«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӨРТ АУЫЛДЫ ТҮГЕЛ ҚАМТЫП…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Ұлт денсаулығын нығайту, саламатты өмір салтын қалыптастыру – қоғамымыздың өзекті мәселесі. Сондықтан бүгінде мемлекетіміз денсаулық сақтау саласына жыл сайын қомақты қаржы бөліп келеді. Ал тоқсаныншы жылдардағы экономикалық дағдарыс кезінде көптеген елді мекендерде медициналық қосындар жабылғанды. Рас, қиындыққа қарсы тұрған қосындар жұмыстарын жалғастыра берді. Солардың қатарында Тайынша ауданындағы Қарағаш ауылының дәрігерлік амбулаториясы да бар.

– Мен бұл шағын амбулаторияда 1982 жылдан бері үздіксіз еңбек етіп келемін. Сол жылы мен Көкшетау медициналық училищесін фельдшер мамандығы бойынша бітірген едім. Зейнеткерлікке шыққанға дейін әлі талай жерлесіме көмек қолын созуға дайынмын, – дейді бірінші санатты дәрігер, мекеменің меңгерушісі Евгений Вручинский.

 

Ол өзінің ізбасарларын даярлаудан жалықпайтынын да сөз етеді. Тәжірибелі фельдшер былтыр Көкшетау медициналық колледжін бітіріп, осында жұмысқа қабылданған жас маман Кенже Хамидулинді қасынан бір елі тастамай, бар білгенін соның бойына сіңіруде. Бүгінде дәрігерлік орталықта ауылдың жеті тұрғыны жұмыспен қамтылып отыр. Оның төртеуі – медицинаның білікті де тәжірибелі мамандар.

2009 жылы облыс әкімдігі аталмыш медициналық қосынға “Жедел жәрдем” көлігін сыйға тартыпты. Төрт елді мекенді, яғни, Константиновка, Калиновка, Тапшыл және Қарағаш ауылдарын қамтитын амбулатория 1500-дей адамға қызмет көрсетеді. Мұнда ересек адамдарға екпе егу, ауруларға күндізгі стационарлық емдом жасау шаралары жүргізіледі. Үйінде төсек тартып қалғандарға барып, жағдайларын бақылап тұрады.

Меңгерушінің айтуынша, бұл мекемеде шешімі ұзаққа созылып кеткен бір ғана мәселе бар, ол – дәрігерлік амбулатория орналасқан ескі ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу. Ал басқа ағымдағы мәселелерді ұжым ауданның денсаулық сақтау бөлімі немесе ауылдардағы шаруа қожалықтарының демеушілік көмегімен біртіндеп шеше алады. Ғимаратқа “Аристон” қондырғысы орнатылып, онда қысы-жазы ыстық су ағып тұрады. Кәріз судың да құбыры жүргізілген. Мұндағы қызметкерлердің барлығы жергілікті тұрғындар болғандықтан, маманнан тапшылық жоқ.

Скринингтер мен медициналық тексерулер, кардиограмма жасау мен қанның құрамын анықтау шараларын осындағы мамандардың өздері жүргізеді. Дәрігерлік амбулатория жанындағы дәріханада жеке кәсіпкер өз қызметін дөңгелетіп, жұртшылықты керекті дәрі-дәрмегімен қамтамасыз етіп отыр. Ал ақысыз берілетін кейбір дәрі-дәрмектер аудан орталығынан жеткізіліп тұрады. Сондай-ақ аудан, я болмаса облыс орталығынан жылжымалы медициналық қосын келіп, тұрғындарды мамандардың тексеруінен өткізу де дағдылы шаралар. Олардың келер уақыты таяған кезде ауылдағы дәрігерлік орталықтың мамандары тұрғындарды денсаулықтарына қарай сұрыптап, арнайы мамандарға қаралатындардың тізімдерін жасап, алдын ала дайындап қояды. Ауылдың жүкті әйелдері облыс немесе аудан орталықтарына шапқыламай, мұндағы білікті акушердің көмегімен-ақ ай-күндері толғанша қорықпай жүре береді.

– Соңғы жылдары округімізде бала туу көрсеткіші өсті. Өткен жылы 18 бала дүниеге келсе, биылғы жылдың бірінші тоқсанында-ақ 5 тұрғынға көбейдік, – дейді амбулатория акушері Гүлнар Қажыбайқызы.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp