Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасында кәсіпкерлік субъектілері үшін бизнестің өзекті мәселелеріне арналған “Ашық есік күні” өтті. Кездесу жиынын басқарма басшысының орынбасары Александр Иванищев ашты.
Бірінші болып мінбеге көтерілген облыстық Әділет департаментінің заңды тұлғаларды тіркеу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Сабина Үмбетова заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді тіркеу туралы Қазақстан Республикасы заңнамасына енгізілген өзгерістерді сөз етті. Онда ол тіркеу мерзімінің айтарлықтай қысқарғаны, оған қажетті құжаттарды электрондық түрде жіберуге болатынын, қазір бұрынғыдай заңды тұлғаның Жарғысы және салық берешегі жоқтығы туралы құжаттың талап етілмейтінін айтты. Маманның ойынша, тыңғылықты әзірлікпен келген жағдайда бір күннің ішінде де бизнес ісін ашуға болады.
Келесі кезекте сөз алған облыстық Әділет департаментінің зияткерлік меншік құқықтары жөніндегі бөлім басшысы Гүлжәмила Бектұрова зияткерлік меншікті қорғау аясын дамыту жайына тоқталды. Зияткерлік меншік құқының заңдылық талаптарын кәсіпкерлердің сақтай бермейтіні анық. Көбінесе ол түсінбеушіліктен, заңды жетік білмеуден туындайды. Маман зияткерліктің авторлық және аралас құқықтарына тоқталды. Мысалы, қолданыстағы құжаттық ісқағаздары, олардың аудармалары, мемлекеттік рәміздер, мәлімдемелер мен хабарламалар авторлық құқықпен қорғалмайды. Авторлық құқыққа жататындары төл шығармашылықтың әдеби, драмалық, сурет, графикалық, архитектуралық, дыбыс және бейне жазбалар және тағы басқа туындылар болып табылады. Авторлық құқық тек өлгеннен кейін 70 жылдан соң жалпыға ортақ игілікке айналады. Ал аралас құқық авторымен келісімшартқа тұру және лицензия арқылы жүзеге асырылады. Кәсіпкерлер көбінесе осындай зияткерлік өнімдерді пайдаланады, оған, әрине, өте мұқият болған жөн, деді хабарламашы.
Осы тақырыпты жалғастыра әңгіме өрбіткен “Зияткерлік меншік ұлттық институты” филиалының директоры Марина Терехина қорғау құжаттарын, оның патентін және куәлігін алуға өтініш беру рәсімдеріне тоқталды.
Кездесуге жиналған кәсіпкерлер қаралған мәселелер бойынша сұрақтар қойып, оған қанағаттанарлықтай жауап алды.