамыз жақсы білеміз. Ол өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына атсалысты. Осы өңірде бірқатар келелі шаруаларды атқарды. Өзінің еңбексүйгіштігінің арқасында қарапайым электриктен жоғары қызметке дейін көтерілді. Бүгін, міне, ардагер 85 жасқа келіп отыр. Облыс жұртшылығының атынан Сізді осы мерейтойыңызбен құттықтаймын!” – деді облыс әкімі Самат Ескендіров.

Александр Липовойдың еңбегі лайықты бағасын алып, бірнеше мемлекеттік наградалармен марапатталған. Ерен еңбегі бүгін де ұмыт қалған жоқ. Жиын барысында өңір басшысы мерейтой иесіне Құрмет грамотасын табыс етті.

Ардагердің қуанышына замандастары да ортақтасты. Салтанатты шарада РФ Президенті жанындағы Ресей мемлекеттік қызмет академиясының профессоры, экономика ғылымының докторы Анатолий Спицын мерейтой иесін туған күні және ТМД елдеріне еңбегі сіңген энергетигі атағын алуымен құттықтады. Сондай-ақ ол “Самұрық-Энерго” АҚ сыйақысын және “Сталинград үшін шайқасқа – 70 жыл” медалін табыстады. Ал облыс әкіміне Анатолий Спицын академик Вернадскийдің дипломы мен күміс медалін табыс етті. Сондай-ақ Александр Егоровичке Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінен “ҚР-ның Құрметті энергетигі” атағы берілді.

Ардагер өз кезегінде көрсетіліп жатқан құрметке ризашылығын білдірді.

“Алтын уақыттарыңызды бөліп, менің мерейтойыма ортақтасуға келгендеріңізге алғысымды білдіремін. Сіздер тізген жетістіктер – біздің ортақ жеңісіміз. Бастаған ісіміз өшпей, бүгін оны ізбасарларымыз жалғастырып жүр. Оның айғағы – Қазақстан жыл санап әлемге танылып, дамудың даңғыл жолына түсті. Сондықтан осындай мемлекетте жұмыс жасап, азды-көпті үлесімді қосқаныма қуаныштымын”, – деді ол.

 

Суретті түсірген Виталий ВЛАСЕНКО. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp