«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕКАҚЫ БЕРЕШЕГІН ЖОЮ ТАЛАП ЕТІЛДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Облыстық әкімдікте облыс әкімі Самат Ескендіровтің төрағалығымен өңірдегі дағдарысқа қарсы штабтың еңбекақы бойынша берешекті жоюға бағытталған шаралар қолдану жөніндегі алғашқы мәжілісі өтті.  

Күн тәртібіне қойылған мәселе бойынша Бақылау және әлеуметтік қорғау жөніндегі департамент директоры Жанахмет Тасшығұлов хабарлама жасады. Ол апта сайынғы мониторингке қойылған 10 кәсіпорынның ішінде Петропавл қаласындағы 2,1 миллион теңге берешегі бар “Фабрика Одежда” және жұмысшыларына 9,2 миллион теңге қарыздар “Фирма “Строитель” ЖШС-лерінің жұмыс істемейтінін, 3,7 миллион берешегі бар “Новороссийское АТП-С” ЖШС-ін еріксіз банкроттыққа жіберу мәселесі қойылғанын, жалақы қарызы 19,2 миллион теңге құрайтын “Компания BIOHIM” АҚ-ның консервацияда тұрғанын, қарызы 5,1 миллион теңге “Севимсталькон” ЖШС-нің қызметі тоқтатылғанын және 2,5 миллион теңге берешегі бар “Краснокиевка” ЖШС-не қозғалған қылмыстық іс тоқтатылып, оның мүліктеріне бағалау жүргізіліп жатқанын жеткізді. Бұлардың барлығының берешегі 41,8 миллион теңгені құрайды.

 

Ал жұмыс істеп тұрғандарының ішінде “БСС” ЖШС-нің жалақы қарызы – 4,4 миллион теңге, оған қатысты қылмыстық іс қозғалған, “Петропавл қаласының халықаралық әуежайы” АҚ-ның берешегі – 9,5 миллион теңге, “Виктория – 2003” ЖШС-і өз еңбеккерлеріне 12,2 миллион теңге берешек, онда қайыра бақылау тексерісі тағайындалды.

Жыл басынан бері уақтылы еңбекақы төлемін жасамағаны үшін 67 заңды тұлға жалпы сомасы 9,0 миллион теңге әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қайыра бақылау тексерістерінен кейін 9 кәсіпорын бойынша мемлекеттік еңбек инспекторының ескертпелерін орындамағаны үшін іс материалдары әкімшілік сотқа жіберілді.
Штаб отырысында кәсіпорындар басшылары еңбекақы берешектері бойынша есеп берді. “Баско” ЖШС-нің Ауыл шаруашылығы департаментінің басшысы Юрий Красноголовыйдың айтуынша, олардағы 12 ауыл шаруашылығы құрылымы ішінде абыройларын түсіріп отырғаны – “Виктория” ЖШС-і, онда жалақы қарызы басында 108 миллион теңгеге дейін жеткен, қазір 12 миллион теңгесі қалды. Жалпы компания бойынша берешек 26 миллион теңгені құраған болса, бүгінгі таңда өтелмеген 6 миллион теңгенің берешегі бар, оны кәсіпорын басшысы 1 маусымға дейін өтейтіндеріне сендірді.
Еңбекақы берешегінен үш ауданға бірдей кесірін тигізіп отырған “ӨО Трансавто” ЖШС-нің ең алдымен оның құрамындағы “Донецкое” ЖШС-іне жетекшілік ететін Виктор Нашильевскийдің уәжі тыңдалды. Оның мәлімдеуінше, серіктестік бастапқы 21,7 миллион теңге берешектің 14,7 миллион теңгесін жапқан. Алайда, шаруашылық басшысының еңбекақыны бұзаумен беріп отырғаны төбеден жай түсіргендей болды. Облыс әкімі өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы мұндай төлем түрінің келмеске кеткенін айтып, ондайға жол берілмейтінін қатаң ескертті.
Одан кейін алқа мүшелерінің алдына шақырылған “ӨО Трансавто” ЖШС-нің басқарушы директоры Леонид Кибалюк қаралған мәселе бойынша жарытымды ештеңе айта алмады. Облыс әкімі оған компанияның өңірде еңбекақы берешегінің өте көп екенін қадай айтып, бұдан әрі мұндай келеңсіздікке жол берілмейтінін ескертті.
Содан кейін штаб мүшелері “Победа – Тайынша” ЖШС-нің директоры Есімбек Құдабаевты тыңдады. Ондағы еңбекақы берешегі, негізінен, “Краснокиевка” және “Новороссийский” ЖШС-леріне тиесілі. Компанияның “Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” алдында да мерзімі өткен 25 миллион теңге қарызы бар. Өңір басшысы шаруашылық жағдайы қаншалықты ауыр болғанымен де, еңбеккерлердің ақысын уақтылы өтеу бірінші кезекте тұратынын ескертті.
Жиынды қорытқан Самат Ескендіров мемлекеттік органдар мен кәсіпорындар басшыларына аталған мәселенің оң шешілуін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp