«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“БІЛІМ ИЕЛЕРІНЕН СҰРАҢДАР”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 

Болат ҚОЖАХМЕТОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.

Қасиетті Құранның алғашқы аяты “Оқы!” деп түскенін білеміз. Бұл Құранды жатқа оқуға емес, жалпы ғаламның қыры мен сырын зерделеп оқуға берілген бұйрық екені де есімізде бар. Әрдайым білімге, ғылымға үндеген Құранның аяттары мен Мұхаммед пайғамбардың хадистері де баршылық.
“Қызылжар” орталық мешітінде аудандардың имамдары мен ауылдардың молдаларын төрт күннен бері тоғыстырған біліктілікті арттыру курсын өз көзімізбен көргенімізде ойымызға келгені осы еді. Тіпті, “Білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар” (“Нахл” сүресі) деген аят бар екенін де мысалға келтіруге болады. Өңіріміздегі мешіттерге мамандар жетіспейтіндігін, ал қазір кейбір молдалардың Құранды қирағаттай алатындай деңгейде емес екендігін айтып, мұндай курстың қажеттілігіне қатысты дәлелдерімізді тізе бермей-ақ қояйын.
Мынадай бір-ақ мысал келтірейін: Ресей мұсылмандарының бас мүфтиінің саясатқа да жүйрік екенін тыңдағаным бар. Бұл курста осы жағына баса назар аударылғаны жөн-ақ. Еліміздің саяси жүйесі, сондай-ақ саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени реформалар әңгіме арқауына айналды. Мемлекеттік-дінаралық қатынастарды реттеу саласындағы заңнама егжей-тегжейлі түсіндірілді. Әрине, экстремизм мен терроризм мәселелері де айтылмай қалмады.
Курстың оқытушылары – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі ретінде келген Павлодар облыстық “Ақ мешіт” мешітінің бас имамы Жолдас Бердімұратов, облыстық Ішкі саясат басқармасының, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің, прокуратураның, Ішкі істер және Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттерінің өкілдері.
Ал бүгін тек қана “Қызылжар” мешітінің бас имамы мен наиб имамдары “Ислам – бейбіт дін” деген тақырыпта өткізілетін бес сабақтың оқытушыларына айналады.
Курс тыңдаушыларына сертификаттар тапсырылады.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp