Ғабдол ЕСҚАЛИЕВ,
облыстық емхананың
лор-дәрігері.
Адам елемей жүре берсе, оның соңы дімкәстікке соқтыратын кеселдердің бірі – гайморит. Ол, әсіресе, тұмау, суық тиіп, жұқпалы ауруларға ұшырап, ағза әлсіреген сәттерде ерекше белең алады. Дер кезінде қаралып, дұрыс ем-дом алмаған жағдайда созылмалы түріне соқтыруы мүмкін. Бірде менің қабылдауыма кішкентай немересін жетектеп бір апай келді. Байқаймын, бүлдіршін қолын мұрнына қайта-қайта апарып, қатты ауырсынып тұр. Әңгіме барысында “жұмыс-басты” ата-анасының ештеңе етпейді, жазылып кетеді деп ұзын арқау, кең тұсаумен жүре бергені белгілі болды. Болары болып, бояуы сіңген соң ғана медицина көмегіне жүгінуге тура келген. Мұрынның шырышы өсіп, тыныс алу жолдары бітеліп қалған. Оның үстіне үстіңгі тістерінің тамырының қабынуы байқала бастаған. Алғашқы дәрігерлік көмек дер кезінде көрсетілгенде мұндай асқынуға жол берілмес еді. Өкініштісі сол, көп адамдар ауырмаудың жолдарын қарастырудың орнына ауырғаннан кейін бармақ тістеп, өкініп жатады. Емделуге өз ағайындарымыздың жиі келетіні ойлантпай қоймайды. Мұның бәрі – салдыр-салақтықтан, немқұрайдылықтан.
Мұрын – өте жанды, нәзік әрі күрделі мүшелердің бірі. Оның қуысында 2 гаймор, 2 маңдай, 1 қиықша және торлы лабиринт клеткалары орналасқан. Осылардың бәрі мұрын қуысына шығатын жолдармен жалғасқан. Мұрын бітелген кезде ішкі шырыш өсіп, тыныс алу жолдары бітеліп қалады. Оның соңы шырыш сұйықтықтарының пайда болуына әкеліп, іріңдеуге ұласады. Осы сәттен сырқаттың алғашқы белгілері біліне бастайды. Гаймориттің бірнеше түрі бар. Маңдай қойнауының қабынуы – фронтит, қиықша қабынуы – сфеноидит, торшаның қабынуы – этмоид делінеді. Бұлардың қай-қайсысына болсын сатылап даму тән. Жеңіл түрі (катаралды) мұрынның қосалқы қуысынан басталады. Мұрын бітеліп, бет ісінеді, бас, көздің үсті ауыра бастайды. Ал ауыр түріне ұласса, дене қызуы көтеріліп, бас ауруы күшейе түседі. Мұрыннан ірің шыға бастайды. Кейде суық тимей-ақ, гайморит пайда болады. Тіс жегінің асқынуы, әсіресе, үстіңгі тістердің, тіс тамырларының қабынуы кеселді қоздырып жібереді. Ауыз қуысындағы жұқпалар тіс каналдары арқылы мұрынға барады. Бұл – одонтогентті гаймориттің белгісі. Оның өршуіне мұрын пердесінің қисаюы әсер етіп, мұрын жолының жіңішкеруіне әкеледі. Оның әсерінен мұрын қуысында шырыш жұқпалары жиналып, шығу жолдары бітеледі. Іріңді гаймориттің минингитке (ми қабығының асқынуы), миокардқа, жүректің бұлшық етінің қабынуына, бүйрек ырғағының бұзылуына, түрлі гинекологиялық аурулардың тууына соқтыратын жайттар тәжірибеде кездеседі. Өйткені, мұрын қуыстарындағы жұқпалар қауіпті ауруларды өршітуге бейім тұрады.
Гаймориттің алдын алу – адамның өз қолында. Суық тисе, мұрын бітелсе, тісі ауырса, мұрын пердесі қисайса, дереу дәрігерге қаралған жөн. Бұл – бір. Екіншіден, түрлі ауруларға қарсы бойдағы иммунитетті қалыптастырудың маңызы өте зор. Гайморитті отаға жеткізбей-ақ консервативті әдіспен емдеуге болады. Бұл аурудың ағымын жеңілдетеді. Асқынған жағдайда хирургиялық ем-дом жасалады. Кейбіреулер халықтық емді қолданып жатады. Оның ешқандай артықшылығы жоқ. Мұндай әрекет әркімнің еркі десек те, алдымен дәрігерге қаралған абзал. Өйткені, кей жағдайларда күрделі ота жасауға тура келеді. Қазір медицинаның қарыштап дамыған кезі, осызаманғы құрал-жабдықтар кеңінен қолданылады. Сондықтан қорқақтап-үркектеудің еш қажеті жоқ.
Сөз соңында айтарымыз, гайморит – жазылатын кесел. Оның зардабын ұзақ тартпау үшін асқындырмаған жөн.
Петропавл қаласы.