Кеше Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының XVIII сессиясы өтті. Өңір басшысы, облыстық ассамблеяның төрағасы Самат Ескендіров қатысқан жиында этносаралық және конфессияаралық келісім мен бірлікті сақтауға елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтар марапатталды.
Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
– Егемен еліміз құрылған алғашқы күннен бастап Елбасы татулық пен бірлікті сақтауға ерекше көңіл бөлуде. Қазіргі уақытта Қазақстанда этносаралық келісім мен үйлесімділіктің арқасында экономикалық және әлеуметтік саяси реформалар жүзеге асырылуда. Тәуелсіздік жылдары біз этносаралық бірліктің бірегей үлгісін жасадық. Азаматтарымыздың өмір сапасы мен қауіпсіздігін жақсартып, олардың құқықтары пен мүмкіндіктерін қамтамасыз еттік. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап көрсеткеніндей, бұл – баршамыздың және Ассамблея жұмысының басты нәтижесі. Үлкен эволюциялық жолды өткерген Ассамблея басты қоғамдық институтқа айналды, – деген облыс әкімі Самат Ескендіров қазақ тілінің жағдайына тоқталып, үстіміздегі жылы жазғы лагерьлерде қазақ тілі сабақтары өткізілетіндігін жеткізді. Сондай-ақ ол Жамбыл және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда этносаралық бірлікті сақтау мен насихаттауда жүргізіліп жатқан жұмысты өзгелерге үлгі етті. Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясының “Қазақстан – 2050” Стратегиясы: бір халық – бір ел – бір тағдыр” атты мерейтойлық сессиясында алға қойған міндеттерді жүзеге асыру үшін тиісті органдарға бірқатар тапсырмалар берді. Солардың бірі – облыстық ассамблея Тілдерді дамыту басқармасымен бірлесіп, Тілдер орталығын құруы тиіс. Облыс әкімі Тілдер орталығы әр этнос өкілдеріне өз тілдерін, ең бастысы, олардың қазақ тілін үйренулеріне септігін тигізеді, деді. Сондай-ақ Самат Сапарбекұлы өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайына да тоқталды. Әсіресе, облысымызда Индустрияландыру картасы, “Жұмыспен қамту – 2020” сияқты мемлекеттік бағдарламалардың толыққанды жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті.
Этносаралық бірлікті сақтау мен насихаттауда белсенді жұмысымен танылған Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның әкімі Марат Тасмағанбетов өздерінде 50-ге тарта этнос өкілдерінің тату-тәтті өмір сүріп жатқандығын жеткізді. Қазіргі таңда ауданда 25 этномәдени бірлестік бар. Олар ауданның ғана емес, облыстың да әлеуметтік өміріне белсене араласуда. Ал “Ұрпақ” қазақ мәдени-ағарту орталығының төрағасы Сағындық Салмұрзин “Ассамблея” корпоративтік қорымен бірлесіп, ұлттық қолөнер мен сәндік-қолданбалы өнерді дамыту мен қолдауда атқарған жұмыстарына тоқталды. Сондай-ақ жүзеге асырылған лингвистикалық лагерь жобасы бар екендігін жеткізді. Бұл – өзге этнос өкілдеріне қазақ тілін үйрете отырып, оның қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған жоба.
Облыстық ассамблеяның сессиясы барысында Жамбыл аудандық Мәдениет үйінің директоры Нина Бородавко жергілікті жерде атқарылып жатқан жұмысты баяндаса, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің “Юриспруденция” кафедрасының доценті Гүлбақша Мұсабаева Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысының ғылым саласымен бірлескен тұстарына тоқталды.
Ал жастардың атынан сөз алған облыстық ассамблеядағы этномәдени бірлестіктердің жастар қанатының жетекшілері патриоттық сезім, бірлік, достық, келісім жайында ойларын ортаға салды.
Мұнан соң облыстық ассамблеяның құрамы бекітіліп, төрағаның орынбасары ретінде еврей мәдениеті қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рашбиль Евдаев сайланғаннан кейін марапаттау салтанаты басталды. Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық “Бірлік” алтын медалі Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның әкімі Марат Тасмағанбетовқа тапсырылды. Сондай-ақ аталмыш қоғамдық институттың тағы да бірқатар мүшелері Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталды. Марапаттау салтанатынан кейін сессия жұмысы қорытындыланып, облыстық ассамблеяның өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынды.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