«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАРТЫ МИЛЛИОН ТЕҢГЕДЕЙ ЖИНАЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлда “Аяла” қорының ұйымдастыруымен “Менің үмітімнің мекені” атты қайырымдылық кеші өтті. Нәтижесінде облыс орталығындағы Бөбектер үйіне медициналық құрал-жабдықтар сатып алуға қажетті соманың үштен бірі жиналды.

Фархат ТАСТАМБЕКОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.

Бөбектер үйі 1921 жылы ашылған. Қазіргі таңда осы мекемеде орталық жүйке жүйелерінің әртүрлі аурулары бар 60 бала тәрбиеленіп жатыр. Соның 43-і – тастанды. Ал қалған 17 бала мекемеге жалғыз басты әйелдердің ауыр жағдайларына байланысты уақытша орналастырылған. Айта кетерлігі, осы 17 баланың үшеуі – ауыр науқас.
“Жетім көрсең, жебей жүр” деген нақылды ұран етіп алған “Аяла” қоры 2007 жылы құрылған. Содан бері қор балаларға арналған медициналық және білім беретін мекемелерге көмек ретінде 616 миллион теңгеден астам қаражат жинап берген.
“Эмират” ойын-сауық кешенінде өткен кеш те – қордың көптеген жобаларының бірі. Кіру тегін, тек қайырымдылық жәшігіне қалағаныңша қаражат салуыңа болады.



Мейрамханаға жүзден астам мейірімді жандар жиналды. Келушілерге алдымен “Эмират” ойын-сауық кешені, “Номад” мейрамханасы, “Орион” салтанат залы, “Черная кошка” дәмханасының аспаздары дайындаған фуршет ұсынылды. Көркемөнер лицейінің тәрбиеленушілері арнайы салған суреттер сатылды. Қайырымдылық лотереясы ұйымдастырылып, сертификаттар жәрмеңкесі өтті.
Концерттік бағдарламаны шоумен Закиржан Мамлютов жүргізді. Келген меймандардың құрметіне “Томирис” сән театрының бүлдіршіндері мен “Эмират” ойын-сауық кешенінің балалар би тобы өнер көрсетті. Жергілікті әншілер Виктория Трубанова, Бану Мамлютова, Антон Голышев және тағы басқалар ән шырқады. Кештің басты ұйымдастырушыларының бірі – “Ару” үйлену салоны қалыңдықтарға арналған киімнің сән үлгісін көрсетті.
Кеш соңында түскен қаражат есептелді. “Менің үмітімнің мекені” жобасы бойынша Бөбектер үйіне 7 түрлі медициналық құрылғы алу үшін 1,5 миллион теңгедей қажет екен. Бұр қайырымдылық кешінің арқасында 400 мың теңгедей, яғни қордың қоржынына қажетті соманың үштен бірі жиналды. Енді ол ақшаның барлығы көмекке зәру бүлдіршіндердің қажетіне жаратылатын болады.
Суретті түсірген автор.
 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp