«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СОТ ОРЫНДАУШЫЛАРЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ САРАЛАНДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бұрнағы күні “Нұр Отан” ХДП-ның облыстық филиалында оның сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Арайлым СМАҒҰЛОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Аталмыш қоғамдық кеңестің төрағасы Сайран Хамзиннің қатысуымен өткен жиында қаралған мәселе – сот шешімдері мен үкімдерін орындау аясында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмысын ұйымдастыру. Облыс прокурорының аға көмекшісі Ербол Торсықбаевтың айтуынша, Сот актілерін орындау департаментінің жұмысын тексеруде екі бағытқа – атқарушылық санкцияның 10 пайызын республикалық бюджетке өндіруге және сот орындаушыларының әрекетіне шағымды қарау тәртібінің сақталуына баса мән берілген. Бұл тексерістің жүргізілуі “Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы” жаңа Заңның күшіне енуіне байланысты. Себебі, бұрын атқарушылық санкцияны өндіру тәртібі өзгеше болған. Егер бұрын сот орындаушысы атқарушылық санкция туралы ұсыныспен сотқа барса, жаңа заңның аясында сот орындаушыларының құзыреттілігі кеңейіп, енді олар атқарушылық санкциясын өндіру жөніндегі ұсынысты өздері шығара алады. Бұл уақытты да үнемдеп, жұмыстың тиімді жүргізілуіне оң серпін берген.

 

Мәселен, 2010 жылы республикалық бюджетке 36 миллион теңге өндірілсе, 2011 жылы бұл сома 49 миллион теңгеге жеткен. Мұндай үрдіс соңғы екі жылдан бері жалғасуда, деген облыс прокурорының аға көмекшісі өткен жылдары атқарушылық санкциясын өндіруді орындауда заңдылық өте төмен болғандығын айтты. Көп жағдайда сот орындаушысы санкцияға мән бермей, тек атқарушылық құжатта көрсетілген соманы өндірумен ғана шектелген. Осы орайда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін сот орындаушыларына санкцияны өндіруде атқарушылық іс жүргізуді қозғау мүмкіндігі берілген.

Сот шешімдері мен үкімдерін орындау аясында бірқатар сыбайлас жемқорлық қылмыс орын алғандығын айтқан облыс прокурорының аға көмекшісі “Би Логистикс” АҚ филиалы директоры мен облыстық Сот актілерін орындау жөніндегі департаменттің аға сот орындаушысына қатысты жағымсыз оқиғаға тоқталды. Сот шешімімен арызданушыға борышкерден қажетті соманы өндіріп беруде тәркіленген мүлікті саудаға шығаруды ұйымдастыратын “Би Логистикс” АҚ-ның филиалы өндірушінің, борышкердің және саудаға қатысушылардың конституциялық құқығын шектеді, деп айыпталып отыр. Сондай-ақ аталмыш филиалдың кеңсесі, жүк тасымалдайтын көлігі, материалдық-техникалық базасы, тәркіленген мүлікті сақтайтын қоймасы болмаған. Осы күнге дейін аталмыш филиал тәркіленген мүлікті сақтау үшін кәсіпкерлерден нысандарды жалға алып келген. Бұл – мемлекеттік бюджеттің қаржысын мақсатсыз жұмсаудың айғағы. Акционері Сот актілерін орындау комитеті болып табылатын “Би Логистикс” АҚ-ның өңіріміздегі филиалының бұл әрекеті делдалдық деп бағалануда. Осы орайда қоғамдық кеңестің мүшелері тәркіленген мүлікті саудаға шығаруды ұйымдастыру жұмысын бәсекелі ортаға беру қажет деген ойларын жеткізді.

“Нұр Отан” ХДП-ның облыстық филиалы қоғамдық қабылдауының меңгерушісі Абай Қайсин атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала келе, өздеріне бірқатар тұрғындардың сот орындаушыларының заңсыз әрекетіне шағымданғанын мәлімдеді. Бірі – сот орындаушылары мүлкімізді заңсыз тәркіледі десе, екіншілері сот шешімі әлі орындалмай жатқанын айтқан. Осы орайда Сот актілерін орындау жөніндегі департаменттің басшысы Рахмет Базылов сот орындаушыларының сот шешімімен ғана мүлікті тәркілейтіндігін жеткізді. Сондай-ақ орындалмай жатқан сот шешімдері болса, оған сот орындаушыларының жеткіліксіздігі себеп болып отыр. Оның үстіне сот орындаушыларының санын тағы да 10 пайызға қысқарту туралы шешім шыққан. Ал өткен жылы толық жүзеге асырылған сот шешімдері 75 пайызды құраған.

Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы Мақсұт Жолмағамбетов өз жұмыстарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін жүргізіліп жатқан шараларға тоқталып, қоғамдық кеңестің мүшелерінен түзету мекемелерінде отырғандарды еңбекпен қамтуда және мойындарындағы қарыздарын өтеуде олардың еңбекпен қамтамасыз ету қажеттігін айтып, көмектесуді сұрады.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp