Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Қоғамымызда жастардың алатын орны зор. Үнемі оқып, білуге, еңбектенуге жігерленіп тұратын жастарымыз жетерлік. Олар бүгіндері әр салада баянды қызмет етіп келеді.
Өмірін медицина саласымен байланыстырған Ефим Лященко – сол еңбекқор жастардың бірі. Ефим Сергеевичті біз кардиологиялық орталықтың жан сақтау бөлімінде жолықтырдық. Күрделі отадан кейінгі науқастың жай-күйін бақылап отырған оны бір көргеннен, үстіндегі ақ халаты болмаса, дәрігер деп те айта алмайтын едік. Себебі, ол бізге тым жас көрінді. Оның жасы 30-ға толмаған. Десе де, жастығы оның күрделі оталардың басы-қасында жүруге кедергі еместігін бір емес, бірнеше рет дәлелдеген екен.
Ол облыстық кардиологиялық орталықта анестезиолог-реаниматолог дәрігер болып қызмет етіп келеді. Қарағанды мемлекеттік медициналық университетін дәрігер мамандығы бойынша аяқтаған. Алғашында Қарағанды қаласында учаскелік дәрігер қызметін атқарады. Күнделікті науқастарды қабылдау. Учаскесіне тіркелген диспансерлік тізімдегі емделушілерді бақылау. Бұл оның күнделікті атқаратын жұмысы болған. Сондай күндердің бір күнінде облыстық кардиологиялық орталықтың емдеу ісі жөніндегі орынбасары Бейбіт Мұқышқызы Қарағанды қаласына барған бір сапарында онымен жолығып, Петропавл қаласына ауысуға ұсыныс білдіреді. Және учаскелік терапевт қызметіне емес, кардиологиялық орталыққа анестезиолог-реаниматолог дәрігер болып қызмет етуге шақырады.
– Жалпы терапиядан күрделі салаға бірден ауысуға жүрексіндім. Бірақ Бейбіт Мұқышқызының маған сенім артқаны мені қанаттандырды, – дейді ол.
Сөзге сараң дәрігер бұл мамандықты меңгеру үшін Латвия елінің Қаунас қаласында – 6 ай, Алматы қаласындағы Сызғанов атындағы ұлттық хирургиялық орталықта 9 ай білімін жетілдіреді. Тәжірибесін молайтып, учаскелік дәрігерден реаниматолог дәрігер болып шыға келеді. Қазіргі таңда кардиологиялық орталықтың жан сақтау бөлімінде науқастарды отаға дайындап, одан кейін денсаулығын қалпына келтіру барысын қадағалайды.
Талғат ТӘНІБАЕВ.