Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Самат Ескендіров Жолдау талаптарынан туындайтын іргелі міндеттер, Елбасы тапсырмаларының орындалуы, өңірді дамытудың кезек күтпес мәселелері мен алдағы жұмыс жоспарлары жайлы ой бөліседі.
– Самат Сапарбекұлы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалғаныңызға 100 күн өте шығыпты. Қызылжар өңірінде аудан әкімі, облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметтерін абыроймен атқарып, Парламент Сенатына депутат болып сайланған едіңіз. Енді, міне, ұлы Мағжан еліне қайта оралып, облыстың басшылық тізгінін өз қолыңызға алдыңыз. Ел Президенті сеніп тапсырған аса жауапты іске кіріскенде бірінші кезекте қандай мәселелерге назар аудардыңыз?
– Иә, мен киелі Қызылжар топырағында бірнеше жыл қызмет атқарып, кейін осы өңірден Сенат депутаттығына сайланып, заң шығарушылық қызметпен айналысып жүрген кезімде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімімен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі жоғары лауазымына ұсынылып, аса жауапты қызметке тағайындалғаныма үш айдан асты. Бұл кезеңде мен облысты бір адамдай білетіндіктен, жергілікті жағдаймен танысуға көп уақыт кетірмей, бірден іске кірістім деуіме болады.
Өйткені, алғаш рет ел Президентінің қабылдауында болғанымда Нұрсұлтан Әбішұлы қазіргі уақыт ырғалып-жырғалуды көтермейтінін, ал Солтүстік Қазақстан облысында ел тәуелсіздігі жылдарында қол жеткен жетістіктермен қатар шешімін күткен көкейкесті мәселелер де бар екендігін қадай айтып, маған бірқатар міндеттер жүктеген болатын. Атап айтқанда, Елбасымыз осыған дейін қалаларды көркейтуде қыруар істер тындырылғандығын ескеріп, енді ауылдарға баса көңіл бөлуді, облыс тұрғындарының саны соңғы жылдары күрт кеміп кеткендіктен, демографиялық жағдайды тұрақтандыруға айрықша назар аударуды, елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз етуде орын алған олқылықтарды жоюды бірінші кезекте қолға алуды тапсырған болатын. Өңірдің басшылық тізгінін қолыма алысымен Елбасы тапсырмаларын өз қызметімдегі ең басты міндеттерім ретінде бұлжытпай орындауға ұмтылу үстіндемін.
– Расында да, “Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар” демекші, облыс халқы саны соңғы он жылда 120 мың адамға кеміп кеткен. Петропавл қаласы тұрғындарының саны көбейгенімен, ауылдардан басқа жаққа көшіп кетушілер легі үзілмей тұр. Осы теріс үрдісті тоқтату мақсатында қандай нақты шаралар белгіленді?
– Облыс орталығы тұрғындарының саны көбейгендігі, Елбасымыздың атап көрсеткеніндей, кейінгі жылдары қаланы көркейтуге көбірек көңіл бөлінгендігінің нәтижесі екені анық. Ал ауылдықтардың көші-қонын азайту үшін ең бастысы, елді мекендерді көтеру керектігі сөзсіз. Мемлекет басшысының осы жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында біз ауылдың ең маңызды мәселелеріне ерекше көңіл бөлу қажет деп ұйғардық.
Естеріңізде болар, былтырғы жылдың тамыз айында Президент Бурабайда солтүстік облыстардың әкімдерін қабылдап, кеңес өткізгенде “Солтүстік облыстарда ірі астық компанияларымен жұмысты жолға қою керек, өйткені, оларда жұмыскерлер жылдың тек 5-6 айында ғана еңбек етеді. Нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысында орташа еңбекақы өңірлердегі ең төменгі деңгейде – 56 мың теңге. Бұл мәселе жан-жақты талдау жасауды және шара қабылдауды қажет етеді. Облыста ауыл шаруашылығы өнімдеріне еңбекақы төлеу үлесі 2011 жылы 30 пайыз, рентабельділіктің бар болғаны 5 пайызын құрады. “Жұмыспен қамту – 2020”, “Дипломмен – ауылға!” бағдарламалары бойынша ауылға мамандар тарту үшін елеулі қаражат бөлінуде. Жекеменшік компаниялар ауылға мамандар жетіспейтіні туралы айтады, ал өздері тиісті еңбекақы төлемейді. Бұл мәселемен тек мемлекет айналысуда. Оған бизнестің де араласуы қажет, – деп атап көрсеткен болатын. Соған орай біз қазір облыс еңбеккерлерінің еңбекақысын арттыру мәселесін күн тәртібінен түсірмей, өз тарапымыздан қолымыздан келетін барлық шараларды қолдануға күш салып отырмыз. Биылғы жылы алдымызға өңірдегі орташа еңбекақы мөлшерін кемінде 80 мың теңгеге жеткізу жөнінде айқын міндет қойдық. Ірі астық компанияларының, кәсіпорындардың, ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен, барша жұмыс берушілермен осы тақырыпта түсінік жұмыстарын жүргізіп, оларды өз қарамағындағы еңбеккерлерге лайықты еңбекақы төлеуге шақырып, кей кәсіпкерлер тарапынан жол берілетін еңбекақы көлемін әдейі кемітіп көрсету, “екінші айлықты конвертпен беру” сияқты келеңсіздіктерді де болдырмау жолдарын қарастырудамыз.
Қызылжар өңіріндегі автокөлік жолдарының жағдайы да мәз емес. Барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындармен жыл сайынғы есепті кездесулерінде осы жөнінде айтылатын шағымдар мен өтініштер өте көп. Сондықтан да үстіміздегі жылы біз облыстық және аудандық маңыздағы жолдарды жөндеуге басымдық берген жөн деп шештік. Бұл бастамамызды депутаттар да қолдап, жуырда облыстық мәслихаттың сессиясында жолдарды жөндеуге облыстық бюджеттен қосымша 1,6 миллиард теңге бөлу жөнінде шешім қабылданды.
Елбасы тарапынан өткен жылдың соңында біздің облыстағы елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз етуде жол берілген кемшіліктер жөнінде айтылған өткір сыннан да тиісті қорытынды шығарылып, бұл саладағы іс жағдайы да жедел түзетілді. Үстіміздегі жылы “Ақ бұлақ” мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірімізге 12,1 миллиард теңге бөлініп отыр. Бұл қаржыға 631 шақырым су құбырларын салу және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болады.
Түйіндей айтқанда, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің еңбекақысын көтерсек, олардың қосалқы шаруашылықтарындағы мал басын көбейтулеріне, шағын бизнеспен айналысуларына мүмкіндік туғызсақ, елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету ісін тиянақты жалғастырсақ, жолдарды жөндесек, ауылдықтардың тұрмысы да түзеліп, көші-қон жағдайы да тұрақтанады деген сенімдеміз.
– Көші-қон демекші, облыстағы демографиялық жағдайды жақсарту мақсатында осыдан бірнеше жыл бұрын облыстық бюджет есебінен “Ұрпақ қоры” құрылып, төртінші және одан да көп сәбилі болған отбасыларды материалдық тұрғыдан ынталандыру қолға алынған еді. Өкінішке қарай, қаржы жетіспегендіктен бұл өңірлік бағдарлама тоқтап қалды. Алдағы уақытта оны қайта жалғастыруға мүмкіндік бар ма?
– “Ұрпақ қоры” өңірлік бағдарламасы өзінің алғашқы оң нәтижесін бере бастағанымен, ол жылдан-жылға көбірек қаржы бөлуді тілейтіндіктен, амалсыздықтан тоқтатуға тура келген екен. Біздің өңір сияқты республикалық бюджеттен қыруар субвенция алатын облыс үшін мұндай бағдарламаны жүзеге асыру оңай еместігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Әрине, демографиялық жағдайы күрделі біздің облыс сияқты өңірлерге осындай бағдарламаны іске асыру мақсатында республикалық бюджеттен демеуқаржы қарастырылса, артық болмас еді. Бірақ, бұл орайда ең бастысы, облыс тұрғындарының әл-ауқатын арттыру екендігі даусыз. Кімнің болсын әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі жоғары, еңбегіне сай табыс табуға болатын өңірде өмір сүргісі келетіні анық қой.
– Кейбір облыстардың жаңа әкімдері “бәрін кадрлар шешеді” деген қағидаға сүйеніп, бірден қол астындағы басшы кадрларды жаппай ауыстыруға кіріскенін байқап отырмыз. Ал біздің облыста әзірге ондай көп ауыс-түйіс бола қойған жоқ. Осы мәселе жөніндегі көзқарасыңыз қандай?
– Мен облысымыздың басшы азаматтарының көпшілігін бұрыннан жақсы білемін. Және өз басым қай мәселеде болсын сабақтастық қағидатын сақтау қажет деп ойлаймын. Оның үстіне, қазір мемлекеттік қызметте маңызды реформа жүргізіліп, мемлекеттік қызметшілердің “А” корпусын жасақтау ісі қолға алынып жатқандықтан, бұл ретте асығыстық жасаудың қисыны да шамалы. “А” корпусына кіретін басшы кадрлар құрамы Ұлттық комиссия арқылы іріктелетіндіктен, жергілікті атқарушы билік органдарының басшылығына да білімді де білікті, жаңаша ойлап, нәтижелі іс-қимыл жасауға қабілетті кадрларды тағайындау мүмкіндігі арта түседі деп сенемін. Ал облыстағы ішінара кадрлық өзгерістер жайлы айтсам, жаңадан тағайындалған басшылардың бәрі де осыған дейін Қызылжар өңірінде қызмет істеп, көпшілікке танылған азаматтар.
Бұрын саяси мемлекеттік қызметші ретінде жоғарыдан тағайындалып келген ауылдық округтер әкімдері алдағы уақытта бұл қызметке сайлау жолымен келетіндігі де ел өміріндегі елеулі өзгеріс болғалы тұр. Елбасымыздың тапсырмасымен жасалып жатқан қоғамымызды одан әрі демократияландырудың осындай қадамдары оң нәтижелер беретініне сенімім зор.
– Мемлекет басшысы “Қазақстан – 2050” Стратегиясында әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылу міндетін белгілегенде алдымен индустриялық-инновациялық дамуға арқа сүйеу қажеттігін қадап айтқаны белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, Солтүстік Қазақстан облысында алдағы уақытта қандай жобалар жүзеге асырылатын болады?
– Бұл орайда өткен жылы қабылданған индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы заңнамаға сәйкес біздің облыс кәсіпорындары Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттіктің инновацияларды қолдауға арналған 9 грантына ие болғандығын айта кеткен жөн. Қазір Петропавл қаласында инновациялық өндірісті ұйымдастыруға және инвестиция тартуға арналған индустриялық аймақ құру жұмысы жүргізіліп жатыр. Үстіміздегі жылы Индустрияландыру картасы аясында 11,5 миллиард теңгенің 1 сүт өңдеу зауыты, 1 тау-кен байыту кешені іске қосылып, 1 жылы-жай жаңғыртылмақшы. Әлбетте, бұл бағытта облысымыздың Ресей Федерациясының үш облысымен шекаралас екендігін жете ескеріп, Кеден одағы беріп отырған мол мүмкіндікті барынша пайдалануымыз, бірлескен кәсіпорындар құру арқылы жаңа инвестициялар тартуымыз қажет.
– Шағын және орта бизнесті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, жұмыссыздықты азайту жайлы не айтасыз?
– Елбасы тәуелсіздік жылдарында еліміздегі шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша көңіл бөліп келе жатқаны мәлім. Мемлекет басшысының осы салаға жасаған зор қамқорлығын мен де бұрынғы кәсіпкер ретінде анық сезініп, өз ісімді біршама табысты жүргіздім деп айта аламын. Кәсіпкерлердің жағдайын бір адамдай білемін. Сондықтан да Қызылжар өңірінде шағын және орта кәсіпкерлікті одан әрі өркендету үшін қолымнан келгеннің бәрін істеуге тырысамын. Бұл бағытта мемлекет тарапынан жасалып отырған мүмкіндік жеткілікті, тек соны ұтымды пайдалана білуіміз керек. Айталық, “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша биыл біздің облыста шағын және орта бизнесті қолдауға 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Жұмыссыздықты азайту жайына келсек, “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы бойынша үстіміздегі жылы 340 адам кәсіптік білім алып, 1300 кісі жұмыспен қамтылмақшы.
Осы орайда Елбасының Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру жөніндегі бастамасын солтүстікқазақстандықтар жалпыұлттық идея ретінде қабылдап, ортақ мақсат жолында аянбай еңбек ету үстінде. Алғашқы тоқсан қорытындысы да соны айғақтайтындай: өткен үш айда облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 33 миллиард теңгеге жуық сомада өнімдер шығарды, бұл былтырғы сәйкес кезеңдегі деңгейден 3 пайыз жоғары. Машина жасау саласындағы өсім 24 пайызды құрады. Шағын және орта бизнес саласындағы белсенді кәсіпкерлер саны 17 пайызға артты. Жұмыссыздар қатары өткен жылғымен салыстырғанда 14 пайызға кеміді. Жаңадан 2540 тұрақты жұмыс орны ашылып, жалпы алғанда 5921 адам жұмысқа орналастырылды.
– Облыста жаңа нысандар, тұрғын үйлер салу, ТКШ-ны жаңғырту, энергия үнемдеу мәселелері қалай шешілуде?
– Биылғы бірінші тоқсанда өңірдегі құрылыс жұмыстарының көлемі өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 70 пайызға өсіп, 1,2 миллиард теңгені құрады. “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында 6 мың шаршы метрге жуық баспана салынды, бұл былтырғы үш айдағыдан 150 пайызға көп.
Қазір Петропавл қаласында “Береке” атты жаңа шағынаудан бой көтеріп келеді. Онда 421 пәтерлі 10 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы қызу қарқын алды. Жыл соңына дейін салынып бітіп, пайдалануға берілетін, 720 оқушыға арналған Назарбаев Зияткерлік мектебі де осында бой көтеруде.
Сондай-ақ биыл үш аудан орталығында әрқайсысы күніне 250 науқасты қабылдай алатын аудандық емханалар іске қосылады. Халықтың әлеуметтік жағынан қорғалатын топтары мен жас отбасылар үшін де жаңа үйлер салынуда. Осындай жаңа құрылыстарға мемлекет қазынасынан 4 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында биылға дейін жалпы сомасы 1,2 миллиард теңгеге 106 тұрғын үй жөндеуден өткізілді. Олардың дені – Петропавл қаласындағы ондаған жылдар бойы жөндеу көрмей, әбден тозығы жеткен тұрғын үйлер. Тұрғындар осындай зор қамқорлығы үшін Елбасына шынайы алғыстарын білдіруде.
Бұларға қоса, Мемлекет басшысы ұсынған “Балапан” бағдарламасы аясында мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндер үшін қосымша 1000 сәбиге арналған балабақшалар мен шағын орталықтар ашылмақшы. Осы игі мақсатпен облыс орталығындағы бүгінде әртүрлі мемлекеттік мекемелер орналасқан бұрынғы 10 балабақшаны бүлдіршіндерімізге қайтару ісін де қолға алдық.
– Сіздің “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалының төрағасы болып сайланғаныңызды білеміз. Билік партиясының өңірдегі беделі мен ықпалын арттыру жөнінде қандай істерді қолға алдыңыз?
– Тұңғыш Президентіміз, Елбасымыз көшбасшысы болып табылатын “Нұр Отан” партиясының өңірдегі беделі зор. Оған соңғы өткен Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауының нәтижелері айғақ. Солтүстікқазақстандықтар “Нұр Отанға” үлкен сенім артады. Оны партиямыздың өңірдегі қоғамдық қабылдау қосындарына келушілер легі толастамайтындығынан да аңғаруға болады. Облыстық филиал төрағасы ретінде мен де азаматтарды ай сайын қабылдап, олардың мұқтаждықтарын шешуге мүмкіндігімше жәрдем беруге тырысамын.
– Қызылжар өңірінің мәдени-рухани өмірінде биыл қандай өзгеріс, жаңалықтар болмақшы?
– “Ұлылар мекені” атанған өңіріміздің осыған дейін қалыптасқан мәдени-рухани құндылықтары мен игі дәстүрлерін сақтап қана қоймай, одан әрі дамытуға халқадерімізше күш сала бермекпіз. Бұл бағытта атқарылып жатқан және алдағы уақытқа белгіленген шаралардың бәрі де жүзден астам ұлт пен ұлыстар өкілдері ғасырлар бойы ынтымақтаса өмір сүріп жатқан облысымыздағы қоғамдық бірлікті одан әрі нығайта түсуге бағытталған.
Солардың кейбіреулеріне тоқталсам, биыл барша түрік әлемін бірлікке шақырған аса көрнекті ақын Мағжан Жұмабаевтың 120 жылдық мерейтойын облыстық деңгейде атап өтетін болсақ та, “Мағжан көктемі” республикалық өнер фестивалін екінші мәрте ұйымдастырып, жыр пайғамбары атанған ұлы жерлесіміздің бай мұрасын кеңінен насихаттау ісін жүйелі түрде жалғастырмақшымыз. Кезінде Мағжан шығармашылығын насихаттаған және өңіріміздің бүгінгі ақын-жазушыларының туындылары жарияланған “Мағжан” әдеби журналын қайтадан шығаруға да қажетті қаржы бөлінді. Сондай-ақ Үкімет қаулысымен республикалық деңгейде атап өту белгіленген атақты Қожаберген жыраудың 350 жылдығы даңқты бабамыздың туған жерінде де лайықты тойланатын болады. Қызылжардағы “Ақ үйі” солтүстікқазақстандықтардың мақтанышына айналған ұлы Абылай ханның 300 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар да қолға алынуда.
Сөз соңында айтарым, “Қазақстан – 2050” Стратегиясында белгіленген басымдықтарды жүзеге асыру солтүстікқазақстандықтардың басты парызы саналады. Қазақстанды жаңғырту жолындағы айқын бағдар, ұлы мұрат ешқашан адастырмайды.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбатты жүргізген
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Егемен Қазақстан”.
(“Егемен Қазақстан”,
2013 жылғы 24 мамыр).