«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕРЕЙІ АСҚАН “МЕРЕЙ” АНСАМБЛІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Мерей” ансамблінің мүшелерін облыс орталығында өткен концерттердің бірінде кездестірдік.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,  

“Солтүстік Қазақстан”.

90-шы жылдың басында іргетасы қаланған ансамбль Жамбыл ауданының Пресновка Мәдениет үйінің жанынан құрылған. Онда өнер көрсететін әншілердің дені – әуесқой. Ансамбль мүшелерінің кейбірі ғана музыка тілін кәсіби меңгерген болып шықты. Ансамбльдің концертмейстері Әлжан Бланбаев өнер колледжін баян сыныбы бойынша тамамдаса, оның әріптесі Сырым Төртбаев домбыра аспабында оқыған екен. Өзге әншілер аспаптарды өздігінен меңгерген болып шықты.  

 

Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Самал Аманжолқызының айтуына қарағанда, өнерпаздардың дені өнерлерін бала кезінен той-томалақтарда шыңдап, халық арасында танымал бола бастаған. Домбыра аспабында ойнайтын ансамбльдің мүшесі Жақсылық Наршабаев – 4 баланың әкесі. Ауылда мал шаруашалығымен айналыса жүріп, жанына жақын өнерді өзіне серік етеді. Жастайынан өнерге бір табан жақын болады. Мектеп қабырғасында әртүрлі үйірмелерге қатысып, әнді де тамылжыта орындаған. Сондықтан да болар, қазіргі таңда ансамбльде домбырада ойнап қана қоймай, солист ретінде ән де орындайды.

Ансамбль мүшелерінің ортасындағы жалғыз өзге ұлт өкілі Надежда Рудикова – мамандығы бойынша инженер-технолог. Бірақ меңгерген мамандығы оның өнермен айналысуына кедергі болмаған. Өмірінің 20 жылын сахнаға арнаған. Зейнеткерлікке шықса да, осы күнге дейін Мәдениет үйінде қызмет етіп келеді. Өнер ұжымында тұяқтас аспабында ойнайтын да дәл осы – Надежда Рудикова. Өзге ұлт өкілі болсадағы, ұлттық аспапта тамылжыта ойнауды еркін меңгеріп алғаны байқалады. Тіпті, сұхбат барысында ол бізге арнайы бірнеше әуендерді де ойнап берді. Аспаптың шығу тарихы жайында баяндай отыра, қазіргі уақытта бұл аспап ұмыт бола бастағанын да тілге тиек етті. Надежда Рудикова сондай-ақ өңіріміздегі бір ғасырлық тарихы бар халық театрының режиссері болып та қызмет етіп келеді екен.

Сан қырлы өнер түрлерінің бір арнаға тоғысқанын көру қызығушылығымызды одан әрі арттырғаны айтпасақ та түсінікті. Көне аспаптарды жаңғыртуды мақсат еткен ансамбль тек қана халық әндерін орындайды екен.

– Әндерді ауылдағы әнші әжелерімізден үйрендік. Халық әндерін радиодан, теледидардан көрсетіліп тұратын концерттерден тыңдап, жаттап аламыз. Осылайша халыққа барынша жақын деген әндерді таңдаймыз, – деген ансамбльдің көркемдік жетекшісі Самал Красюкова ұжымындағы әрбір әншісі жайында әңгімелеп берді.

Патриоттық әндері басым өнерпаздар ортасында Әйгерім Сәдуева, домбырашы Асылбек Садаев, Гүлнәр Алдамасова, Гүлбаршын Разиева, Арнагүл Қайыркелдина есімді әншілер бар. Олардың арасындағы Гүлбаршын Разиева – аудандық “Қазақ” орталығының жетекшісі. 23 жыл тарихы бар өнер ұжымының мүшелері жуық арада ұлттық аспаптардың өзге де түрлерін меңгеріп алуды мақсат етіп отыр. 2007 жылы “Халық” атағын жеңіп алған ансамбльдің болашаққа қойған жалғыз мақсаты бұл ғана емес болса керек. Себебі, жүректері ән ырғағымен бірге соққан өнерлі жандар келешекте де ұлттық өнерді дамытуды қалайды.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp