Солтүстікқазақстандық тәртіп сақшылары “Допинг” жедел-алдын алу шарасы бойынша жұмыс істеуде. Басты мақсат психотропты, есірткі заттарын және прекурсорларды заңсыз сақтау, сату, сатып алу және қолданудың алдын алу, жою болып отыр. Шараның төрт күні ішінде 5 қылмыстық факті мен 4 заң бұзушылық анықталды.
Уәлиханов ауданының Бидайық ауылындағы шекара бақылау бекетінде “Фольксваген-Транспортер” маркалы көлікті тексеру барысында одан скотчпен оралған қап тәркіленді. Одан марихуана табылды. Степногорск – Омбы бағытында жол жүріп келе жатқан 40 жастағы такси жүргізушісі, Ресей елінің азаматы қамауға алынды.
Психотропты, есірткі және прекурсорларды заңсыз сақтау, сату, сатып алу және оларды қолданудың алдын алу мақсатында облыс аумағында орналасқан 17 дәріхана, 8 емдеу орны, 3 қойма мен 2 өндіріс мекемесі де тексерілді. Нәтижесінде аталмыш заттарды сақтауда жасалған қателіктердің үш фактісі тіркелді. Әкімшілік сот шешімі бойынша кінәлі тұлғаларға айыппұл салынатын болады.