Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Биылғы сәуір айының басында Мағжан Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжінде ұлы ақынның туғанына 120 жыл толуына арналған “Республикалық Мағжан оқуы” байқауы өтіп, жиырма бір үміткер сынға түскен еді. Солардың ішінде Кирилл Хохлан, Сергей Воронцов сынды орыс оқушылары да болды. Біздің назарымызды ерекше аударғаны С. Воронцов еді.
К. Хохлан Мағжанның бірнеше өлеңдерін жатқа оқып, байқау шарттарына сай біліктілік көрсеткенімен, жырды мәнерлеп жеткізуде көзге түсе алмады. Бір сарынды оқыған өлеңдері әлі де төселіп кете алмағанын аңғартса, С. Воронцов жақсы әсер қалдырды.
Соның арқасында ол Мағжанның өлеңдерін нақышына келтіріп оқуда кейбір қазақ жастарынан озып, жоғары тоғыз ұпайға қол жеткізген.
Әлі он тоғыз жасқа тола қоймаған Сергей қазақ тілінде жатық та еркін сөйлейді.
Гуманитарлық колледждің екінші курсында мемлекеттік тілде білім алып жүрген Сергейдің айтуынша, ол өзі туып-өскен Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Урожайное ауылында бастауыш мектепте оқып жүргенінде ешбір ұстаз оны қазақ тілін жетік меңгеруге үйретіп, ынта-ықыласын оята қоймаған.
– Ауылымыз Петропавлдан үш жүз алпыс шақырым жерде, шалғайда орналасқан. Біздің елді мекенге келіп-кетіп жүрген қазақтар да көзге шалына бермейтін, – деді ол. – Алайда, тағдыр жазып, мен қазақша оқып, сауатты жазумен көзге түстім. Бірақ мұның алғашқы себебін сол кезімде өзім де сезбей қалыппын…
Сергей алтыншы сыныпта оқып жүргенде Урожайное ауылына жақсы мұғалім келеді. Ол Шал ақын ауданындағы Жаңажол ауылының тумасы Самал Нұртазина екен.
– Ол кісінің менің қазақ тілі мен әдебиетіне деген ықыласымды қалайша күшейтіп жібергенін білмеймін. Өте талапшыл, ерінбей-жалықпай үйретіп, қазақ сөзінің құдіретін бойға дарыта білген және Абайдың, Мағжанның, Мұқағалидың, сондай-ақ қазақ жырының басқа да дүлдүлдерінің өлеңдеріне бойлатып, таным-білімімнің көкжиегін күннен-күнге кеңейткен осы ұстазыма алғысым шексіз. Оның пәндеріне мұқият дайындалып, әр сөзін зердеме түюге талпынатын едім, – деді С. Воронцов.
С. Нұртазинаның алдынан екі жыл дәріс алып, қазақ тілін бірқыдыру меңгеріп қалған ол аудандық біліктілік байқауларына қатысып, олимпиадаларда топ жарады. Оның бұл жетістігіне мұғалімі мен ата-анасы Владимир Сергеевич пен Алла Валерьевна да ерекше риза болып, қазақ тіліне құштарлығына қуанады.
Мемлекеттік тілге осындай құрмет қанаттандыра түскен уақытта сүйікті мұғалімі мектептен басқа жерге ауысатынын естіп, ынталана оқып жүрген шәкірттердің ұнжырғасы түседі.
– Оның орнына келген мұғалім тілге деген ықыласымызды нығайта алмады. Бағам төмендеп, бар білгенімнен айрылып қала жаздадым. Оған қиналған кездерім көп болды, – дейді Сергей Владимирович.
Баласының осындай көңіл күйін аңғарған ата-анасы ақылдаса келе таңдауды оның өзіне салады. Сонда Сергей көршілес Шұқыркөл ауылына барып, қазақша тереңдете білім алғысы келетінін айтып, рұқсат алады.
Шұқыркөл ауылында қазақша оқуға оңтайлы жағдай барын сезіп жүргендіктен, әрі онда өзі теңдес дос-жарандары болғандықтан, ол қазақ балаларынан қалыспай білім алады. Мұнда қазақтың ата салт-дәстүрлерінің қаймағы бұзылмағаны да оған қолайлы болып, аудандық байқауларға қатысып, көзге түседі. Ал ең тамашасы, мұндағы мектепте Айнұр Төлекеева деген мұғалім тәлім-тәрбие беріп, біліктілігін ұштап әкетеді.
