Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Самат ЕСМАҒИ,
журналист.
Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Жан-Шарль Бертанэ Петропавл қаласына жұмыс бабындағы сапармен келді. Жоғары мәртебелі елші делегация мүшелерімен бірге Петропавл әуежайынан бірден С. Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханаға ат басын бұрды. Осы мәдениет ошағының “Қоғамдық сұхбат” баспасөз орталығында петропавлдық іскер топтың өкілдерімен кездесу өтті.
Облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов жиналғандарға Франция елшісінің бұл сапарының негізгі мақсаты – Қызылжар өңірінің инвестициялық мүмкіндігінің тұсаукесерімен бірге өзара ақпараттар алмасу екендігін атап көрсетті. Былтыр Франция мен Солтүстік Қазақстан облысының арасындағы тауар айналымы 2,7 миллион АҚШ доллары болған. Еуропаның экономикалық дамыған елдерінің бірі болып саналатын Франциядан біздің облысқа медициналық аппаратуралар мен құрал-саймандар, көліктік, ауыл шаруашылығы және өндірістік мақсаттағы құрылғылар мен қондырғылар, минералдық тыңайтқыштар, кір жуатын және косметикалық құралдар, полиграфиялық бұйымдар жеткізіледі. Табысты ынтымақтастықтың мысалы да бар. Облысымыздағы “Молсервис” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі еліміздің Индустрияландыру картасы шеңберінде Франциядағы “Тимонье” компаниясының қондырғыларын пайдалану жолымен өндірісті жаңғыртуды қолға алды. Бұл жоба нәтижесінде сүт және суытылған сүт сусындарының сапасы жақсарып, оларды өткізу рыногы кеңейген.
– Мен Қазақстанда үшінші жыл елшілік қызмет атқарудамын. Осы уақыт ішінде Қазақстанның бірнеше облысында болып, елімнің осы өңірлермен іскерлік қатынастар орнатуына өз септігімді тигізудемін. Бүгінгі сапарымның мақсаты да осы. Бұл облыста Қазақстан астығының үштен бірінің өндірілетінін, ауыр машина жасау, тағам өнеркәсібінің жақсы дамығанын білемін. Сондықтан екі ел арасындағы шағын және орта бизнес өкілдері үшін ынтымақтастығын кеңейтудің жолдары көп, – деді Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Жан-Шарль Бертанэ.
Облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Александр Иванищев, “Солтүстік” әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы инвесторларға қызмет көрсету орталығының жетекшісі Амантай Жүсіпов Франция елінің өкілдеріне Қызылжар өңірінің экономикалық әлеуеті, инвестициялық мүмкіндігі туралы қысқаша ақпарат берді.
Француз тілінің маманы Гүлнәр Арапқызының сөзі француз елшісіне жақсы әсер қалдырды. Бүгіндері облыс орталығында француз тілі “БЭСТ” лицейі мен қазақ мектеп-гимназиясында ғана оқытылады екен. Оның қолдану аясын кеңейту мақсатында жоғары мәртебелі елші Петропавл қаласында француз тілі мен мәдениетінің орталығын ашуға, оған қажетті қолдау көрсетуге уәде етті.
Петропавл қаласындағы “Ремплазма” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Леонид Киселев, “Сұлтан макарон бұйымдары” акционерлік қоғамының президенті Идрис Картал өз кәсіпорындары өндіретін өнімдері тұрғысынан Франциямен тығыз қарым-қатынастар орнатудың мүмкіндіктері туралы ойларын ортаға салды. Бүгіндері Алматы, Астана, Атырау, Ақтау қалаларында бірлескен кәсіпорындар табысты жұмыс істеуде. Франция – Еуропадағы ауыл шаруашылығы жақсы дамыған елдердің қатарында. Сондықтан бұл салада шағын және орта бизнес өкілдері үшін қарым-қатынас ауқымы кең болмақ.
Қазақстандағы Франция Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі сенбі күні облыс әкімі Самат Ескендіровпен кездесті. Өңір жетекшісімен әңгіме барысында Жан-Шарль Бертонэ Солтүстік Қазақстаннан алған әсерімен бөлісті. Ол Киров атындағы зауыттың жұмысымен танысып, “БЭСТ” гимназиясының шәкірттерімен жүздескен. Ал “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігінде ауыл шаруашылығы саласының соңғы жетістіктерімен танысқан. Кездесу барысында Самат Ескендіров және Жан-Шарль Бертонэ теріскей мен Франция кәсіпкерлері арасында өзара ынтымықтастық пен әріптестік орнату төңірегінде де әңгіме өрбітті. Одан екі жаққа да пайда болары сөзсіз.
Жан-Шарль Бертонэ бірінші кезекте өз ісінің білгірі атанған адамдармен кездескенін мақтан тұтатынын айтты. “Облыс әкімімен әңгіме барысында Солтүстік Қазақстан облысы мен Франция арасында өзара әріптестік орнату жөнінде ой қозғалды. Ол, әсіресе, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы саласына қатысты болмақ. Мәселен, біздің Сіздердің өңірлеріңізге ірі қара жеткізуге мүмкіндігіміз бар. Бұл ретте өңір жетекшісі көзделген мақсатқа қол ұшын беруге дайын екендігін атап көрсетті. Жобаны бірлесіп жүзеге асырамыз деп ойлаймын. Енді бұл кездесуден соң Астанаға барып, жобаларды жүзеге асыруға, нақты істерге көшеміз”, – деді ол.