«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОҚЫТУШЫ ӘРІ ЖАТТЫҚТЫРУШЫ БЕРІК ИСЕКОВ еңбек жолын ауыл мектебінен бастаған

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавл қаласында “Есіл” аталатын екі волейбол командасы барын жұртшылық біледі. Александар Михайлович Кувшинов басқаратын біріншісі ұлттық лигада ойнаса, Марат Шақшақбаев баптайтын екінші “Есіл” жоғары лиганың “А” тобында сынға түсуде.
Жоғары лигада өнер көрсететін “Есілдің” екінші бапкері Берік Исеков – Мағжан Жұмабаев ауданындағы Құралай ауылының тумасы, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті дене шынықтыру факультетінің түлегі әрі бүгін осы білім ордасының оқытушысы.
Біз онымен сұхбат үстінде қаламызда жас волейболшыларды баптаудың жағдаймен танысып, бас командамызға ізбасарларды дайындау жайында әңгіме өрбіттік.

 

– Берік Мәкенұлы, алдымен ауыл баласының үлкен спортқа келу жолына тоқталсаңыз.

– Менің туған ауылымда ел жігіттерінің спортқа әуестігі таңғаларлық еді десем, мақтанып кетті дей көрмеңіз. Футбол, волейбол, күрес десе, ішкен асын жерге қоятын ағаларға ризалықтан бастағым келіп отыр. Әуелі бүгінде Булаево қаласында тұратын ауылдас ағайымыз, партия, кеңес қызметтерін атқарып, зейнетке шыққан Ғазез Құсайыновтан бастайын. Ол Омбының дене шынықтыру институтын бітіріп келіп, ауылымызда бұрыннан желісі үзілмеген спортпен шұғылдануды жалғастырып әкетті. Күреспен айналысатын еді. Кейін оның үлгісімен Амантай Шошанов, Аманжол Қайыпов, Төлеш Сұрағанов (марқұм), Нұрлан Жұмабаев, Ақберген Малдыбаев, Қайрөш Әбішев, Дауылбай Ыбыраев жазды күндері кеш сайын волейбол алаңының шаңын шығарып, допты әуелете қақпақылдағанда қызыға қараушы едім. Олар бізді көлікке мінгізіп алып, өздерімен бірге көрші ауылдардағы жарыстарға ертіп апаратын. Тіпті, аудан орталығының командаларын да жерге қарататын. Осы ағаларыма күні бүгін де разымын.

Құралайдың сегізжылдық мектебін 1977 жылы бітірген соң көрші Лебяжье ауылында оқып, орта білім алдым. Осында менің бағыма жақсы бапкер, марқұм Николай Васильевич Катков волейболға ебі бар балаларды жаттықтырды. Ол маған “Сен өзіміздің университетіміздің дене шынықтыру факультетіне түсуге талпын”, – деп ақыл-кеңесін берді.

Осы жөн сілтеумен 1980 жылы аталған факультеттің студенті болып шыға келдім. Ол жылы біздің одақта алғаш рет Мәскеу Олимпиадасының өткенін мақтан ететінбіз. Мұны күні бүгін де жолым болғанға балаймын. Төрт жыл оқып, одан соң әскери борышымды өтеген соң Тимирязев ауданындағы Докучаево ауылындағы мектепке мұғалім болып орналасып, ауыл балаларын спортқа баули бастадым. Сол 1986 жылдан он екі жыл бойы осында еңбек етіп, мектеп басшысы да болып қызмет істеп, ауыл спортшыларының спартакиадаларында аудан құрамасының сапында өнер көрсетіп жүргенімде облыстың жаттықтырушыларының көзіне түссем керек, мені өзім білім алған университеттің дене шынықтыру факультетіне оқытушылық қызметке шақырды.

– Ал “Есіл” клубын баптауды қалайша қолға алдыңыз?

– Факультетке түскен талапкерлердің бейімі әртүрлі ғой. Бірі – футболға, бірі – жеңіл атлетикаға, екіншісі волейболға әуес дегендей. Менімен бірге оқығандардың бәрі де тегін жастар емес еді. Маған студенттердің арасынан жоғары топта ойнайтын “Есілдің” құрамын жасақтау тапсырылды. Бас бапкеріміз Марат Шақшақбаевпен тізе қоса жұмыс істеуіме тура келді. Ынтымағымызға сызат түсіп көрген емес. Содан бері биыл алты жыл болды. Ал университетте 1998 жылдан бері дене шынықтыру факультетінде еңбек етіп келемін. Аға оқытушымын.

– Сіздер өткен жылы жоғары лигадағы чемпионатты алтыншы орынмен тамамдадыңыздар. Биыл бір саты жоғары көтерілдіңіздер. Бұл – жетістік қой.

– Солай деуге де болады. Біздің “А” тобында сегіз команда ойнайды. Олар осал қарсыластар емес. Мысалы, “Динамо-Қазығұрт” (Шымкент), “Ұшқын-ҚазНАУ” (Қазақ аграрлық университеті), “Шығыс-Свинецстрой” (Өскемен), “ВК-Павлодар” (Павлодар облысы), “Жайық-Конденсат” (Орал), “Семей” (ШҚО), “Арселор-Миттел” (Теміртау). Міне, осы жеті қарсыласпен тайталасып, жақында Шымкентте өткен бесінші турды тамамдап, республикалық чемпионатта бесінші орынды олжаладық.

Бұл ретте айта кететінім, біздің негізгі мақсатымыз – клубымызға жас волейболшыларды тартып, оларды ысылдырып, шеберлігін арттырып, ұлттық лигада ойнайтын “Есілдің” құрамына қосу.

– Олай болса, сол мақсатқа берілген жігіттеріңізді таныстырсаңыз.

– Командамыздың капитаны Тимур Шайхутдинов – пас беруші. Ең ересегіміз – 1984 жылғы, пас беруші Алексей Теренин. Ең жасымыз – 1995 жылы туған либеро Александр Целых. Бұлар және шабуылшылар Евгений Гурьянов, Евгений Дружинин, Иван Бородай Петропавлдан болса, Игорь Шефер, Михаил Жевшик, Владислав Уфимцев – Тимирязев ауданынан. Дархан Мұқашев – Аққайың, Юрий Васильев – Шал ақын аудандарынан, Тимур Садықов – Қарағанды қаласынан.

Мен облыста волейболдан топжарған Тимирязев ауданынан жастарды іріктеуге тырысып, оларды таңдап алып, осы командаға алып келдім. Мысалы, В. Уфимцев небәрі он сегіз жаста, ал бойы 195 сантиметр. Одан да бойшаң (198 см.) әрі бір жас кіші Юрий Васильевті командаға тарттым.

Менімен ауылдас Думан Мәкенов университеттің жаратылыстану факультетін тамамдаған, екі мәрте республикалық универсиадаға қатысып, күміс алқа еншілеген. Қазір оныншы сыныпта оқып жүрген Мәди Мәкеновті (бойы 190 см.) қабылдамақпын.

– Жаттығуларсыз, тер төкпей шеберлікке жету мүмкін емес қой. Бұл ретте не айтар едіңіз?

– Бұл өте орынды сауал деп ойлаймын. Жаттығуларда әртүрлі тактикалық әдістерге жүгінеміз. Қазіргі волейбол ойынының өрнегі мүлде өзгерді ғой. Ең бастысы – допты қатты соғып, ойынға қосу. Ол үшін айрықша қол қуаты қажет. Сондықтан ойыншы қол қуатын шыңдауға тиіс. Алаңды аңдай білуді үйретеміз. Волейболда бір мәрте осалдық танытқан ойыншы келесі ретте де ес жия алмай, абдырап қалатын жағдай жиі кездеседі. Ондай қарсыласты аңдай білу керек.

Екіншіден, волейболда блокқа айрықша мән беріледі. Оны жеке ойыншы қоя алмайды. Кемінде екі, одан асса, үш ойыншы қарсыластың добын олардың өз алаңына түсіруге тырысады. Бұл – үлкен өнер. Талмай, ерінбей-жалықпай жаттығудың арқасында ғана оң жамбасыңа келеді. Содан соң, қарсылас блок қойғанда шабуылшы допты жойқын күшпен ұрып, доп блок қоюшылардың саусағына тиіп, алаңнан шығып кететіндей болуы керек.

Біз бір жылға жоспар жасаймыз. Күніне таңертең және кешке университеттің спорт залында жаттығамыз. Соған қоса, турлар өтетін кездері ойындар арасында үнемі шеберлік шыңдаймыз, қарсылас команданың ойын-өрнегінің ерекшеліктеріне қарай тәсілдер қолдануға машықтанамыз.

– Сіздің отбасыңызда белгілі спортшылар бар ма? Мысалы, балаларыңыз.

– Әлбетте, солай. Мен жастайымнан ішімдікпен, темекімен әуестенген емеспін. Екі балама да саламатты өмір салтын дарыттым. Үлкенім Әсет отыз жаста, ауыр атлетикадан сексен екі килограмда жаттығып, спорт шеберінен үміткер атанды. Ал екінші ұлым Әділ – жиырма сегіз жаста. Ол да ауыр атлетикамен айналысты. Жетпіс бес килограмм салмақта сынға түсіп, спорт шеберінің нормативін орындады.

– Соңғы бір сауалым мынау: өзіңіз волейболшысыз. Ал балаларыңыз ауыр атлетиканы таңдағаны қалай?

– Мұның мәнісі мынада: мен үнемі үйімде дене шынықтырамын. Сонда гантель, тағы басқа ауыр атлетика жабдықтарымен жаттығамын. Ұлдарым осыны көріп, әуестеніп жүрді де, ақыры ауыр атлетиканы таңдап кетті. Бұлшық еттері өсіп, күш-қуаттары жетіле түскенін көріп, қолдарын қаққан жоқпын.

– Олай болса, өзіңіздің де, олардың да жолдары бола берсін! Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ.

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат

ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp