Петропавлда қала мектептері түлектерінің арасында өткен оқу-жаттығу жиыны аяқталды. Оқу жылының қорытындысы бойынша бастапқы әскери дайындық орталығы үздік оқушылар мен мұғалімдерді марапаттады.
Фархат ТАСТАМБЕКОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Жиынға 465 бозбала мен 574 бойжеткен қатысты. Олар екі лекке бөлініп, бес күн қатарынан 30 сағаттық бағдарлама бойынша жаттықты.
Қыз балалар 1-ші және 3-ші қалалық ауруханаларда тәжірибе жинақтап, бастапқы әскери дайындық орталығында зардап шегушіге алғашқы көмек көрсетуді үйреніп, тест түріндегі сынақтан өтті.
Ал ұлдар болса әскери өмірдің аз да болса дәмін татып көрді. Ол үшін №40 орта мектепте 5 дайындық алаңы ұйымдастырылды. Оқу-жаттығуда сап түзеген түлектерден бес взвод жасақталды. Олар тактикалық дайындықтан өтіп, әскери қызметтің негіздерін үйренді. Азаматтық қорғаныстың қыр-сыры мен әскери топографияның әдістерін, атыс даярлығын меңгерді.
Оқу-жаттығу жиынын облыстық әскери комиссариаттан өкілдер келіп тамашалады. Ауған және Ұлы Отан соғысы ардагерлері қонақ болып келіп, ел қорғаны болатын жастардың қауқарын байқады.
– Жиын жақсы өтті. Балалар бағдарламаны жетік меңгеріп шықты. Осында үйренгендерін олар тәжірибе жүзінде де іске асыра алады, – дейді орталық директоры Петр Озеров.
Оқу-жаттығу жиындары аяқталысымен ең үздік мектеп ұжымдары, дене шынықтыру және АӘД сабағының мұғалімдері марапатталды. Жиынға қатысқан түлектердің барлығына салтанатты түрде куәлік беріліп, солардың ішінде жоғары нәтиже көрсеткендер аталып өтілді.
Суретті түсірген автор.