«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨК КҮМБЕЗДЕН НЕ ПАЙДА, салауат айтып тұрмаса?!.

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Байқал БАЙӘДІЛОВ,

журналист.

Өліара өте ағайын-туыстың отыз омыртқасын опырып, қырық қабырғасын қақыратып, Жаңбырбай жарықтық 70-тен асқан шағында өмірден озды. Иманы салауат болсын. Бес күнгі тіршілігінде тірі пенденің бетіне жел болып келмеген, ешкіммен жаға жыртыспаған, біртоға, момын қалпында, ақыл-есі бүтін, Жаратқаннан иман байлығын тілеп, тірі пендеге сабытын салмай, қызылды-жасылды бұл дүниенің қызығын тәрк етіп, еш қиналмастан жүре берді…

Жаңбырбай марқұм өмірінің соңғы кезеңінде бақуатты тіршілік кешті. Әрине, бір қолын екі ете алмай отырған ауылдық жердегі өлшем бойынша ғана. Әйтпесе, мыңды айдап, миллионды қалтасына салатын іргелі шаһарлардағыдай байлық ауылдағы ағайынға қайдан оралсын. Дегенмен, сегіз баласын ешкімге жаутаңдатпай, өсіріп, өндірді. Бір-біріне іркес-тіркес жетілген сегізі кезек-кезегімен жоғары білім алды. Сөйтіп, ұлын – ұяға, қызын қияға қондырып, көкейіндегі көксеген ойы толайым орындалып, армансыз аттанды, жарықтық. Сегіз перзентінің ішінде “тоғыз ұлым – бір төбе, Ертөстігім – бір төбе” демекші, елден ұзап шыққаны, көл-көсір дәулет біткені Есенбай болатын.

 

Төл басы Есенбай ана бір дәуірде Алматы қаласындағы ауыл шаруашылығы институтының мал дәрігерлік факультетін бітіріп келген. Ол тұста Кеңес Одағының дәуірі жүріп тұрған. Жас маман қатарға енді іліге бергенде, бір кезде мызғымастай көрінген империяның шаңырағы ортасына түсіп, ыдырап кетті. Сол тұста үлкен қалада оқығаны бар, әрі әу бастан Жаратқанның берген бейім-икемі бар Есенбай жаңа заманның тынысын, желдің қай жақтан, қалай соғатынын оңай аңғарды. Әне бір кезде облыстағы жетекші шаруашылықтың бірі саналып, ұдайы алдыңғы қатардан орын алатын кеңшар мүлкі пышақ үстінде талан-таражға түскен сәтте Есенбай өз үлесін молынан қарпып қалды. Одан әрі шаруасы оңғарылып сала берді. Айналдырған он шақты жылдың ішінде ортаның ақтылы малы, егіп жатқан ақық дәнінен босап, пәлен мың гектар жер Есенбай тәрізділердің еншісіне айналып жүре берген.

Қаза үстінде жөн-жосық, бұрынғыдан келе жатқан мұсылманның жолы әжептәуір әңгіме туғызды. Бұрынғы қалыптасқан көне жол бұл күнде өзгерген. Әркім барымен базар. Айтқаны болып, бұйырғаны орындалып тұрған Есенбай бұл жолы әке аруағы разы болсын деп ештеңеден тайынбайтындығын айқын аңғартқан.

– Асқар тауым құлады, ақ найзам сынды. Бәрімізді өсіріп жетілдірген, адам қатарына қосқан әкеміз емес пе? Осы күні дос бар, дұшпан бар. Ертең көре алмайтын күншілдер сегізі отырып, дұрыс жөнелте алмады деп айтпасын. Аудан орталығында жерлейтін болдым, – деді ол өзі ғана шешіп, өзінің ғана айтқаны орындалатын қалыппен.

– Ол заман да бұл заман – ауылдағы мәйітті аудан орталығына апарып, жерлегені несі?! Мынау ата-бабамыз мәңгілік қоныс тепкен қара қорым, ағайын-туыстың татар дәмі таусылған баршасы жамбасына басып жатқан, жер бесікке айналған иен жатқан жер жетпей ме? – деді ауыл молдасы Лашынтай.

– Жоқ, сондық еңбегі сіңген. Түптің түбінде осы сексен үйден кім қаларына көзің жетіп тұр ма? Енді бір он жылдан кейін соңғы қазығын суырып, үдере көшпейтіндігіне кепілдік бере аласың ба? Сонда біздің барар жеріміз, ендігі қонысымыз, болашақтағы өрісіміз аудан орталығы болғалы тұрған жоқ па? Егер ел басына сондай күн туса, қиян шеттегі осы ауылға кім ат басын бұрар дейсің? Міне, сондықтан болашақты ойлаған жөн.

Ағайын-туысты қолындағы барлығымен, қорасындағы байлығымен айтқанына көндіріп үйренген Есекеңнің жорамалы шынға айналып, Жаңбырбай жарықтыққа топырақ аудан орталығынан бұйыратын болды. Онда да анау-мынау емес, тіршілігінде талайлармен иық тірестірген, өзгеден мойны озық пенделер ғана жататын, солардың ғана пешенесіне бұйырған қалың зираттың дәл ортасындағы өзгеше қоныс, мәңгілік мекен. Бұл жерде қолы жеткендер ғана қоныс теппек. Қабіріңде өзіңмен үзеңгілес, өзің теңдес адамдармен қатар болғанға не жетсін?.. Оның үстіне сонадайдан мен мұндалап көз тартып, мұнаралары Бұхараның шаһарындағыдай аңдыздап тұрса, әне сонда мерейің үстем, айдының асқақ…

Есекең жаназаға екі жылқы сойды. Үстемелеп төрт қой. Облыс орталығындағы базардан кеңірдек кездемені теңімен, бөртпе орамалды орамасымен алдыруды табыстап, інілерін аттандырды. Орамалдың шетіне 500 теңгеден ақша түю үшін кесек ақшаны ұсатып әкелуді тапсырды.

Жиналған жұрттың ауызы ашылып, көзі жұмылардай. Ен байлық ағыл-тегіл шашылған. Есекеңнің мәртебесін асырып, даңқын төңіректегі алты ауылға, алты ауылыңыз не – әрісі аудан орталығына паш еткен әкенің асы өткізілді. “Ұл болса осындай болсын”, десті жұрт.

Енді қалғаны – күмбез тұрғызу. Бұл мәселе қалай орайластырылса жөн? Бүгін салып, ертең қайта бұзатын нәрсе емес. Есекеңнің естуінше, шариғаттың заңы бойынша зират басы қайта жаңғыртылуын дін хош көрмесе керек. Сондықтан, біржола қайтып қалақ тимейтіндей, соныдан өзгеріс жасалмайтындай етіп көтерген дұрыс. Алдымен, әдейілеп облыс орталығына барып, сондағы таныстарын сағалап жүріп, бір кезде тәп-тәуір суретші болған, кейін осындай болмашы шаруалардың басын қайырып жүрген жобалаушыға жолықты. Көрбілтелеп, жасырмай ойын ашық айтты. Күмбез өздері күнде көріп жүрген зираттардан өзгеше болуы шарт. Сыртқы өрнек, құрылыстың ажары шығыс стилінде болса жөн. Қабырға тегіс қаланбай, жиектелген орамалар арқылы көтеріліп, ұшар басы қолсозым биіктікте қосылса, қабырғаға өрілген қызыл кірпіштердің ара-жігі қара бояумен әрленіп, көріктендірілгені ләзім. Қол созым көтерілгеннен кейін ауқымы әнтек тарылып, қусырылып барып ұшар басы дөңгеленіп біткені жөн. Ал иықтағы төрт құбыла өзгеше реңді жылтыр кірпіштермен мұнара бейнесінде өрілгені әсем болар еді. Әуелгі ой, кесімді мақсат осы болатын. Мұндайда ақыл қосатын ағайын көбейетін әдеті емес пе? Көп оқуы болмаса да, мұсылмандық жолын ұстаған Лашынтай молда үзілді-кесілді қарсылық танытты.

– Негізі мәйіттің басын былай қоршаған дұрыс емес, – деді ол. – Ең бастысы, мал аяғы баспайтын болуы шарт. Ал басына тас қою кейінгі ұрпағы дұға оқырда тауып алу үшін керек. Бітті. Басқа дүниенің сауабы жоқ, дейді үлкен молдалар. Оның үстіне ағыл-тегіл ысырап жасау баршылықты танытпайды. Мұның да ешбір сауабы өмірден өткен адам үшін о дүниеде пайдасы жоқ қарекет. Бекерге мал шашқанша, осы қаражатқа мынау суға зәру болып отырған ауылға бір құдық қазып берсең, ауылдастарың бір жұтым су ішкен сайын Жаңбырбай жарықтыққа сауап болар еді. Әйтпесе, жыл сайын көктемде қар суы жуып кететін ана көпірді жөндеп берсең, артыңда айта жүрер із қалар еді. Оны айтасыз, сол көпірдің үстінен ауылдастарың әрі-бері өткен сайын иманы саламат болғыр, Жаңбырбай атамыз жатқан жеріңде тағы бір аунап түсіп, қабірінің іші нұрға толып тұрар еді.

Өзге дінді дәріптеген емес, мына іргедегі орыс ағайындарда “Ата-ана күні” деген дәстүр бар. Сол күні оларды жұмыстан босатады екен. Бәрі жиналып, қабірстанға барып, сондағы әке-шешесінің, ағайын-туысының бекітілген басын тазалап, сырлап, тәртіпке келтіретін көрінеді. Ал біздің ағайын жылап-сықтап жүріп, қара жер қойнауына тапсырғаннан кейін үшін, жетісін, қырқын өткізгесін қайтып ат ізін салмайды. Білетіндердің айтуына қарағанда, сол сен қызығып отырған аудан орталығындағы зират басында жұрттың күмбез соққаннан кейін қалған құрылыс материалдары, босаған шелек, тесілген ыдыс дейсіз бе, бәрі шашылып жататынға ұқсайды, осы дұрыс па? Жаңбырбай жарықтыққа қандай құрмет көрсетсең де, артық емес екендігі рас. Бірақ өзгеден атымды оздырамын, айдынымды асырамын деп бәсекелестікке салынғаныңды ешкім құптамайды…

Молдакеңнің айтқан уәжі Есенбайдың қаперіне кіріп-шықпады. Өйткені, оның өз түсінігі, өз ұғымы бар. Асарын асаған, жасарын жасаған Жаңбырбай ана жылы қажылыққа бармаққа ниет еткен. Бірақ сегіз перзентінің ішіндегі бас көтерері құптамады. Қажылықты артық шығын, бос әурелік деп таныған. Енді келіп еш пенденің есіне келмейтін іс жасағалы отыр.

Ақыры, ойға алғанын жүзеге асырмай қоймайтын Есенбай өз жоспарын толығымен орындады. Төрт қабірдің орнын толайыммен алатын еңселі, биіктігі үш жарым метрлік күмбез орнатылды. Алыстан қарағанда алып бір құстың жұмыртқасындай жұп-жұмыр, төрт иығындағы төрт күмбез – сахараның төсіндегі төбесі бұлт шалған асқар таудың ұшар биігіндей мен мұндалап, айбыны асып, асқақтығын төңірекке түгел ұқтырып тұратұғын сәулет өнерінің ғажап бір туындысы…

Аудан орталығына көшіп келген, ұзақ уақыт баспанасыз жүрген Есекеңнің бір жерлесі әрлі-берлі өткен сайын екі қабатты коттедж іспеттес күмбезге күнде қарайды. Көк күмбез болса, тірінің тіршілігінде шаруасы жоқ, маңқиып қалғып тұр.

…Көк күмбезден не пайда, салауат айтып тұрмаса?!.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp