«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫНДА – “ЖҰЛДЫЗДАР”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мемлекеттік қызметшілер арасында мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мақсатында “Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте” қалалық байқауын өткізді. 

Алтынай СЫЗДЫҚОВА,
қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы.

Байқауға мемлекеттік қызметшілерден құрылған 4 команда қатысты. Әр команданың құрамында 5 адамнан болды. “Достық”, “Қыран”, “Тарлан” және “Жұлдыздар” деп аталған командалардың мүшелері – білім бөлімі мен мәслихаттың, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалдау және автомобиль жолдары мен аумақтық инспекция және жұмыспен қамту бөлімдерінің мемлекеттік қызметшілері.
Байқауға қатысушы топтар сахналық көріністе 5 тапсырманы орындап шықты. Атап айтқанда, команданы таныстыру (атауы, ұраны, мақсаты мен міндеті); презентация (іс жүргізудегі сөз қолдану мен іс жүргізуге қатысты құжаттардың жүргізілуі туралы және қазақ тілін меңгертудегі жаңа технологияларды, компьютерлік бағдарламаларын көрсету); “Терминдер әлемі” (орыс тіліндегі терминдер тізімі жазылған парақша ұсынылады. Топ мүшелері көрсетілген терминдердің қазақша баламаларын тауып айтып беруі тиіс); “Қазақ сөзі” (тіл туралы даналық сөздерден мысал келтіру, дәйексөз алып, ой қорыту); “Салт-дәстүр” байқауында бір көрініс қою.
Мемлекеттік қызметшілердің уақыттары үнемі тығыз болса да, байқауға тиянақты дайындалғандарын атап көрсету қажет. Білім бөлімі мен мәслихат, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі барлық өнерлерін ортаға салғаны осыған дәлел. Қатысушылар сахнада үйлену тойы, тілашар, қонақжайлылығын да көрсете білді. Команда капитандары Ләззат Жолмұқанова, Наталья Шульга, Бахытжан Әубәкірова, Диляра Саитова өз топтарын алға шығару үшін барын салды.
Байқаудың сарапшылары үміткерлер өнерін бағалау кезінде олардың дауыс мәнеріне, көркем мәтінді оқу шеберлігіне, сахналық мәдениетіне назар аударды. Сөз алған қазылар мүшесі Гауһар Темірбаева мен Жазира Көкбасқызы мемлекеттік қызметшілер шараға жауапкершілікпен дайындалғанын айтып және кемшіліктеріне назар аударып, қорытынды шығарды.
1-орынға Петропавл қаласы мәслихаты мен білім бөлімінің құрама командасы – “Жұлдыздар” ие болды, Петропавл қаласының білім бөлімі қызметшілерінің “Достық” командасы 2-орынды иеленді. Петропавл қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің “Тарланы” 3-орынға тұрақтады.
Сондай-ақ Петропавл қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушыларды тасымалдау және автомобиль жолдары бөлімі және аумақтық инспекция құрамының “Қыран” командасына Алғыс хат табыс етілді. Барлық топтар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Петропавл қаласы.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp