Кедендік бақылау қызметінің капитаны Айдын Сәрсембаев шағын автобусты өрттен аман алып қалды. Оқыс оқиға өткен бейсенбі күні қала көшелерінің бірінде орын алды. Ол аялдамаға түтіндеп келіп тоқтаған көліктің жүргізушісіне көмектескен.
Мамырдың 16-сы күні облыс орталығының Мир көшесі, 120 мекенжайында орын алған бұл оқиға барысында аялдамаға тоқтаған жолаушыларды тасымалдайтын №25 бағыттағы автобустың дөңгелегінен көк түтін шыға бастаған. Абыржып қалған автобустың жүргізушісі қасындағыларды көмекке шақырып, өрт сөндіруге арналған құралмен түтінді өз күшімен сөндіруге тырысады. Алайда, бұдан еш нәтиже шықпағанын байқаған облыстық Кедендік бақылау департаментінің қызметкері Елизавета Чичкина кезекшіге хабарлаған.
Мұны естісімен кезекшілікте болған кедендік бақылау қызметінің капитаны Айдын Сәрсембаев қолына өрт сөндіру құралын ала сала автобусқа жетіп, түтінді көбікпен тез басып тастайды. Абырой болғанда, багы бензинге толып тұрған шағын автобустағы өрт тағы қосымша екі өрт сөндіру құралының көмегімен тез арада ауыздықталды. Әйтпегенде, адам өміріне қауіп төндіретін жарылыс болар еді, дейді кеден қызметінің капитаны.
Қазіргі уақытта автобустан шыққан өрттің себептері анықталуда.
СҚО ТЖД-нің баспасөз қызметі.