Шолпан САДЫҚОВА,
ардагер ұстаз.
Аңдамас қажы Тәжіұлы Ашамайлы Керейдің Көшебе руынан тарайды. Ол пысықтығының, етінің тірлігінің арқасында ен дәулетке, мол байлыққа кенелген. Ел-жұртқа қайырымды болып, мырзалығымен, жомарттығымен аты шыққан. Бабамыздың Мекке-Мәдинаға сапар шегіп, қажылық парызын орындауы ХІХ ғасырдың 70-ші жылдарымен тұспа-тұс келеді. Қызылжар өңіріне аты мәлім Абылай Рамазанов екеуі Пайғамбарымыздың туған жеріне табан тигізіп, тәу еткен. Қазір екінің бірі қажы атанып жатқан шақта ол кездері айшылық алыс жерлерге жету оңай еместұғын. Шөл далалар мен теңіздерді, беймәлім елдерді көктей өтіп, көп бейнет, мехнат көрген. Табанақы еңбегін, жиған-терген малын, байлығын иманды іске, жұртшылық сауабына жұмсаған.
Бала кезімізде көнекөз қариялардан Аңдамас қажы туралы жиі естуші едік. Олардың айтуынша, Меккеде татар, өзбек, әзірбайжан, тәжік секілді мұсылман бауырларымыздың түстенетін баспаналары болған. Өз қаражаттарына тұрғызған үйлерде мұсылмандықтың басты парызын өтеу кезінде емін-еркін жайлап, ешқандай таршылық көрмеген. Өкініштісі сол, қазақтардың түстенетін қонысы болмағандықтан, әркімді сағалап, жалдап тұрған. Осы мәселе қабырғасына қатты батып, намыстанса керек, атамыз бірде осында сапарлап келген қазақтардың басын қосып, қонақ етеді. Мәжілістің аяғында “Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, бәріміз ортамыздан қаржы қосып, 300 кісілік үй тұрғызайық” дейді. Оның ұсынысын Тобықтының атқамінері Құнанбай Өскенбайұлы, Жансары Уақ Түйте Нұрекеұлы, Атығай Қосшығұл Шопанұлы, Байұлының Жаппас руынан шыққан Мінайдар Жалғасбайұлы қолдайды. Өзгелері ақша таусылғанын желеу етіп, елге оралады.
Содан не керек, өзара пәтуаласқан қажылар Мекке әкімінің рұқсатымен 5 үйдің орнын белгілеп, құрылыс материалдарын сатып алады. Алғашқы екі үйді жастары үлкен Құнанбай мен Түйте қажылар иеленеді. Үшінші үй Мінайдарға, кейінірек салынған екі үй Аңдамас пен Қосшығұлға бұйырады. Түйте қажы қатты сырқаттанып, дәм-тұзы таусылар шақта бар дүние-мүлкін Құнанбайға аманаттайды. Аңдамас Түйтенің қабірінің басына күмбез орнатып, “соқтырушы руы Керей Аңдамас” деп жаздырады. Меккеде 2 жыл тұрақтап, 1 мәр-мәр, 2 кірпіш үй тұрғызады. Одан кейін 15 нөкерін ертіп, Мәдинаға келеді. Осында 75 адам еркін сыятын баспана салдыртады. Жүрген жерлерінде малдарын кедей-кепшіктерге таратып отырған. Оның жұрттың қамын жеп, қамқоршылық көрсеткен кісілік биік қасиетін осыдан-ақ аңғаруға болады. Жері құмды, күні өте ыстық, көлеңкелеуге бір бұта емге табылмайтын Арабияда көп жыл тұрып, қазақтар үшін үй салдыртуы болмыс-бітімі намыстан жаратылған кесек мінезді азаматтарға ғана тән болса керек.
Аңдамас қажы қазіргі Жамбыл ауданының Күйген қыстау деген орманды өлкеcінде 1824 жылы туған. 10 мың жылқысы, 14 қалада сауда-саттық орындары болған. Жәрмеңкелерге келелі түйе, жүздеген қой жіберіп, одан түскен қаражатқа мешіт, медресе салдыртып, балалардың арабша сауатын аштыртқан. Ұлы Тұрмағамбет пен қызы Жәнипаны қолөнерге үйреткен. Жасыратыны жоқ, 80-ге қараған шағында дүниеден өтіп, артына жақсы мирас қалдырған бабамыз жайлы жастар түгіл үлкендердің өздері біле бермейді. Ұмытпасам, өткен ғасырдың 90-шы жылдары өңірімізде жарық көрген “Қызылжар” газетінде қажы атамыз жайлы республикалық басылымдардан көшіріліп басылған көлемді мақаланы тұшына оқығаным бар. Іздей білсе, бабамыз жайлы мұндай тағылымды материалдар мен естеліктердің мұрағаттардан табылып қалуы да ғажап емес.