“Солтүстік Қазақстан”.
Қазіргі ауа райы жағдайы облыс егіншілерінің ширақ қимыл танытуына мүмкіндік бермей отыр. Жиі-жиі жауған жаңбыр онсыз да өте ылғалды егіс танаптарындағы жер өңдеу, тұқым себу жұмыстарына кедергі келтіруде. Десе де, дәнді және майлы дақылдар, картоп пен көкөніс тұқымын себудің агротехникалық қолайлы мерзімін өткізіп алуға болмайды. Осыны жете түсінетін диқан қауым қолдарынан келгенінше қарекет жасап бағуда.
Мүмкіндігінше қолайлы сәтті құр жібермеуге тырысатын облыс егіншілері барлық егіс-дала жұмыстарын кешенді түрде қолға алып отыр. Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының жедел деректері бойынша 22 мамырға дейін жоспарланған 3620,0 мың гектар дәнді дақылдар алқабының 855,9 мың гектарына немесе 23,6 пайызына ырыс дәні сіңірілді. Соңғы күннің еңбек өнімділігі бұрнағы күнгі 88,2 мың гектардан 239,1 мың гектарға дейін өсті. Дәнді дақылдар тұқымын себуде жоспарланған егістіктің үштен бірінде жұмыс жасап үлгерген Уәлиханов, Есіл және Айыртау аудандарының механизаторлары алда келеді. Сондай-ақ алқаптардың ширегінде егіс жұмыстарын еңсерген Жамбыл, Аққайың, Ғабит Мүсірепов атындағы және Қызылжар аудандарының қарқыны жоғары. Көптен бері тегеурінді іс-қимылдарымен көріне алмай жүрген шалақындықтар да серпін танытып, дәнді дақылдар алқабының 20,8 пайызына тұқым септі. Ылғал өте мол түсіп, қадамдарын аштырмай қойған Тимирязев, Мамлют, Мағжан Жұмабаев және Ақжар аудандары олардан сәл артта қалды. Ауа райы түзеліп кетсе, жоғары қарқынмен жұмыс жүргізерлік күш жеткілікті. Осы күндердің өзінде өңірдегі егіс танаптарында 5964 себу агрегаты және 972 жоғары өнімді егіс кешені жұмыс істеуде.
“Екінші нан” саналатын картоп отырғызу кешегі күнге дейін 61,1 пайызға орындалды. Оны әзірге Айыртау ауданы ғана толық аяқтап шықты. Ал көкөніс отырғызу – кезең-кезеңімен атқарылатын бейнеті көп жұмыстың бірі. Бүгінде жоспарланған 5,1 мың гектардың тең жартысына атызға бірден себілетін көкөніс тұқымдары егілді.
Осы негізгі егіс жұмыстарынан басқа да агротехникалық іс-шаралар қатар жүріп жатыр. Мысалы, 148,6 мың гектарға 10,9 мың тонна минералдық тыңайтқыштар енгізілді. Қолдағы бар барлық тұқым материалдары қырман алаңдарына шығарылып, себу дәрежесіне келтірілуде. Биылғы жылы көлемі айтарлықтай ұлғайған мал азықтық дақылдар себу басталды. Бүгінде облыс механизаторлары 22,0 мың гектарға біржылдық және 5,1 мың гектарға көпжылдық шөп және 10,4 мың гектарға сүрлемдік жүгері тұқымдарын септі. Сөйтіп, қырдағы қызу қарбалас жұмыс ауа райының қолайлы сәттерін пайдаланып жүргізілуде.