Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының
мүшесі.
Білуге құмарлық, ынталану адамның бойында талпыныстың отын жағып тұратыны анық. Өз басым жастайымнан өлеңге, айтысқа, батырлар жырына айрықша құштар болған едім.
Оқушы кезімнен-ақ “Қобыланды батыр”, “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жырларын, “Біржан – Сара” айтысын жатқа айтып, үлкендерді риза қылушы едім. Соған қоса, мені айтыстың ақтаңгерлері Шөже, Орынбай, Жанақ, Бақтыбай сияқты ақындардың сөздері өте еліктіретін. Сондықтан қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде сүйікті ұстазым Мырзатай Жолдасбеков осы ұмтылысымды қолдап, мені Ғылым академиясының Мұхтар Әуезов атындағы ғылыми-зерттеу институтының ауыз әдебиеті бөліміне қызметке алдырғаны арманымның орындалғанындай қуанышқа кенелткен. Өйткені, онда мен қазақ фольклорының шоқтығы биік зерттеушісі, академияның корреспондент-мүшесі Рахманқұл Бердібайдың қарамағында қызмет атқардым. Білікті де зерделі ғалымнан үйренгендерім көп-ақ. Одан соң ғылым докторы Мырзабек Дүйсенов пен Қазақстан мұсылмандарының бұрынғы бас мүфтиі Әбсаттар Дербісәлі ұстаздарым болды.
Бір бөле-жара айтарым, институттың көне қолжазбалар бөліміне жолым ашық болды да, солтүстік өңірден шыққан жыр жүйрігі, сұңғыла айтыскер Орынбай Бертағыұлының сөзмайдандағы майын тамыза айтқан өлеңдері көзіме оттай басылды.
Тағдырдың жазуымен “Ленин туына” қызметке ауысуыма тура келді де, бойға қонған зерттеушілікке деген ынтам бірте-бірте сөне берді. Бірақ айтыс ақындарының маржан жырларын түбегейлі жадымнан шығармадым. Осы орайда Орынбай Бертағыұлының айтыстарына, өлеңдеріне құмарлығым өшпей, қайта ынталандыра түсті.
Бұл ретте мұндай ақындардың көп уақыт бойы әдебиет тарихын зерттеушілердің назарынан тыс қалып келгеніне қынжыламын. Бүгінгі күн тұрғысынан бағалай отырып, мұның мәнісі мынада ма деп ойлаймын: Қазан төңкерісінен кейін қазақтың көне дәуірлердегі мәдени мұраларына коммунистік идеологияның пәрменімен баға беру белең алып кеткенін жасыруға болмайды. “Бізге коммунистік әдебиет керек!”, “Біз жаңа әдебиет жасаймыз!” деген ұраншылдық пайда болды. Ақын-жазушылардың одағы – “Пролетар жазушыларының Қазақ ассоциациясы” құрылды. Соның ырқымен дүлдүл жыраулардың, ақылман ақындардың, айтыс ақтаңгерлерінің өлең-жырлары Әбділда Тәжібаевтың, Асқар Тоқмағамбетовтың, Қалмақан Әбдіқадыровтың және басқалардың “Пионер”, “Орақ пен Балға” , “Бүгінгі тұрмыс”, “Солқылда, еңбек балғасы”, “Адымдай бас, комсомол” сияқты ұраншыл өлеңдерінің ығында қалдырылды. Бұл өлеңдердің кейіп-керлері де соған сай “Жалбыр”, “Кедей”, “Жұтаң” дегендей атаулар алды. Сәбит Мұқановтың өзі мұндай кейіпкеріне “Шоқпыт” деген есім бергенін білеміз.
Ұлттың ұлы тұлғаларын құрдымға жіберіп жатқан ұраншылдармен айқасқа түскендер де бар. Мағжан – солардың зоры. Ол 1923 жылы бұл жайында былай жазыпты: “Өткен дәуірлердегі теңіздей тұңғиық әдебиетіміздің бізге бұл күнде адасқан ұшқындары, тентіреген тамшылары ғана жетіп отыр. Көбі, көбі болғанда, ең сұлулары ұмытылған, желдей ескен жыраулармен бірге топыраққа айналған. Баяғыда отыз күн, отыз түн айтылатын “Қобыландылардың” ауызда адасып, азғантайы ғана қалған. Талай түндерге созылған ертегілердің басы қайырылып, аяғына жетіп, шоп-шолақ қалған” деп (М. Жұмабаев. Шығармалары. Алматы, 1989. 340-бет) өте қамығады.
Осыдан соң Мағжан ештеңеден тайынбастан, Ақан сері туралы зерттеу, ойшыл жырау Балқы- Базар Оңдасұлы, фольклор зерттеуші Әбубәкір Диваев жайлы дәйекті мақалалар жазады. Ол Ғұмар Қарашұлы, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев, өзі өлең арнаған Бернияз Күлеев өмірі мен шығармалары және айтыс ақындары туралы көсемсөз, мақалалар жазуға да оқталыпты. Алайда, көрсетіндімен сотталуы оны бұл мақсатына жеткізбеген.
Айтыс туралы соңғы сөз 1943 жылы кеңес өкіметі кезіндегі ақындардың елжұртты Ұлы Отан соғысындағы жеңіске жігерлендіру мақсатында өтіп, бұл ұлы өнердің көзіне осыдан соң су құйылған. Солайша, айтыс өнері ескі тұрмыстың сарқыншағы саналып, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін жабулы қалпында қалған. Бұлардың ішінде ең көп тарағаны – Бақтыбай мен Тезек төренің айтысы. Оның ауызға алынуының мәнісі – “таптық сипатында”. Себебі, Бақтыбай – кедей ақыны, ал Тезек – төре тұқымы.
Қазақтың он тоғызыншы ғасырда тұрмыс кешкен ақындарының әдебиет тарихынан жұтаң орын алуының себебі осында жатыр.
Осы ретте Орынбай Бертағыұлы сияқты дала данышпанына ең зор бағаны 1846 жылы Аягөзде оның Жанақпен айтысын тыңдап, тамашалаған поляк ағартушысы, шығыстанушы Адольф Янушкевичтен асырып ешкім бере алмағанына көзім жетеді. Оның “Қазақ даласына сапар туралы” деген еңбегі 2003 жылы аударылып шықты.
Аягөзде қазақ ақындарының сөзқағысын тыңдаған зерттеуші айтысқа түскен Орынбай мен Жанақты тыңдап: “Мен ойға қалдым. Осының бәрін мен дүниежүзі тағы және жабайы санайтын далада көшіп жүрген халықтың ортасында өз құлағыммен тыңдадым ғой. Бұдан бірнеше күн бұрын мен дүрдараз екі ел өкілдері қақтығысуларының куәсі болып, ешқашанда Демосфен мен Цицеронды естіп және білмеген шешендердің сөзіне қол соғуыма тура келді. Ал бүгін менің алдымда, тіпті, оқи да, жаза да алмайтын ақындар өнерлерін жайып салды. Олар өзінің таңғалдырарлық талантымен жүрегім мен жаныма көп нәрсені ұялатып, мені, тіпті, тәнті етті. Ал бұлар тағы жыртқыштар ма? Бұлар болашақтан мақұрым қалмақ па? Жоқ, олай емес. Бұл – имандай шындығым! Мұндай талант иесі өркениеттіліктен әсте тысқары қалмақ емес. Оның рухы қазақ даласына жетіп, жарық шоғын үрлей түсер!” – деп жазған екен.
Орынбайдың асқан суырып-салма ақындығын дәлелдеп жатудың жөні жоқ. Оған сырт көз әлгіндей баға берсе, мына бір ғана шумақ жырының өзі неге тұрады?! Бұл өлеңі Найманның Балталы тармағынан шыққан атақты батыр, аға сұлтан Ерден Сандыбайұлына (1811-1862) арналыпты.
Ерден Сандыбайұлы аға сұлтан болып сайланып, ұланасыр той өтеді. Осы тойда жиырма бес ақын шағын мадақ жырын айтуға тиіс болады. Сол ақындардың жеңімпазы Орынбай Бертағыұлы болып, зор сый-сияпат алған екен.
Сонда ақтаңгер ақын Ерденге былай депті:
Сұрасаң арғы
атаңыз Сандыбайды,
Сіздерге бақыт берген
бір Құдайды.
Құдайдан бұдан артық
не сұрайсың –
Қолменен ұстамадым
демесең, Күн мен Айды!
Міне, дала дүлдүлінің, ұлы Мағжан “Бір сөзі мың ділдалық!” деп дәріптеген Орынбайдың айтыскерлік өнерінің бір айғағы осындай.