– Осы мектепте оқып жүргенімде ұлы Мағжанның атындағы аудандық байқауға қатысып, екінші жүлде еншіледім. Бұл жетістігіме өзім де, ата-анам да ерекше қуандық. Өйткені, қазақ тіліне қарайып қалмау үшін туған үйімді қиып, осы ауылға келдім ғой. Еңбегім еш болмағаны қандай жақсы десеңізші?!
Соның әсерімен мен Ұлттық бірыңғай тестілеуде өз еркіммен қазақ тілінен сынақ тапсыруға ниет білдіріп, ойдағыдай нәтижеге қол жеткіздім, – деді ол.
Содан кейін Сергей М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға түсуге бел байлайды. Бірақ ұпайы сәл кемшін болып, қабылданбай қалады.
Бозбаланың бойға біткен жігері нақ осы тұста қылаң береді. Өзге пәндерге олқы болмаса да, жүрегі қазақша білім алуды қалаған соң ол қайткен күнде де мемлекеттік тілді меңгерген маман болуды мақсат етіп, гуманитарлық колледжге құжаттарын тапсырады. Сынақтардан ойдағыдай өтіп, оқуға түседі. Өзінің айтуынша, әуелгі кездері қобалжып жүреді. Досқа күлкі, дұшпанға таба болмайтындай оқып кете аламын ба деген секемі де болады. Бірақ өзіне жанашырлық танытып, талабына от бере түскен ұстаздары және курстас достары көп көмек көрсетеді.
Қазақша әдеби тілді ғана емес, ауызекі сөйлеуді де айқын меңгеру үшін ол колледждің жатақханасынан орын алғанда қазақ жігіттерімен бір бөлмеге орналасады. Сөйлескенде де, сабақтарға дайындалғанда да мұның игілігін көріп, тілге әбден машықтанады.
Колледжде оған жанашырлықпен қарап, жақсы білім алуына барын салып жүрген оқытушыларына алғысы айтарлықтай екенін әңгіме барысында тілге тиек ете отырды. Мысалы, Гүлнәр Қанафинаның, Толқын Қаймолдинаның ерінбей-жалықпай тәлім-тәрбие беріп жүргенін атап айтты. Бұлар оған Абайдың қарасөздерін әуелі қазақша, содан соң іле орысша оқуға кеңес беріп, түсінбеген тұстарының басын ашып, данышпанның кемел ақыл-ойларына қанықтырады. Мұнымен де шектеліп қалмай, қазақ халқының тарихын терең зерттеп, оқуға кеңес береді.
Ал Мағжанның жырларын оқуда көмектерін аямаған ұстаздары үнемі жатқа айтқызып, өздері тексеріп, машықтандырады. “Халық жауы” деген жаланың құрығы мойнына түспей тұрғанда Мағжан Жұмабаевтың өзі сабақ беріп, оның ішінде орыс студенттерін оқытуы және бүгінде колледждің халқына қайта оралған ақынның есімімен аталуы, өзінің осында білім алып жүргені мақтан тұтарлық оқиға екенін де еске салып қойған Сергейдің сөздеріне жаным ұйып, сүйсініп отырдым.
Мен осыдан-ақ ұстаз бен шәкірт еңбегінің жеңісін де, жемісін де анық байқадым. Жоғарыда есімдері аталған ұстаздарының арқасында ол республикалық жыр сайысында ұлы ақынның “Мен жастарға сенемін”, “Мен кім?”, “Ботамды көрдім түсімде”, “Қазақ тілі”, “Сал, сал білек, сал білек”, “Қазақ азаматы”, “Сағындым” және басқа он шақты өлеңін мүдірмей оқи алатын қабілетіне қазылардың көзін жеткізген еді.
Осы байқаудың қорытындысын талқылай отырып, ол өзімен бірге білім алып жүрген Ажар Қайырбек деген курстасының жолы болмай қалғанына қынжылысын жасыра алмады.
– Мен оны жеңіске жетер деп дәмеленген едім. Оқасы жоқ, үшінші орын алғанына да қуанып отырмын. Өйткені, одан көп нәрсені үйреніп жүргенімді айтқым келеді. Білмеген тұсымда үйретіп, үлгі көрсетеді. Жеңіске жетсе екен деп едім, – деген ақ тілегін білдірді.
Алдағы жылы оқуды тамамдайтын Сергей Воронцов қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі болатынын мақтан тұтады. Одан соң осы мамандық бойынша жоғары білім меңгеруді де ойластырып отыр.
– Оны уақыт көрсетеді, – деп қоштасты ол.
СУРЕТТЕ: С. ВОРОНЦОВ.
Суретті түсірген
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ.