«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚАЗАҚСТАННЫҢ 15 ЖЫЛДЫҒЫ” АУЫЛЫНЫҢ АТЫН АУЫСТЫРАТЫН КЕЗ КЕЛДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Болат ЕШМАҒАМБЕТҰЛЫ,

Қарағанды қаласының Құрметті азаматы, дербес зейнеткер.

Шүлембай Арықұлы 1870 жылы Жаманшұбар (қазіргі “Қазақстанның 15 жылдығы”) жерінде дүниеге келген. Ол ел Бәсентиін елі деп те аталады. XVIII ғасырдың аяғында Ертіс бойындағы елі мен әйгілі Айтбай батырдың арасында түсініспеушілік болып, батыр Ертіс жағалауынан Атығай-Қарауыл жеріне келеді. (Ел Тұтқа, М.Жолдасбеков, т.б. 142-бет, 4-аб). Атығай-қарауылдар оны құшақ жайып, қуанышпен қарсы алады. Батыр бізге қалқан болар деген үмітпен оған Жаманшұбар деген көделі, суорманды шұрайлы жерді бөліп береді. Қазір “Қазақстанның 15 жылдығы” аталып жүрген Бәсентиін жұрты содан тараған. Сол замандағы дәстүр бойынша батырдың сүйегі Қожа Ахмет-Яссауидің кесенесіне апарып жерленген.  

Айтбай Шүлембайдың ұлы атасы болады. Айтбай, Сағындық, Бүркіт, Арық, Шүлембай болып тарайды. Шүлембай ата-бабаларынан бастап сол қатал заманда ел ұйтқысы бола білген. Елдің жер дауы, мал дауы, су дауы, қыз дауы және т.б. қазақтың көп дауларында ат төбеліндей аз елдің мүддесін қорғауға күш-жігерін жұмсаған.

 

Айтбай батырдан тараған бәсентиіндіктер ел ішінде өзінің біліктілігімен, адал еңбегімен, елге қамқор бола алатындай қабілеттерімен көрінген Шүлембайдың төңірегіне топтасады. Шүкең маңайындағы елдердің жақсыларымен дос-жолдас, құда-құдандалы қарым-қатынас жасап, көрші-қолаңмен сыйлас болған. Ботайдың әйгілі шонжары Шәлтік қажының немере қызы Нүриланы өз ұлы Ешмағамбетке әперіп, қажымен құда болады. Іргелі Ақмолда елінің басшысы Мәмбеттің інісі Абдықалыққа өзінің үлкен қызы Бейісті тұрмысқа береді. Ал екінші қызы Сақып Шабақпай елінің жақсысы – Жақыптың баласы Әшімге тұрмысқа шығады. Әшім – Қазақстан Үкіметін он төрт жыл басқарған Бәйкеннің әкесі. Бәйкенді жастайынан нағашы атасына тартқан, ел азаматы болады деуші еді. Ел қателеспепті. Шүкеңнің басқа да өз балалары, жиендері де ел аузындағылар еді, тек олар майданнан қайтпады. Маңайындағы Керей-Уақ елдерінің жақсыларымен қуғын-сүргін кезінде де, одан кейін де қарым-катынастарын үзген жоқ. Көрші ел Андағұл-Жұмықтың жақсылары Уәйіс, Нұрқат, Досмағамбет, Әуелбек, тағы басқалармен сыйлас болған. Шүкеңнің бәйбішесі Бадығұл – Кеңесарының батыры, атақты Сарысайлық Сарыбелдің немересі. Осылай Шүкеңнің оңы-солы берік еді.

Алаш Үкіметінің басшысы Әлихан Бөкейханов Көкшетау, Қызылжар өңірлерін аралағанда жайлаудағы Шүлекеңнің киіз үйіне соғып, маңайдағы елдердің жақсыларымен кездесіп, пікір алысқанын мен атам мен Мәмбеттің әңгімелерінен өз құлағыммен естіп едім. Сол жолы Шүлембай Айтбайдың бір бұтағынан тарайтын оқу-білімі бар Тілеулінің Жұмағалиын Әлекеңмен таныстырған десетін.

Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының аяғы мен отызыншы жылдарының басында Шүлембайға “құлақ” деген ат тағып, оны алашордашылармен қарым-қатынаста болған деп, Петропавл абақтысына қамайды. Оны естіген Жұмағали Шүлембайды абақтыдан құтқарып шығаруға әрекет жасап, заңды түрде босату мүмкіндігі болмағасын, Шүкеңе Сүргебаев деген жалған құжат тауып беріп, түрмеден жасырын шығарады. Осылай Шүкең отбасы Омбының Азов ауданының жаңа ұйымдасқан “Мещеряков” кеңшарынан бірақ шығады. Бұл елдің аштықтан, қуғын-сүргіннен берекелері кетіп, тарыдай шашылған кезі еді. Кеңшарда Шүкең балташы, екі ұлы малшы, келіні Нүрила сауыншы болып еңбек етіп, табыстары мол болады. Нүрила стахановшы атанып, Омбыға шақырылып, үлкен жүлде – “Зингер” іс машинасымен марапатталады. Оқу-сызу білімі болмаса да, табиғи зеректілігімен елде болып жатқан оқиғаларды зерделеп отыратын Шүкең өкіметтің ұжымдастыру саясатын пайдаланып, бытырап кеткен елдің басын қосып, ата-жұртына жинауды мақсат етеді. Елге оралып бара жатқан, аштық кезінде Новокузнецк асып кеткен Сүлейменнің Қуанышбайынан ел азаматтарына бастарын қосып, ұжымшар құрсын деген сәлемін жеткізеді. Қуанышбай Жаманшұбарға оралып, Айтбай бұтақтарынан тараған Боздақ, Сатыбалды, Аламан, т.б. ұрпақтарына Шүлембайдың сәлемін жеткізеді. Олармен бірге баяғы Бөгенбай, Айтбай заманынан бәсентиіндіктермен аралас-құралас, ауылдас болып кеткен төрт-бес үй қанжығалылықтар Нұрмағанбет, Баймағанбет, Ермағанбет (өмір бойы ұжымшар бригадирі), Қапандар да атсалысып ұжымшардың іргетасын қаласады. Ұйымшыл ел аз уақыттың ішінде үш шоқының ортасындағы алаңға орналасып, іргелі ұжымшар болады.

Осындай тарихы бар ел сексен жылдай өкімет айдарлаған “Қазақстанның 15 жылдығы” атын жамылып келеді. Қазір ол өкіметтің өзі де жоқ, жаңа Қазақстанның өзі жиырма жылдығын тойлап өтті. Соған қарағанда елдің осы уақытқа дейін ескі атпен аталуы көңілге қонбайды.

Меніңше, елдің басын қосып ұжымшар құруға себепші, маңайына сыйлы болған Шүлембайы бар, қазақ жерін жоңғарлардан азат еткен Айтбайдай батыры бар, қазақ елінің бостандығы жолындағы күресте жанын пида еткен Жұмағалиы бар ел, солардың біреуінің атымен аталатындай жөні бар. Елдің аты – оның айдары, одан сол елдің тарихы мен азаматтарының елге деген еңбегі аңқып тұрғаны жөн. Елдегі жерлестерім мен туыстарыма осындай ой саламын ба деп осы сәлем хатымды жолдап отырмын.

Қарағанды қаласы.

Ерубаев көшесі, 50/6 үй, 6-шы пәтер.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp