Есіл ауданы Покровка ауылындағы агротехникалық институттың спорт залында еркін және әйелдер күресінен облыстың командалық жарысы өткізілді. Барлығы 107 бозбала мен 61 қыз сынға түсті.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Бозбалалар арасында командалық бас жүлдені Мағжан Жұмабаев ауданының балуандары қанжығаға байласа, оларға есе жіберіп қойған мамлюттіктер екінші орынды қанағат тұтты. Ал үшінші орынға тиесілі жүлде ақжарлық боз кілем шеберлеріне бұйырды.
Қыздар арасында бас жүлде иесі – тимирязевтік балуандар. Екінші орында – ақжарлықтар. Үшінші жүлдеге айыртаулықтар қол жеткізді.
Ұйымдастыру комитетінің және төрешілер алқасының жақсы жұмыс атқаруының нәтижесінде жарыс ойдағыдай өтіп, арыз-шағым түспеген.
Енді осы жарыстың барысында ерекше шеберлікпен көзге түскен балуандар санатынан облыстың оқушылар құрамасы жасақталып, республикалық сынаққа даярланады.