«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ДАМУ” АУДАНДАРДЫ АРАЛАУҒА КІРІСТІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ-ның өңірлік филиалындағы кәсіпкерлікті қолдаудың жедел орталығы аудандарды аралауды Бескөлден бастады.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Аудан әкімдігі жанына жиналған жұртты күнұзаққа екінші деңгейдегі банк филиалдарының өкілдері, жер және салық инспекцияларының қызметкерлері қабылдады. Мамандар жұртшылықты бизнес жолында қолбайлау болған кейбір мәселелерді бірге шешуге шақырып, оларға мемлекет пен қаржы институттары тарапынан қандай көмек пен мүмкіндік жасалатындығы туралы ақпарат әрі кеңес берді.

Осы жолы “Даму” қорының ұйымдастыруымен баспасөз туры ұйымдастырылды. Ондағы бірінші нысан “Радуга” ЖШС-і болды. Ол “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша екі жобаны мемлекеттің көмегімен жүзеге асыруда. Бірінші жоба полимерлерді қайта өңдеу бойынша өндірісті жаңғырту да, екіншісінде шекілдеуікті қуыру және қаптауға арналған құрал-жабдықтар, сондай-ақ автокөлік паркін кеңейту мақсаты көзделді. Нәтижесінде қосымша 9 жұмыс орны ашылды.

 

1994 жылы құрылған серіктестік бүгінде еліміздің 11 өңірінде сауда орталығын иеленген қарқынды дамып келе жатқан кәсіпорын болып табылады. Жалпы аталмыш серіктестікте еңбек ететіндердің саны мыңға жуық болса, ал Бескөл ауылында орналасқан өндіріс басында 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын соңғы жылдары өндірісті жаңғырту шараларына үлкен назар аударып отыр. Ондағы шекілдеуік өндіретін цех соңғы заманауи станокпен жарақтандырылған. Оны кәсіпорын 142 миллион теңгеге сатып алса, оның 112 миллион теңгесін қаржы институтынан қарызға алған. Банктің 14 пайызбен берген жылдық сыйақы мөлшерлемесінің 7 пайызын мемлекет демеуқаржы арқылы жапты. Жаңа құрал-жабдықтардың арқасында өнімділік 5 есе артқан. Сондай-ақ өнімді қаптайтын екі су жаңа аппараттың зауыттан шыққан майлары кеуіп те үлгермепті.

Сонымен қатар бұл шаруашылық 2012 жылдың күзінен бастап полимер материалдарын екінші рет өңдеп, пластмассадан түрлі бұйымдар жасауды қолға алып отыр. Полимер материалдармен жұмыс істеу цехы да заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Олар бұл жобалары үшін қажетті шикізатты күл-қоқыс полигонынан және жекелеген адамдардан сатып алу арқылы ұйымдастырып отыр. Шындығы керек, қаламыз бен даламызда шашылып жатқан полиэтилен қаптар мен бөтелкелердің бір кәдеге жарап қалғандығы қуантады. Айына 50 тонна қоқыс жиналып, ол өндірісте жуылып-шайылып, одан күнделікті тұрмысқа қажетті заттар жасалып жатыр.

Бескөл ауылындағы “Молсервис” ЖШС-і – 1991 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан серіктестік. Жылына 5 мың тонна сүт және сүт өнімдерін өндіретін кәсіпорын тауарларымен өңірімізді ғана емес, сондай-ақ еліміздің Астана, Көкшетау, Қарағанды, Теміртау, Рудный сияқты қалаларын да қамтып отыр. Бүгінде 30-ға жуық өнім атауларын шығарып отырған шаруашылыққа да мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде.

– Осыдан екі жыл бұрын өндірісті жаңғырту мақсатында қаржы институты арқылы 100 миллион теңге несие алдық. Бұл несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесінің 7 пайызына “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша демеуқаржы берілді. Әрине, бұл – шаруашылық үшін үлкен көмек. Маусым айында несиенің соңғы жарнасын өтейміз де, өндірісті одан әрі жаңғырту үшін банк арқылы тағы құрал-жабдықтар аламыз. Сүт өнімдерін өндіретін құрал-жабдықтар өте қымбат. Мәселен, біз алғалы отырған сүт тазалағыш 60 миллион теңге тұрады. Ал ол үшін өндірістің айналымдағы қаржысын жұмсай алмайсың. Олай істейтін болсақ, серіктестіктің ахуалын төмендетіп аламыз. Несие арқылы жаңғырту шаралары оңай шешіледі, – дейді “Молсервис” ЖШС-нің директоры Сергей Чепурко.

Бүгінгі таңда “Молсервис” ЖШС-де 125 адам еңбек етеді. Олардың орташа айлығы 75 мың теңгені құрайды. Осылайша өндірісті заманауи техникалармен жаңғыртуды қолға алған шаруашылықтың болашағы зор екендігіне, оның өңір экономикасына қосып отырған үлесінің мол екендігіне көз жеткіздік.

Үшінші бағыт Петропавл қаласындағы кәсіпкер Тілеужан Бейсембаевтың автотұрағы болды. Бүгінгі таңда автомобиль көлігімен жүк тасымалдау үлкен сұранысқа ие. Сондықтан жұртшылыққа ең қажетті қызметтердің бірі болып саналатын салаға мемлекеттің қолдауы да зор. Аталмыш жеке кәсіпкерлік “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша “Еуразиялық банк” филиалы арқылы 43 мың АҚШ доллары кредитін алған. Оның 14 пайыздық жылдық үстемеақысының 7 пайызы мемлекет қаржысымен жабылды. Енді кәсіпкер 20 тонналық көлігімен Мәскеу, Алматы, Санкт-Петербург қалаларына дейін жүк тасымалдап, өз жұмыстарын атқарып жүр.

– Шындығында “Даму” қорының қолдауы болмаса, біз шаруашылығымызды кеңейте алмас едік. Өйткені, қомақты қаржы үшін біздің банкке қоятын кепілдігіміз болмады. Оны қор жасады. Сондай-ақ несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесін төлеуде жеңілдік көріп отырмыз. Біз сияқты бизнесін жаңа бастаған кәсіпкерлерге осындай мемлекеттің қолдауы болғаны зор көмек, – дейді Тілеужан Бейсембаев.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp