Қазақстан Республикасы Үкіметі бекіткен “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасы күшіне енді. Бағдарламада тұрғын үй нарығындағы жағдайды жан-жақты жақсартуға және еліміздің азаматтарының тұрғын үй жағдайы сапасын арттыруға тиісті бірқатар бағыттар бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылғы қаңтар айындағы Жолдауында осындай бағдарлама жасау туралы тапсырма беріп, сол жылдың шілде айында ол жедел іске қосылды. Үкіметтегі бағдарлама жобасын талқылаудың қорытындылары бойынша баспасөзде оның шарттары көпшілік тұрғындар үшін көтере алмайтын ауыр жүк екендігі және жұмыс құралы бола алмайтыны көп айтылып, көп жазылды. Сондықтан жоба қайта-қайта өңделіп, әбден пысықталды. Міне, сөйтіп жан-жақты талқылаудан өтіп барып қана бекітілді. Қазір бағдарлама толыққанды жұмыс істеуде. Аталмыш бағдарламаның екі бағыты еліміздің тұрғындарының ең қалың тобына арналған тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесі арқылы жүзеге асырылуда. Осы аталмыш екі бағыт бойынша бағдарламаның қандай мәнмағынасы, ерекшеліктері мен жаңалықтары барын білу мақсатында “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ы облыстық филиалының директоры Балахмет Молдиновты сөзге тарттық.
– Балахмет Рахметұлы, алдымен тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесі арқылы жүзеге асырылатын “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасы бағыттарының мән-мағынасы туралы айтып берсеңіз?
– Бекітілген “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасы, өзіңіз дұрыс атап отырғандай, тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесі арқылы 2 бағытта жүзеге асырылады. Оның біріншісінде жергілікті атқарушы органдар (ЖАО) тарапынан тұрғын үй құрылысы жүргізіліп, оны тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесі арқылы барлық санаттағы азаматтарға сату, соның ішінде баспананы ұзақмерзімдік жалға беру және жалға алушылар үшін кейінде сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. Ал екінші бағыт бойынша жергілікті атқарушы органдар тарапынан тұрғын үйлердің құрылысы жүргізіліп, оны жалға бергеннен кейін жас отбасыларына жекеменшікке сатып алуға мүмкіндік беру көзделеді.
Бірінші бағыт бойынша ЖАО салған тұрғын үйлерді банк қарызы және жинақталған жинақтар есебінен тұрғын үй құрылыс жинағының салымшылары сатып алатын болады деп көзделген. Тұрғын үй сатып алу үшін салымшыда төлем қабілеті жеткіліксіз, бірақ жалдық ақысын төлейтін жинақ жинақтау үшін төлем қабілеті жеткілікті болған жағдайда салынған тұрғын үй оған ұзақмерзімдік жалға (жалдың ең ұзақ мерзімі – 8 жылға дейін) берілетін болады. Осы кезең ішінде жалға алушы тұрғын үйді сатып алуға төменгі ставкалар бойынша одан әрі тұрғын үй қарызын алу үшін тұрғын үй құрылыс жинағын жинақтайтын болады. Аталмыш бағыт бойынша жалға кейінде сатып алу арқылы тұрғын үй алу мүмкіндігі, бағдарламада атап көрсетілгендей, 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырылуда.
Екінші бағдарлама бойынша ЖАО жас отбасыларына (ерлі-зайыптылардың жасы 29-дан аспауы тиіс) кейінде сатып алу құқымен ұзақмерзімдік жалға берілетін жалдық тұрғын үй тұрғызатын болады. Жалдық тұрғын үйде 8 жылға дейін мерзімде тұрған кезінде жас отбасылар одан әрі осы тұрғын үйді сатып алуға тұрғын үй қарызын алу үшін тұрғын үй құрылыс жинағын жинақтайтын болады. Бұл жағдайда белгіленген көлемде жинақ жинақтау салымшының міндеті болып табылатынын атап өткен маңызды. Салымға белгіленген тәртіпте жарналар жинақтай алмаған жағдайда жалға алушы жалдық тұрғын үйді босатуы тиіс, өйткені, егер белгіленген тәртіпте жинақ жүргізілмейтін болса, онда тұрғын үйді сатып алуға тұрғын үй қарызын алудың да мүмкіндігі болмайды. Жалдық тұрғын үйге енуі үшін жалға алушының тұрғын үй құрылыс жинағы шотындағы салымға ай сайынғы 6 еселік жарна көлемінде кепілдік жарна енгізілуі керек. Аталмыш жалға алу шарты бірінші бағыттың қатысушылары үшін де қолданылады.
Жас отбасылар үшін басты басымдық сол – ең ұзақ 8 жылға дейін мерзімге жалға алу кезеңінде жастардың отбасылық бюджетіне түсетін салмақты жеңілдету үшін жалдық ақы алынбайтын болады. Тек коммуналдық қызметтердің (су, жарық және т.б.) шығындары ғана төлемге жатады.
– Егер мен дұрыс түсінген болсам, тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесі арқылы жүзеге асырылатын бағдарламаның бірінші бағыты бойынша біреулер бірден пәтер алуы мүмкін, ал енді біреулер кейінде сатып алу құқымен жалға ала алады.
– Иә, дұрыс айтасыз. Ол бағдарламаға қатысушының төлем қабілетіне байланысты. Оны мына мысалда қарастырып көрейік. Егер пәтер көлемі 60 ш.м., 1 ш.м. бағасы 90,0 мың теңге тұратын болса, онда пәтер құны 5,4 млн. теңгені құрайды.
Тұрғын үй сатып алу үшін, егер алдын ала қарызға қызмет көрсетудің 8 жылдық мерзімі таңдалған болса, онда төлем (бұл қаржы салымшыда алдын ала жинақтары болмаған жағдайда беріледі) ай сайын 64 620 теңгені құрайды. Аталмыш төлем алдын ала қарыз бойынша ставканың теңгемен жылдық 8 пайызды құрайтынын есепке алады (мұндай ставка бюджеттік кредит қаржыларын пайдалану есебінен мүмкін болып табылады). Алдын ала қарызға қызмет көрсету мерзімі өткеннен кейін теңгемен жылдық 4 пайыздық ставка бойынша 15 жылға дейінгі мерзіммен тұрғын үй қарызы берілуіне байланысты ай сайынғы төлем 18 900 теңгеге дейін төмендейді.
Тұрғын үйді жалға алу үшін жинақтарды жинақтау бойынша ай сайынғы төлем сол бұрынғы шарттар бойынша 28 620 теңгені құрайды, коммуналдық қызметтерге шығындар төлемінен басқа жалға алу төлемі қосымша ай сайын 60 00 теңгені құрайды (бағдарлама шарттары бойынша – 1 ш.м. үшін 100 теңгеден артық емес). Жинақтаудың барлық шарттары орындалған жағдайда жалға алу мерзімі өткеннен кейін жалдық тұрғын үй сатып алуға тұрғын үй қарызы берілетін болады, оның ай сайынғы төлемі 18 900 теңгені құрайды.
Егер төлем қабілеттілігі мүмкіндік берсе, онда бағдарламаға қатысушы алынған қарыз есебінен бірден тұрғын үй сатып алады, егер болмаса – онда бағдарлама кейінде жалдық тұрғын үй сатып алуға жинақтар жинақтау үшін тұрғын үй жалдау мүмкіндігін береді. Бұл ретте бағдарлама оның қатысушысының жалдық тұрғын үйге талап құқы бар – 15 еселік ең төменгі күнкөріс көлемінен асырмайтын ең жоғары таза отбасы кірісіне шектеу қояды. Ол жалдық тұрғын үйлердің кіріс деңгейі төмен тұрғындар санатына берілуі үшін қарастырылған.
– Ал жас отбасылары үшін “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ы қандай рөл атқарады? Егер тұрғын үйді жергілікті атқару органдары тұрғызатын болса, бағдарлама қатысушыларына кім таңдау жүргізеді?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, тұрғын үйлерді жергілікті атқарушы органдар салады. Жас отбасыларына таңдау жүргізетіндер де солар. Бұл ретте жас отбасылары үшін бағдарламасының ұстанымы мынадай:
– ерлі-зайыптылардың екеуінің де жасы бағдарламаға қатысуға өтініш берген сәтте 29 жастан аспауы керек;
– өтініш берген сәтте тіркелген неке кезеңі 2 жылдан кем болмауы тиіс;
– отбасы құрамына ерлі-зайыптылар, кәмелетке толмаған және еңбекке қабілетсіз балалар, ерлі-зайыптылардың еңбекке қабілетсіз ата-аналары енеді;
– бағдарламаға қатысуға өтініш берілетін елді мекенде тіркеуге тұру;
– кейінде сатып алу құқымен жалдық тұрғын үйге түсу үшін бағдарламаға қатысуға өтініш берілетін елді мекенде бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің меншік құқында тұрғын үйлерінің болмауы;
– соңғы 5 жылдың ішінде ерлі-зайыптылардың және олардың отбасы мүшелерінің қасақана тұрғын үй жағдайын нашарлату фактілерінің болмауы;
– отбасының ай сайынғы жинақталған таза кірісінің (зейнетақы аударымдарын, жеке кіріс салығын және басқа аударымдарды алып тастағанда) өтініш берердің алдындағы 6 айдың ішінде мына шектерде болуы:
а) ең төменгі – Алматы, Астана қалалары үшін төменгі 4 реттік күнкөріс көлемі, басқа қалалар үшін – төменгі 3 реттік күнкөріс көлемі;
б) ең жоғары – төменгі 12 реттік күнкөріс көлемінен артық емес.
Тек тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесінің салымшысы бағдарламаның осы бағытының қатысушысы бола алады. Бұл бағыттағы банк рөлі ықтимал жалдаушы отбасыларының төлем қабілеттігін бағалауда, жалдық кезеңдегі салымдар жинағына мониторинг жасауда, сол сияқты жалдық тұрғын үйді сатып алу үшін одан әрі тұрғын үй займдарын беруде байқалады.
– Енді бағдарламаның осы екі бағыты аясында қанша тұрғын үй тұрғызылатыны туралы айтып берсеңіз?
– Бағдарламының бірінші бағыты аясында еліміз бойынша 2012 жылдан 2020 жылға дейін 3 млн. шаршы метрге жуық, ал екінші бағыты аясында – 1,5 млн. шаршы метр тұрғын үй құрылысын іске қосу жоспарлануда. Өзге өңірлердегі сияқты бұл жұмыс біздің облыста да өткен жылы бастау алды. Жыл соңында Петропавл қаласындағы Интернационал көшесі, 4 “Г” үй мекенжайы бойынша 55 пәтерлік және Юбилейная көшесі, 5 “Н” үй мекенжайында 126 пәтерлік екі үй пайдалануға берілді. Сондай-ақ тұрғындардың барлық санаттары үшін осы бағыт бойынша былтырғы жылдан бастап Уәлиханов – Шухов көшелерінің қиылысында – 90 пәтерлік, Жеңіс көшесінде – 55 пәтерлік және “Береке” шағын ауданында 45 пәтерлік тұрғын үйлердің құрылысы жүріп жатыр. Олар осы жылы пайдалануға берілетін нысандар болып табылады.
“Жас отбасы” бағыты бойынша Петропавл қаласында үш үйдің құрылысы жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары 2012 жылдың тамызында басталған “Береке” шағын ауданындағы 75 пәтерлік тұрғын үйге салымшылардан өтініш қабылдау өткен жыл соңында басталып, биылғы бірінші тоқсанда аяқталды. Ол биылғы жылдың қазан айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бағдарламаның бұл бағыты бойынша өтініш қабылдаудан бастап, барлық ұйымдастырушылық шараларын жергілікті атқару органы жүргізеді. Осы “Береке” шағын ауданында былтырғы желтоқсан айында жас отбасылары үшін тағы 15 және 27 пәтерлік екі тұрғын үйдің құрылысы басталды. Оларға салымшылардан өтініш қабылдау әлі басталған жоқ. Құрылыстары қарқынды жүріп жатқан аталмыш нысандардың барлығы осы жылы пайдалануға берілуі керек.
– “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасында сіздерден басқа кімдер операторлар болып табылады?
– Елбасының Жолдауында атап көрсетілгендей, осы қолжетімді тұрғын үй бағдарламасымен бізден басқа “Қазақстандық ипотекалық компания” АҚ-ы мен “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ” АҚ-ы да айналысады. Осы операторлардың әрқайсысының бағдарламаны жүзеге асырудағы өз бағыттары бар. Бәріміз де халық игілігі үшін еңбек етеміз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Тоқтар ЗІКІРИН.
“Солтүстік Қазақстан”.