«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК ЕРІ мектеп оқушыларымен кездесті

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстанның Еңбек Ері, жерлесіміз Геннадий Зенченко Петропавл қаласындағы №8 орта жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие мектеп-кешенінің оқушыларымен кездесті.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Кездесуді ашқан білім ордасының директоры Қанат Бақтыбаев алғашқылардың бірі болып Қазақстанның Еңбек Ері атанған белгілі диқан, білікті басшы Геннадий Зенченконың есімі де, еңбегі де елге аян екендігін атап көрсетті.

Содан соң мектептің бас ұстазы кештің тізгінін шәкірттеріне берді. Онда мектеп оқушылары көкейлерінде жүрген сұрақтарын атақты жерлестеріне тікелей қою мүмкіндігіне ие болды. Танымал диқан қойылған сұрақтарға тұшымды жауап берді.

– Бүгінгі таңда шаруашылығымыз жылдан-жылға көркейіп келеді. Мемлекеттік демеуқаржы арқасында мал шаруашылығын дамытуды қолға алдық. Сондай-ақ біз үшін еңбек адамы маңызды. Біз мұғалімдер, ауыл шаруашылығы саласының жас мамандары үшін тұрғын үйлер салып жатырмыз. Ауылдағы үйлердің 70 пайызынан астамы орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылып, сумен қамтамасыз ету мәселесі шешілген. Жастар үшін спорт кешені, ойын-сауық орталықтары бар. Бір сөзбен айтқанда, жас мамандарға жасалған жағдай қаладағыдан еш кем емес. Тек жастардың ауылға барып, еңбектенемін деген ниеті шамалы, – деген Еңбек Ері балғын жастарды еңбекке белсенді араласуға шақырды.

Кездесу барысында қатысушылар бүгіндері озық технологияларды қолданудың және табынның генетикалық өнімділігінің арқасында табысқа кенеліп отырған серіктестікте ет және сүт өнімдері өндіріліп, өткізілетіндігін, сондай-ақ асылтұқымды қашарлар өсіріліп, фермада жылқы бағылатындығы туралы мол ақпарат алды. Әсіресе, Новоникольское ауылында орнатылған жел-энергетикалық қондырғылар оқушылардың қызығушылығын тудырды.

– Әлемде жел генераторларын қолдану технологиясы кең таралған. Бұл – уақыт талабы. Биіктігі – 54 метр, салмағы 74 тонна болатын екі қондырғы Германия елінен жеткізілді. Жобаның жалпы құны 1 миллион еуроны құрады. Жел генераторы жылына 8,7 млн. киловатт/сағат электр энергиясын өндіреді, – деген “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігінің басшысы Геннадий Зенченконың айтуынша, аталған қондырғы шаруашылықтың сұранысын толығымен қамтамасыз етеді.

Кездесу соңы мектептің өнерлі оқушыларының концерттік бағдарламасымен аяқталды. Оқушылар мен ұстаздар Геннадий Зенченкомен бірге естелік суретке түсті.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp