«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ХАЛ ҚАЛАЙ, ХАЛЫҚ ТЕАТРЛАРЫ?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бір кезде думан ордасы болған халық театрларының бүгінгі халі қалай? Мақаламды бала күнімнен таныс Аралағаш театрынан бастайын.

 

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

“Әне, қара, жездең домбыраны қолына алды. Қазір күй тартады”, – дегенді достарымнан жиі еститінмін. Себебі, жездем барған үйде міндетті түрде қазақтың қара домбырасы күмбірлеп, халық әні шырқалатын. Жездем деп отырғаным – Жұмабай Мұратбеков. Кіндік қаным тамған жер құт-береке дарыған Дайындық ауылы болсадағы, балалық шағым дәл осы Аралағаш ауылында саналы өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнаған тәтем Қапияш Дүйсенованың отбасында өтті. Жездем күн бата қалса, шерте-шерте әбден тозығы шыққан қара домбырасын қолына алып, Құрманғазы, Тәттімбет, Сүгір мен Нұрғиса Тілендиевтің күйлерін бірінен соң бірін тамылжыта орындайтын әдеті барды.

Тоқсаныншы жылдары ауыл жарықсыз отырған күндерде үйдегі бар қызық осы домбыра болатұғын. Қараңғы бөлмеде домбыраның пернелеріне көз салмай-ақ жездем қалай күй орындайды екен деген ой мені жиі мазалайтын. Арнайы музыкалық білімі болмаса да, бала кезінен ән атаулыға құмартып, қазақтың небір марқасқа әншілері мен дәулескер күйшілерінің туындыларын радиодан ести қалса, сол мезетте домбыраның нақышына салып отырған деседі. Осылайша бойындағы тума талантты еңбекқорлықпен шыңдаған.

 

Жездем кейін жоғары оқу орнына түскенімен, отбасылық жағдайға байланысты Аралағашқа қайтып келіп, ауылдағы Мәдениет үйінің меңгерушісі болып қызметке тұрады. Ол үшін арнайы курс тыңдаушысы болады. Жоғары оқу орнының көк қағазы болмаса да, артынан ерген ауыл жастарын ұршықтай үйіріп, клубқа тартты. Шығармашылықпен айналысуға шақырды. Олардың бойынан өнер бұлағын ашты. Одан тәлім алған шәкірттерінің бірі қобызшы Ерназар Ыбыраев болды. Өзге шәкірттері бүгіндері жоғары оқу орындарын тамамдап, облыс орталығының қазақ мектептерінде ән-күй пәндерінен сабақ беріп келеді. Ол кісі клубқа жетекшілік еткен жылдары ауылдың көркемөнерпаздарынан құрылған театрдың да мерейі үстем болды.

Өрістен мал қайтқан соң ауыл тұрғындары Мәдениет үйіне ағылып, жаңа қойылымның дайындығына бір адамдай кірісіп кететін кездері әлі есімде. Театрдың режиссері Аманжол Есентаев екеуі бірігіп, салтанатты мерекелік концерттің сценарийін бірлесе жазып, сахнада көрсетілген әр қойылымға жіті үңілетін. Олардың бірі концерт нөмірін дайындаса, бірі драма үйірмесін жүргізіп келді. 1976 жылы “Халық” атағын қанжығасына байлаған театрдың әртістері ауылдың мехнизаторлары мен мектеп мұғалімдерінен құралды. Қанша қауырт жұмыста жүрсе де, бос уақыттарын әрдайым театрдағы дайындықпен қабыстырған ауылдың Мәдениет үйінің іші майшамсыз-ақ ол күндері жарық болатын. Іші ауылдың өнерлі жастарына толып, бос орындар болмағандығы да шындық. Неше түрлі ансамбльдер құрылып, қазақтың ұлттық әуендері көк аспанда мәуелеп, қарапайым ауыл адамдарының күшімен “Ғазиза”, “Күтпеген мейман”, “Беу, қыздар-ай!”, “Қыз Жібек”, “Қозы Көрпеш – Баян сұлу”, “Құйекеңнің құдалары” атты пьесалары сахналанатын. Сол күндері ауыл жұртының өзі көңілді көрінетін маған. Осындай ортада тәлім алған өскелең ұрпақтың, әйтеуір, біреуі өнер әлеміне жол тартады. Оның мысалы ретінде қазақ киносын Канн кинофестивалінде танытқан Сергей Дворцевойдың “Тюльпан” фильмінде басты рөлді сомдаған актриса Самал Еслямованы айтуға болады.

Қазір сол өткен күндерді ауыл клубының қабырғасында ілулі тұрған ескірген суреттер ғана есіңе салады. Домбыраның қоңыр үнін ескі есіктің сықырлаған үні алмастырғандай жым-жырт. Ауылдың көркі болған театр осы күнге дейін шамын өшірмей келген. Бүгінгі күні театр қарамағында 12 көркемөнерпаз өнер көрсететін көрінеді. Оның қазіргі жетекшісі – Дулат Рүстемов. Мәдениет үйінде баяғыдай қауырт жұмыс байқалмаса да, ауыл көркемөнерпаздарынан құралған ұжым ара-тұра көрермендерін бір қуантып қоюды ұмытпаған. Өткен жылы “Халық театры” атағын қорғап, өңіріміздегі 6 бірдей өнер ордасының қатарына енген бұл өнер ордасы да өзге театрлар сияқты жылдан-жылға әупірімдеп жетуде. Халық театрына арнайы жазылмаған драматургиялық шығармалардың жоқтығы, әртістердің жетіспеушілігі, декорациялардың аздығы қолбайлау болып тұр.

Жалпы өңірімізде бұрыннан бері келе жатқан халық театрлары баршылық. Мәселен, Пресновка ауылдық Мәдениет үйінің театры 1912 жылы құрылып, 1959 жылы оған “Халық театры” атағы берілген екен. Надежда Рудикованың қарамағында 26 көркемөнерпаз қызмет етіп келеді. “Прометей” атты халық театры 1969 жылдан бері халық арасында өнер көрсетсе, Петропавл қалалық Мәдениет үйінің халық драма театры 1920 жылдан бері өз жұмысын тоқтатқан емес. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің “Пилигримм” халықтық студенттік театры 1968 жылы қазығын қаққан екен. 1988 жылы өңіріміздің жалғыз жоғары оқу орнының жанынан тағы бір “Халық театры” атағы бар өнер ұжымы құрылды. Ол – жастар арасында танымал “Кривое зеркало”. Бұл театрлардың әртістері – сан алуан мамандық иелері. Облыстық халық шығармашылығы және мәдени-демалыс қызметі орталығының мамандарының берген мәліметіне сүйенсек, халық театрларында жалпы алғанда 132 әртіс өнер көрсетеді екен. Әртістерге арнайы белгіленген жалақы төленбесе де, жетекшілері – 36-40 мың теңгедей айлық алып тұрады.

Жақсы декорация спектакльдің жаны іспетті. Қойылымға арнайы декорациялар мен сахнагерлердің костюмдік киімдерін өз күштерімен тігетін халық театрларының жағдайы, өкінішке қарай, көңіл көншітерлік емес. Десе де, ештеңеге қарамастан жыл сайын өнерлерін көрермендеріне паш етуді жалғастырып келе жатқан “Халық театры” атағы бар 6 бірдей ұжым білімдерін жетілдіріп, семинарларға қатысып тұрады. Соңғы рет театр ұжымдарының жетекшілері 2009 жылы жиналып, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының режиссері Виктор Шалаев пен С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының актері әрі режиссері Баатырбек Шамбетов өткізген шеберлік сыныптарынан тәлім алған. Бірақ бұл теңізге тамған тамшыдай ғана.

Театрлар кейбірі фестивальдарда да бақтарын сынап жүр. Петропавл қалалық Мәдениет үйінің халық драма театры 2006 жылы Челябі қаласында өткен “Театральный разъезд” атты фестивальда бірінші орынды жеңіп алды. Ал бір ғасырлық тарихы бар Пресновка ауылының Мәдениет үйінің халық театры өткен жылы Мәскеу қаласындағы халықаралық “Давыдовский” фестиваліне қатысып, 1-жүлделі орынды иеленген екен. Бірақ күні кеше дүркіреп тұрған Есіл ауданының Қарағай ауылының клубында құрылған халық театрының облыстың өнер сахнасынан ізімғайым жоғалып кетуі ойландырарлықтай. Күлзара Бәженова жетекшілік еткен театрдың соңынан Шал ақын ауданының Ыбыраев ауылының да халық театры ізімғайым жоғалды. Бұл театрлардың күшімен Ғ.Мүсіреповтің “Қозы Көрпеш – Баян сұлу”, Оразбек Бодықовтың “Үйленгім келмейді”, Шыңғыс Айтматовтың “Ана-Жер-Ана” повесі бойынша “Толғанай”, қазақ халық ертегілерінің желісі бойынша “Ақымақ қасқыр” қуыршақ спектакльдері үзбей сахналанып тұрған еді бір кезде.

Ауыл жастарының бос уақытын пайдалы әрі мәнді өткізудің бір жолы, әрине, осы ауыл театрлары. Олардың жұмысын жандандару – уақыт талабы.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp